Петропавлда көше жолдарын жөндеу бойынша былтыр қолға алынған ауқымды жұмыс биыл жалғасын таппақ. Жоспар бойынша 53 көшенің 45 шақырымы жөнге келтіріледі.
Петропавл қаласы бойынша партиялық сайлауалды бағдарламаның іске асырылуы, алдағы жылыту маусымына даярлық, облыс орталығын сумен, газбен және электрмен қамтамасыз ету. Осы және өзге де мәселелер қалалық мәслихаттағы “AMANAT” депутаттық фракциясының отырысында қаралды. Жол сапасы – өзекті мәселелердің бірі. Кеңесте қала әкімі Серік Мұхамедиев былтыр ұзындығы 58 шақырым болатын 47 көшеде жол төсемі жаңартылғанын айтты. Биыл облыс орталығының 53 көшесінде жолдарға орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Оның 39-ында ешқашан асфальт болмаған. Жиын барысында Петропавл басшысы тұрғын үй құрылысының қарқыны туралы да айтты.
“Өткен жылы 191 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта 26 құрылыс алаңында жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Оның 11-і – бюджеттік болса, қалғаны – коммерциялық үй. Халық санының өсуімен тұрғын үйге деген сұраныс артқан. 2024 жылдың соңына дейін 207,1 мың шаршы метр баспананы қолданысқа беру міндеті тұр. Бүгінгі күні 21,4 мың шаршы метрі салынды”, – деп атап өтті Серік Мұхамедиев.
Петропавлда жылу желілерінің 7,5 шақырымы ауыстырылмақ. Сонымен қатар осы жылы жергілікті билік өкілдері сорғы жабдықтарын жөндеуді, бекіту арматураларын ауыстыруды және жылу оқшаулағышты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
“Промышленная – Жуков көшесіндегі жылу магистралі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл қаланың солтүстік бөлігі мен өнеркәсіптік аймақтың қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ №5 жылу магистралінің құрылысы жалғасады. Нәтижесінде Орман, Борки шағынаудандары, жаңадан салынып жатқан әскери академия ғимараты мен жаңа кәсіпкерлік нысандары орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады”, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айдын Мәкенов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.