Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен “Үздік орта білім беру ұйымы” байқауы өтті. Жылда дәстүрлі түрде өткізілетін іс-шараға биыл өңірден 11 білім беру ұйымы қатысты.
Байқаудың аудандық кезеңіне 50-ге жуық мектеп қатысса, сараланып шыққан үздіктер облыстық кезеңде бақ сынады. Он жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан байқаудың мақсаты – педагогтар мен білім беру ұйымдары басшыларының кәсіби дағдысын дамыту. Есіл ауданындағы Аяған Шәжімбаев атындағы №3 орта мектептің директоры Айдар Сұрағанов аталмыш байқауға алғаш рет қатысып отыр. Оның айтуынша, осындай сынақтар тәжірибе жинақтау үшін аса қажет. Тартысқа толы сайыстың басты жүлдесі – 70 миллион теңгенің сертификаты. Бұл сертификат білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады.
– Байқау барысында ұстаздарымыз бен білім беру ұйымдары басшыларының арасында тиімді педагогикалық және басқарушылық тәжірибесі, орта білім беру жүйесінің даму көрсеткіштері анықталады, олардың кәсіби деңгейін өсіруге мүмкіндік туады, – дейді әдістемелік орталықтың директоры Роза Сәркен.
Жоғарғы деңгейде өткен байқау жеңімпазы мұғалімдер күнінде жарияланбақ.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.