Биыл облыс полицейлері есірткіге қатысты 104 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады.
Петропавл қаласы полиция басқармасының құрамындағы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Жангелді Әпеновтің айтуынша, тіркелген фактілердің 54-і– есірткіні сату, 4-уі – аса ірі көлемде сақтау деректері.
Заңсыз айналымнан 18 келіден астам есірткі тәркіленді, оның 4 келіден астамы – синтетикалық есірткі және 14 келісі – марихуана.
– Құқықтық сауаттылығы төмен және жеңіл жолмен табылған ақшаны олжа көретін жастардың есірткі таратуы ерекше алаңдатады. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімі мен аудандық бөліністер жас-өспірімдердің арасында алдын алу жұмыстарын белсенді жүргізеді, – дейді Жангелді Әпенов.
Полиция қызметкерлері түрлі конкурстар, челлендждер, спорттық іс-шаралар өткізіп тұрады, еріктілермен, оқушылармен және студенттермен бірлесіп әлеуметтік бейнероликтер түсіреді. Қаңтар айынан бастап өткізілген 337 іс-шараға 15 мыңнан астам оқушы қатысты. Бұдан бөлек, сақшылар интернет-кеңістікті де бақылауға алған. Мониторинг нәтижесінде бұғаттау үшін есірткі заттарының жарнамасы бар 88 сілтеме “Кибер-қадағалау” бағдарламасына енгізілді.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.