Бүгінгі таңда қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы түрлі құқық бұзушылықтарды болдырмау, алдын алу, қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе барша жұртшылықты толғандыратын көкейкесті проблема десе де болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында кәмелетке толмағандардың мүдделерін қорғау ерекше басымдыққа ие екенін атап көрсетіп, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған еді. Қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендетудегі жүйелі шаралар ішінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы тиімді қарсы құру маңызды рөл атқаратынына баса назар аударылды.
2023 жылғы “Wisevoter” есебінің деректеріне сүйенсек, Қазақстан балаларды қорғау бойынша 50-ші орынға тұрақтаған. Осы сала мамандарының пікірінше, кәмелетке толмағандарды жәбірлеудің физикалық, психологиялық және сексуалдық түрлері кеңінен таралған. Бұған арам пиғылды адамдар мен ата-аналардың үркітіп-қорқытуын, құрбыларының, сыныптастарының әлімжеттігін қоссақ, осылардың салдарынан бала денсаулығына айтарлықтай зиян келері, дамуы тежелері сөзсіз. Тіпті өз-өзіне қол жұмсап, суицидтік әрекеттерге дейін баруы мүмкін. Сондықтан жас ұрпақтың алаңсыз өсуін, жеке басының қауіпсіздігін қоғам болып қорғау, өмірлік қиын жағдайға душар бола қалса, көмек қолын созу – баршамыздың абзал борышымыз, азаматтық міндетіміз. Облыстық прокуратура кәмелетке толмағандар мен әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын отбасылардың құқықтарын қорғау бағытына әркез басымдық беріп, кешенді профилактикалық шараларды үйлестіріп келеді. Оның ішінде құқық бұзушылықтың алдын алуда құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы зор. Түркістан қаласында “Әділетті Қазақстан – Адал азамат” атты тақырыппен өткен екінші құрылтайда ел болашағының негізі қаланатын отбасында заңсыз әрекет жасағандар міндетті түрде заң аясында тиісті жазасын алу керектігі айтылып, балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеу, оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, адал азамат болып шығу, отаншылдық және мемлекетшілдік қасиетті әр жеткіншектің бойына сіңіру, балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандыру талаптары қойылды. Отанға деген сүйіспеншілік бұл – үлкен жиындарда ұран тастау немесе тек ән шырқау емес, шынайы патриоттық сезім екені айрықша атап көрсетілді. Құқықтық жағынан сауатты жасөспірім ешқашан теріс әрекеттерге бармайды. Өйткені оның соңы небір өкініштерге ұрындыратынын жақсы біледі. Тәжірибе көрсеткендей, құқық тәртібін бұзуға бейім балалар көбіне жайсыз отбасылардан шығады. Заңды білмеу ешкімді жауапкершіліктен босатпайды. Жасөспірімдер жасалған қылмыстардың санатына және дәрежесіне қарай 14 және 16 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондықтан қылмыстың алдын алудың бірден-бір жолы пәрменді профилактикалық шаралар саналады. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар нәтижесіз емес. Биыл кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтардың 15,4 пайызға (13-тен 11-ге) төмендегені байқалады. Петропавл қаласында 53,8 пайызға (13-тен 6-ға) кеміген. Десек те, ата-аналар тарапынан ұл-қызының болашақ тағдырына немкетті қарау, өз бетінше қалдыру, тәлім-тәрбиесімен айналыспау, бұл міндетті мектеп пен ұстаздарға жүктей салу сияқты жайттар жиі кездеседі. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер 7 қылмыс (5-і – аса ауыр) жасады, олар пайдакүнемдік мақсатпен адам өлтірген, денсаулыққа айтарлықтай зиян келтірген, жыныстық сипаттағы әрекеттерге барған, кісі тонаумен айналысқан, алдын ала сөз байласа отырып, ірі көлемде психотроптық заттар сатқан. Арасында колледждер мен мектеп оқушыларының үлесі басым. Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда суицидтік әрекеттер тіркеліп, негізінен жайсыз отбасыларда тәрбиеленген балалар өз-өзіне қол салмақ болған. Негізгі себеп – ата-анамен арадағы түсініспеушілік пен дау-жанжал, құрдастарына деген реніш, жалғыздық, торығу сезімі. Басқа да жағымсыз әлеуметтік және отбасылық факторлар әсер еткен. Оған мысал ретінде оқу орындарындағы физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтарды келтіруге болады. Прокуратура заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіруші орган есебінде құқық бұзушылықтың кез келген түрін еңсеруге мүдделі. Ақпан айында өткен ведомствоаралық кеңесте құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланып, тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берілді, шешімдердің жедел де сапалы орындалуы бақылауға алынды. Білім беру ұйымдарында суицидтің және буллингтің алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 346 дәріс оқылды. Әкімдіктермен, ювеналды полиция қызметкерлерімен бірлесіп, мобильді топтар құрылды. Олар тұрмысы төмен, жаман қылықтарға үйір, істі болған мүшелері бар 2003 отбасыны аралап шығып, тұрмыс жағдайларымен, өмір сүру сапасымен танысты. Нәтижесінде балалардың мектепке бармау, оларды қорқытып ұстау, денсаулығына қауіп төндіретін фактілер анықталды. Ата-аналық міндеттеріне салғырт қарағаны үшін 107 заңды өкіл жауапкершілікке тартылды. Ата-ана құқықтарынан айыру және шектеу туралы сотқа 7 талап-арыз беріліп, қаралу үстінде. Балалары қандай да бір қиын өмірлік жағдайға душар болған 30 отбасы тіркелді. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 2010 жылдан бері пәтер кезегінде тұрған 43 жетім бала тізімнен еш негізсіз шығарылып, “Тұрғын үй қатынастары туралы” заң өрескел бұзылған. Ақжар ауданы мен Петропавл қаласында қорғаншылық және қамқоршылық органдары үш ай бойы 6 жетім баланы тұрғын үй кезегіне қою шараларын қолданбаған. Айыртау, Ақжар, Аққайың, Ғабит Мүсірепов атындағы, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Мамлют, Тайынша аудандары мен Петропавл қаласының қамқоршылары қамқорлығындағылардың тәлім-тәрбиесіне қатысты есепті жүйелі түрде бермей, “Неке (ерлізайыптылық) және отбасы туралы” кодекстің 126-шы бабын өрескел бұрмалаған. Қызылжар, Ғабит Мүсірепов атындағы, Тимирязев аудандарының тиісті ұйымдары кәмелетке толмағандардың пайдасына заңды өкілдерден алименттерді мәжбүрлі өндіріп алу шараларын қарастырмаған. Прокурорлық тексерулердің қорытындысы бойынша 5 ай ішінде 14546 кәмелетке толмаған баланың (оның ішінде 673 конституциялық) құқықтары қалпына келтіріліп, 146 адам тәртіптік, 198 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 14,5 млн. теңге айыппұл төленіп, 19,3 млн. теңге залал өндірілді. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияларда 41 отбасы талқыға түсіп, балаларды тәрбиелеу және оқыту міндеттемелерін орындамаған 132 өкіл тәртіпке шақырылды. Бұдан бөлек, құқық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында заңды өкілдердің назары қауіпсіз демалыс жағдайларын жасау қажеттілігіне аударылды. 9 отбасының материалдық жағдайын жақсарту бойынша нақты шаралар қабылданып, киім-кешекпен, азық-түлікпен, отынмен қамтамасыз етілді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және туындаған қауіп-қатерлерге уақытылы ден қою мақсатымен “SKO URPAK/ПОКОЛЕНИЕ” телеграм-боты барлық оқу орындарында жұмыс істейді. Ата-аналар үшін туындаған мәселелер туралы дереу хабарлауына, болмаса байланыс мәліметтерін қалдыруына болады.
Сөз соңында айтарымыз, жас ұрпақ мемлекетіміздің одан әрі дамуына, ел игілігіне шын ықыласпен, шынайылықпен қызмет етіп, өзіне жүктелген тарихи жауапкершілігін сезіне білсе, сенімнің ақталғаны. “Тәртіпке бас иген адам құл болмайды”, – деп халық батыры Бауыржан Момышұлы текке айтпаған. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселесі облыстық прокуратураның ерекше бақылауына алынып, басты міндет ретінде қала береді.
Әбу-Әли САТТАР,
облыс прокурорының біріншіорынбасары, аға әділет кеңесшісі.