«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қарашаңырақта қадір қалмады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үш жүз жыл бодандықта бо­лып, жетпіс жыл құдайсыз өмір кешсек те қарашаңырақты қадір тұтқан ұлт едік. Қазір айдың-күннің аманында қағынан жері­ген құландайын ұл үйінен, қыз тө­сегінен безіп, тіл ділінен, дін құ­дайынан жиіркеніп, әке үйден қа­шып, ана баласын далаға лақ­тырды. Қарашаңырақты қастер­лі, қасиетті үй санамағандықтан қазір елдің сиқы қашты.

Алдымен шаңыраққа сәлем бе­ріп кірмеген мейманын үйіне кіргізбейтін қазақ халқының эт­нографиялық ұғымынан айыры­лып қалғанына қарап қарны­мыздың ашатынын жасырып қай­те­міз. Ауылдың ойран-топан болуының бір себебі осында жат­қан сияқты. Жақында іссапар­мен Ақжар ауданында болған кезде Алқатерек орта мектебінің директоры Руслан Тәменов ауыл­дың тірегі – мектеп емес, қа­рашаңырақ екенін айтып қалды.

– Таяқ қадасаң, тал болып өсіп шығатын топырағы құнарлы өлкемізде қазақ ауылдарының құрып бара жатқаны қабырғаң­ды қайыстырмай қоймайды. Қа­рашаңырағын сақтауға ниеттен­ген азаматтың қолын ешкім ұс­тап тұрған жоқ қой. Қырық сыл­тауын айтып, өз туған үйінің есі­гі­не құлып салып, қалаға тұра тартатындарды түсінбеймін. Ша­һарда оларды қойдың басын асып кім тосып отыр екен? Ата-анамыз асфальтта өмір сүрді ме? Қаратопырақта аунап-қунап өскен ауыл балалары емеспіз бе? Олар да жайлы өмірді аңса­ды. Бірақ шаңырақтың киесінен қорықты. Алладан кейін ата-ананың тілегін бәрінен жоғары қойып, ауылда тіршілік етті. Қа­зір ешкім шаңырағын ортасына түсіре салудан тайынбайды. Бі­ріне-бірі еліктеп, ақыр соңында өз ауылын қалай құртып ал­ғанын өздері де түсінбей жатыр, – дейді Руслан Тәменов.

Ескіліктің қалдығы, ескінің сар­қытына балап, әке-шешені асы­раудан қашып, “үлкен үйдің” иесі болудан безгендерді де көз көріп жүр. Уәлиханов ауданын­дағы “Жолдасбай-Агро” серік­тес­ті­гінің басшысы Сүйіндік Жол­дасбаев рухани құндылықтар та­сада қалғанына күйінетінін жа­сырмады. Шаңырақ қасиетінен айырылған жерде ата-ана қаді­рін жоғалтып, тастанды балалар мен жетім шал-кемпірлердің қа­тары көбейеді.

– Өткенде мемлекеттік қыз­метте жүрген бауырым бір қа­рияның үйіне құм апарып бе­руім­ді өтінді. Апармаймын де­дім. Тасынғаннан емес, ашын­ғаннан айттым. Айтқан адамын жақсы танимын. Жетім шал емес. Ұрпағы өсіп-өнген. Балалары перзенттік парызын орын­да­маса, айдаладағы өзге біреу құлша жүгірсін бе? Олай бол­майды. Әр бала өз әке-шешесіне қызмет көрсетуге міндетті. Қарашаңырағыңа сіңірмеген ең­бегіңнің Қазақстанға керегі қан­ша? Көпшілікке атымтай жомарт болмай-ақ қой, алдымен ата-анаңның жағдайын жаса. Мем­ле­кетіңе тигізген пайдаң сол. Өкінішке қарай, көбі перзенттік парыз бен адамдық борыштың не екенін түсінбей жүр, – дейді облыстық мәслихаттың депу­та­ты Сүйіндік Жолдасбаев.

Шаңырақ – адамгершілік пен жауапкершіліктің ұясы. Бұны тү­сінетін адамдардың күрт азайып кеткенін күнделікті көріп те жүр­міз. Осы көктемде табиғат тосын мінез көрсетіп, көптеген үй суға кетті. Баспанасынан айырылған жерлестеріне көмек көрсетуге ұмтылған еріктілер өз дүниесіне өзі бейжай қараған санасыз азаматтардың пиғылына күйінге­нін айтпай кеткеніміз жөн болмас.

– Ерікті ретінде жұмыс істе­ге­німіз үшін ешкім айлық төлемейтінін бәрі біледі. Су кеткен соң тұрғындардың жарамсыз дүние­лерін жинап, үйінің маңайын қал­пына келтіру үшін арнайылап сенбіліктер ұйымдастырып, қол­ғанат болуға тырысып бағамыз. Алайда жатыпішерлердің өз мүл­кін өздері жинамай, бүйірін тая­нып, бұйрық беріп тұрғанын көр­генде жиіркеніп те кетемін. Өз маңдай терімен тұрғызған бас­панасын, көтерген шаңырағын сыйламаса, оны өзге біреулер қайтсін? – дейді ерікті Салтанат Қуанышева.

“Шаңырағың биік болсын”, “Керегең кең болсын”, “Шаңыра­ғың шайқалмасын” деп тілекте­рін жеткізетін қазақ халқын ненің киесі соққанын түсіне алмай жүр­міз. Мүмкін үйінің жаман-жақ­сысын табалдырығынан таныған тектінің ұрпақтарының кейбірі­нің жалдамалы пәтердің боса­ғасында күн кешіп, өзгенің қас-қабағын бағып жүргенінен бо­лар. Такси жүргізушісі Серік Әкі­мовтің де өз айтары бар екен.

– Жамбыл ауданындағы Суаткөл ауылында өстім. Суат­көл, Балуан, Үлгі, Талпын, Аман­гелді, Есперлі, Сәбит, Қарақа­мыс, Богдановка, Орталық ке­зінде дүркіреп тұрған ауылдар еді. Қазіргі таңда аталған елді ме­кендердің бірі де оңып тұрған жоқ. Көз алдымызда құрып бара жатқанына жүрегің ауырады. Қит етсе қарашаңырақты алға тар­та жөнелеміз. Шаңырақты сақтауға да жағдай керек. Ба­лаңды оқытатын мектеп, олар­ды асырайтын жұмысың, тақ­тай­дай тегіс жолың болса, ата­мекенін тастап кім кетеді? – дейді ол. Бұл уәжді де жоққа шы­ғаруға болмайды.

“Көп түрік енші алып тарас­қанда, қазақта қарашаңырақ қал­ған жоқ па?” – деп ақиық ақын Мағжан Жұмабаев толғанған екен. Түркі әлемі бұл күндері өз­дерінің қарашаңырағы деп мойындап отырған Қазақстан­ның ауылдарындағы шаңырақ­тардың ортасына түсіп жатқаны – үлкен трагедия.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp