Облыс әкімі Ғәуез Нұрмұхамбетов мектеп пәндерінен республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездесті. Өңір басшысы Мағжан Жұмабаев атындағы ІТ мектеп-лицейінде болып, Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған “Көңілді старттар” спорттық іс-шарасы финалының жеңімпаздарын марапаттады.
Мектепте Мағжан оқуларына дайындалып жатқан әдеби үйірме мүшелерімен де жүздесті. Білімді жетілдіру, тұлғалық өсу және рухани даму үшін кітап оқудың маңыздылығын атап өтіп, жастарға сенім артып, оларды игі істер жасауға шабыт берген жерлесіміз, ұлы ақын Мағжан Жұмабаев өскелең ұрпаққа жол көрсетуші екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ Ғауез Нұрмұхамбетов жалпы білім пәндері бойынша республикалық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесіп, оларға дипломдар мен ақшалай сыйақылар табыс етті. Облыста қазір республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайысының 35 жеңімпазы мен жүлдегері бар. Мемлекет басшысы білім мен ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бұл – біздің еліміз үшін стратегиялық маңызды басымдық.
– Талантты, қабілетті жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау қажет. Білімді ұрпақ қана елді жаңа белестерге жеткізе алады. Оқушылардың еліміздің дамуы жолында өз мүмкіндіктерін толық жүзеге асыруына тілектеспін, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.