«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ ТЫНЫСЫ ТҰРМЫСЫНАН ТАНЫЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алдымызда экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұры­лымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту шараларын жүйелі түрде дамыта отырып, әділ де бәсекелі экономика жүйесін құру, әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелерді біртіндеп шешу міндеттері тұр. Президент өз сөзінде “Осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасады. Біз тиянақты және жоспарлы әрекет жасаймыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз. Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады”, – деп атап көрсетті.

“Жаңа Қазақстанның эконо­микалық бағдары” Жолдауында 2029 жылға қарай ұлттық эконо­мика көлемін екі есеге арттыру арқылы 450 млрд. долларға жет­кізу стратегиялық мақсаты қойыл­ды. Ол бүкіл экономикалық жүйені шұғыл түрде қайта қарап, өзгерту арқылы елімізді өркен­детуге, халықтың әл-ауқатын арт­тыруға бағытталған. Сарапшы­лардың пікіріне қарағанда жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім өсіп келеді. Бұған қатысты болжамды көрсеткіш 2023 жылы 13 мың долларға жуықтады. Оның жыл сайынғы өсімі 1,6 мың доллар болады деп бағалануда. 2028 жылға таман бұл көрсеткіш 30 пайыздан да көбірек артып, 16,8 мың долларды құрамақ. Қа­сым-Жомарт Кемелұлының “Мен үшін макроэкономикалық көрсет­кіштер соншалықты маңызды емес, азаматтардың тұрмыс са­пасының іс жүзінде жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ”, – деуі реформаның басты түйіні екені сөзсіз. Үкіметтің кеңейтіл­ген отырысында былтырғы әлеу­меттік-экономикалық даму қоры­тындысы шығарылды, алдағы ке­зеңнің амал-тәсілдері айқындалды. Яғни нақты меже бар. Еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайыз өседі, сондай-ақ макроэкономикалық көр­сеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да жақсарады де­ген сөз. Еліміздің алға қарай ілгері басуының жаңа парадиг­масы өндіріс саласындағы ең­бек, капитал, ресурстар, техно­логия сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға не­гіз­делген. Аудандық әкімдік Мем­лекет басшысы белгілеп берген қадамдарды жан-жақты, мұқият ойластырып, жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгерту, мәселелерді жедел шешумен қатар экономи­каның ұзақмерзімді дамуын қам­тамасыз ету жолдарын жүйелі түрде қарастырып келеді. Президент атап өткендей, бюджетті тиімді басқару және оның өлшем­де­рін неғұрлым дұрыс болжау басты талаптардың бірі болып та­былады. Кезең-кезеңмен жүргізі­летін фискалды орталықсыздан­дыру жұмысының нәтижесінде жергілікті бюджет кірісінің құрылы­мын­дағы республикалық қазына­дан бөлінетін трансферттің үлесі орта есептен 25 пайызға дейін тө­мендетіледі. Сонымен қатар аудан әкімдеріне жергілікті бюд­жетті басқару құқығы беріледі. Жер­гілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беруі де құптарлық. Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпін әкелмек. Бұдан былай са­лық жеңілдіктерін беру тәртібін реттеу экономикалық ынталан­дыру шараларының нысаналы тәсіліне айналдырылмақ. Был­тыр аудандық бюджетке салық­тар мен басқа да төлемдер бойынша 5545 млн. теңге мөлше­рінде қаржы түсіп, облыстық, аудандық және жергілікті жоспарлар артығымен орындалды. Биылғы төрт айдың ішінде об­лыстық қазынаға – 565 млн., ау­данға – 630 млн., жергілікті қа­зынаға 208 млн. теңге қаражат құйылды. Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік санатында 266 заңды тұлға, 415 шаруа және фермерлік қожалық, 1271 жеке кәсіпкер­лік жұмыс істейді. Олардың қол­дауымен 23 жоба пайдалануға беріліп, бюджет табысы қомақты­ла­на түсті. Мәселен, “Таткрафт-Фуд” ЖШС “Семейный” супер­маркетін ашып, 105 адам тұрақ­ты жұмыспен қамтылды. Жыл басынан бері 6 жоба іске қо­сылды. Осылайша бөлшек сауда айналымы 5879 млн. теңгеге жетті.

Маңызды міндеттің бірі – ин­вестиция тарту. Қомақты қаржы құйылса, экономиканың қарқыны үдей түсіп, жаңа мүмкіндіктер пай­да болады. Екінші жағынан бюд­жет кірісі толығады. Біз үшін ең бастысы тиімді жоспарлау мен қолдағы ресурстарды орынды пайдалану болмақ. Соңғы жыл­дары аймақтардың, оның ішінде жергілікті жердің бюджетке қа­тысты дербестігінің арта түскенін байқау қиын емес. Бір сөзбен айтқанда, өнімді жұмыс істеуге мүмкіндіктер жеткілікті. Тек қана жан-жақты ойластырылған іс-қимыл бағдарламасын тиімді жү­зеге асыруға ынта-жігер ғана ке­рек. Жолдауда ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай кө­бей­ту, бұл орайда аймаққа қар­жы тарту әкімдердің ең басты мін­детіне айналатыны айтылды. Со­нымен қатар экономиканы ке­шенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдаудың мәні айрықша. Бұл мемлекеттің экономикалық үдерістерге шама­дан тыс араласуынан біртіндеп бас тартуға мүмкіндік беретін өте маңызды реформа саналатыны даусыз. Өткен жылы 38028 млн. теңге инвестиция тартылып, құ­рылыс жұмыстары, тұрғын үйлерді іске қосу тапсырмалары талаптағыдай болды. Өндірістің да­муына серпін беретін жобалар шеңберінде агроөнеркәсіптік кешеннің шикізаттық бағытынан ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісіне көшуге айрықша назар аударылды. Нәтижесінде ауыл шаруа­шылығы өнімдері 106213 млн., өнеркәсіпте 38415 млн. тең­гені құрап, мал басы да, олардан алынатын өнім де молайды.

Жолдауда Үкіметке көлік-логистика жүйесінің әлеуетін артты­ру тапсырылды. Үш жыл ішінде еліміз бойынша оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жеткізілмек. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізілмек. Осы­лайша Қазақстанның Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлі арттырылып, көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналады. Жол салу және жөндеу жұмыстары да экономиканың өркендеуіне айтар­лықтай серпін береді. Мұндай шаралар кемінде 12 мың шақы­рым автокөлік жолын қамтиды. Соның нәтижесінде елді мекендерге көлікпен қатынау едәуір жеңілдеп, барыс-келіс жандана­ды. Мұның жергілікті автожолдарға да тікелей қатысы бар. Жалпы жол мәселесіне келгенде алдымызға тұрғындарға көрсеті­летін қызмет сапасын одан әрі жақсарту межесін қойып отыр­мыз. Бұл жөніндегі жоспарымыз ауқымды. Биыл аудандық маңызы бар жолдарды орташа жөн­деуге 813,6 млн. теңге қарасты­рылған. Олардың ішінде Шұқыркөл – Андреевка – Раисовка, Тах­таброд – Ковыльное – Соколо­горовка бағыттарындағы жолдар бар. Ал ауылішілік жолдарды қалпына келтіруге 923,6 млн. тең­ге бөлінген. Ауылдықтарды тол­ғандыратын проблеманың бірі – су тапшылығы екені белгілі. Президент “су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіре­се, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса ма­ңызды болып тұр”, – деген еді. Осы­ған орай ішкі су ресурстарын тиімді, шақтап пайдалану, су ша­руашылығын басқару жүйесіне түгелдей реформа жасау қадап айтылды. Мемлекет басшысы­ның 2025 жылға дейін ауыл хал­қын сапалы ауызсумен толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын белгіленген мерзімде орындап шығу күні алыс емес. Бұл мақсат үшін 270 млн. теңге мөл­шерінде қаражат жұмсалып, Новоишим елді мекеніндегі орта­лықтандырылған ауызсу жүйе­ле­рі жөнделеді. Шұқыркөл, Сал­қынкөл, Ломоносов, Шөптікөл, Андреев, Возвышен ауылдық ок­ругтеріне су тазалайтын кешенді блок-модульдар қойылады. Дружба, Тахтаброд, Бірлік, Не­жинка, Пески ауылдарындағы су жүйелерін жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттар рәсімделді.

Жолдауда әлеуметтік салаға басымдық беру, оның құрылымдары мен механизмдерін жетілдіру ерекше айтылды. Әлеуметтік көмектің тиімділігін арттырып, оның кімге және қалай берілетіні ой­ластырылған, көмекке мұқтаж адамдарға бірінші кезекте қолдау көрсетіледі. Былтыр тұрмысы тө­мен, аз қамтылған, көпбалалы 37 отбасыға, яғни 186 адамға 16717 мың теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі берілді. Биыл 658 адам, оның ішінде 198-і – жеке кә­сіпкерлік, 23-і – өнеркәсіп, 50-і басқа салаларға орналастырыл­ды. 122 жұмыссыз қоғамдық жұ­мыстарға жіберілді.

Сапалы білім алу – әрбір ба­ланың мызғымас құқығы. Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы қолжетімді болуы шарт. Аудандағы 46 мектеп ин­тернетпен, компьютерлік техни­калармен толық қамтылған, 38 білім ошағы кең жолақты жүйеге қосылған. 24 мектепте инклюзивті оқыту ұйымдасты­рылған, оларға 104 бала барады. “Өнер” мектебінде, психологиялық-педагогикалық коррекция кабине­тінде қосымша білім бері­леді. Тұрғындарға медициналық қыз­мет көрсетумен 44 денсаулық сақтау ұйымы айналысады. Күн­дізгі стационарда 120 науқасқа дейін ем-дом қабылдай алады.

Мемлекет басшысының Жолдауы мен өзге де бастама­ларын, ең бірінші кезекте, респуб­лика жұртшылығының әл-ауқатын арт­тыруға бағытталған экономика­лық реформаларды іске асыру жолына барлық күш-жігер жұмыл­дырылатын болады.

Руслан АҢБАЕВ,

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp