Петропавлда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған мемориалдың ашылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Жазықсыз жапа шеккен 8 мыңға жуық адамның есімі жазылған ескерткіш кешені кезінде “халық жауы” атанған Мағаз Сағындықовтың ұлы – өңірдің құрметті азаматы, бүгінде жасы 90-ға жақындаған Болат Мағазұлының қажырлы еңбегінің арқасында бой көтерді.
Болат Сағындықов әкесі Мағаздан бір жасында айырылған. Колхозды басқарған азаматқа біреудің көрсетуімен жала жабылып, “халық жауы” атанып, оны бір күнде ұстап әкеткен екен. Әйелі Кәмәш Бәймішқызы шиеттей жеті баламен қалады. “Халық жауының” әйелі ретінде оның көрмеген қорлығы жоқ, қысы-жазы ауыр жұмысқа жегіледі. Балалары да аштықтан бөлек түртпектеуге ұшырап, қиындық көріп ержетеді.
Болат Мағазұлы әкесінің нақты қайда жерленгенінен әлі күнге бейхабар. 1958 жылы Омбы ауыл шаруашылығы институтында оқып жүріп, КСРО Жоғарғы Кеңесіне Климент Ворошиловқа хат жазады. Кейін әкесі Мағаздың 10 жылға сотталып, 1943 жылдың 10 қыркүйегінде Қарағанды лагерінде туберкулезден қайтыс болғандығы туралы жауап алған.
“Петропавлдағы Н.Погодин атындағы облыстық орыс-драма театрының жанында алаң болды, ол жерде кезінде НКВД-ның ғимараты тұрған. Сол жерде ұсталғандардың тағдыры шешілді, бірін тергеп, бірін қамап, енді бірін ату жазасына кесті. Бірде драма театрдың алдында тұр едім, бульдозер НКВД-ның осы ескі ғимаратын бұзып жатыр екен. Осы жерге бір ескерткіш бой көтерсе деген ой келді”, – дейді Болат Сағындықов.
Көп кешікпей халқымыздың ұмытылмас қасіретіне арналған монумент бой көтерді. Болат Сағындықовтың бастамасымен қолға алынған жобаны сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хасен Абаев жүзеге асырды.
Кешендегі басты ескерткіш – монумент. Оның асты – тұтқындар отырған терезелері темірмен бекітілген камераларды білдіреді. Үш темір рельстің қара түстісі – ел басына төнген түнек, қызыл түстісі – халықтың аққан қаны, ал ақ түс – болашаққа деген үмітті айғақтайтындай. Ортада орналасқан пирамида пішіндес тас – атылған адамдардың, ал жоғары жақтағы бір-біріне көлденеңінен бекітілген темір – тұтқындар қамалған темір тордың символы.
“Кейін құрбандардың есімін қосу үшін тақтаны ұзартуға тура келді. Нәтижесінде бір мемориалдың құрамында бес ескерткіш пайда болды. Ол жерде саяси қуғын-сүргін құрбандарынан бөлек, қуғынға ұшыраған байлардың, депортация мен аштық құрбандарының есімдері де көрсетілген. Мұндай мемориал басқа өңірлердің бірінде жоқ. Бұл мемориалға есімдері кірмей қалған адамдар әлі де бар. Президенттің тапсырмасымен құрылған комиссия қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Тағы 900 адамның аты-жөні архивте анықталып отыр. Ал қазіргі уақытта қабырғада 7 600-дей адамның есімі жазылған”, – дейді Болат Сағындықов.
Мемориал бүгінде республиканың киелі орындар картасына енгізілген. Ал ақсақалдың музей ашу немесе облыстық музейде бір залды осы нәубет құрбандарына арнау туралы арманы талай жылдан бері орындалмай келеді.
“Маған ТМД елдерінен, Израильден, Украинадан телефонмен хабарласады. Аталары жайында мәлімет алғысы келеді. Іздегендер, сұрағандар сол музейден қажетті ақпаратты алар еді. Жергілікті билік бұл шаруа облыстық өлкетану музейінің 100 жылдығына орай атқарылатын жұмыстар тізіміне қосылады деп уәде беріп еді, өкінішке қарай, ұмыт қалды. Бұл киелі орын – саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендердің есімдері мәңгілік сақталатын, ұрпақтары тағзым ететін ескерткіш. Жалпы мен 70 жыл еңбек еттім, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істедім, агроном, директор болдым, ауыр жұмыстар атқардым, бірақ соның ішіндегі соңғы 20 жыл мен үшін өте қымбат”, – дейді Болат Сағындықов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.