«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұмытылмас қасірет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда саяси қуғын-сүргін және ашаршы­лық құрбандарына арналған мемориалдың ашылға­нына биыл 20 жыл толып отыр. Жазықсыз жапа шеккен 8 мыңға жуық адамның есімі жазылған ес­керт­кіш кешені кезінде “халық жауы” атанған Мағаз Сағындықовтың ұлы – өңірдің құрметті азаматы, бүгінде жасы 90-ға жақындаған Болат Мағаз­ұлының қажырлы еңбегінің арқасында бой көтерді.

Болат Сағындықов әкесі Ма­ғаз­дан бір жасында айырылған. Колхозды басқарған азаматқа біреудің көрсетуімен жала жа­былып, “халық жауы” атанып, оны бір күнде ұстап әкеткен екен. Әйелі Кәмәш Бәймішқызы шиет­тей жеті баламен қалады. “Халық жауының” әйелі ретінде оның көр­меген қорлығы жоқ, қысы-жазы ауыр жұмысқа жегіледі. Бала­лары да аштықтан бөлек түртпектеуге ұшырап, қиын­дық көріп ержетеді.

Болат Мағазұлы әкесінің нақ­ты қайда жерленгенінен әлі күнге бейхабар. 1958 жылы Омбы ауыл шаруашылығы институтында оқып жүріп, КСРО Жоғарғы Ке­ңесіне Климент Ворошиловқа хат жазады. Кейін әкесі Мағаздың 10 жылға сотталып, 1943 жылдың 10 қыркүйегінде Қарағанды лаге­рінде туберкулезден қайтыс бол­ғандығы туралы жауап алған.

“Петропавлдағы Н.Погодин атындағы облыстық орыс-драма театрының жанында алаң болды, ол жерде кезінде НКВД-ның ғима­раты тұрған. Сол жерде ұсталған­дардың тағдыры шешілді, бірін тергеп, бірін қамап, енді бірін ату жазасына кесті. Бірде драма театрдың алдында тұр едім, бульдозер НКВД-ның осы ескі ғимаратын бұзып жатыр екен. Осы жерге бір ескерткіш бой көтерсе деген ой келді”, – дейді Болат Сағындықов.

Көп кешікпей халқымыздың ұмытылмас қасіретіне арналған монумент бой көтерді. Болат Са­ғындықовтың бастамасымен қол­ға алынған жобаны сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хасен Абаев жүзеге асырды.

Кешендегі басты ескерткіш – монумент. Оның асты – тұтқын­дар отырған терезелері темірмен бекітілген камералар­ды білдіре­ді. Үш темір рельстің қара түстісі – ел басына төнген түнек, қызыл түстісі – халықтың аққан қаны, ал ақ түс – болашаққа деген үмітті ай­ғақтайтындай. Ортада орналас­қан пирамида пішіндес тас – атылған адам­дардың, ал жоғары жақтағы бір-біріне көл­денеңінен бекітілген темір – тұт­қындар қамалған темір тордың символы.

“Кейін құрбандардың есімін қосу үшін тақтаны ұзартуға тура келді. Нәтижесінде бір мемо­риалдың құрамында бес ес­керткіш пайда болды. Ол жер­де саяси қуғын-сүргін құрбанда­рынан бөлек, қуғынға ұшыраған байлардың, депортация мен аш­тық құрбандарының есімдері де көрсетілген. Мұндай мемо­риал басқа өңірлердің бірін­де жоқ. Бұл мемориалға есімдері кірмей қал­ған адамдар әлі де бар. Пре­зиденттің тапсырма­сымен құ­рылған комиссия қуғын-сүргін құр­бандарын ақтау бойын­ша жұмыс жүргізіп жатыр. Тағы 900 адам­ның аты-жөні архивте анықталып отыр. Ал қазіргі уа­қытта қабыр­ғада 7 600-дей адам­ның есімі жазылған”, – дейді Бо­лат Са­ғындықов.

Мемориал бүгінде республи­каның киелі орындар картасына енгізілген. Ал ақсақалдың музей ашу немесе облыстық музейде бір залды осы нәубет құрбанда­рына арнау туралы арманы та­лай жылдан бері орындалмай келеді.

“Маған ТМД елдерінен, Из­раильден, Украинадан теле­фонмен хабарласады. Аталары жайында мәлімет алғысы келеді. Іздегендер, сұрағандар сол му­зейден қажетті ақпаратты алар еді. Жергілікті билік бұл шаруа облыстық өлкетану музейінің 100 жылдығына орай атқарылатын жұмыстар тізіміне қосылады деп уәде беріп еді, өкінішке қарай, ұмыт қалды. Бұл киелі орын – саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендердің есім­дері мәңгілік сақталатын, ұрпақ­тары тағзым ететін ескерткіш. Жалпы мен 70 жыл еңбек еттім, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істедім, агроном, директор болдым, ауыр жұмыстар ат­қар­дым, бірақ соның ішіндегі соң­ғы 20 жыл мен үшін өте қымбат”, – дейді Болат Сағындықов.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp