«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚЫТТЫ БОЛСЫН БАР БАЛА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде Халықаралық балаларды қорғау күні өзіндік сән-салтанатымен ерекше аталып өтті. Орталық алаңда сурет, ән, би байқауы өтіп, жиналған қауым бүлдіршіндердің өнерін тамашалады. Бұл қызықты да тартымды шараларды тамашалауға келген кішкентай көрермендерге түрлі аниматорлар ерекше көңіл күй сыйлап, демеушілердің қолдауымен тәттілер таратылып, 18 жасқа дейінгі балалар қоғамдық көлікте тегін жүрді.

Елдің болашағы – өскелең ұр­пақтың төл мерекесінде “Ama­nat” партиясының облыстық фи­лиалы жанынан құрылған “Әйел­дер қанаты”, мәдениет са­ла­сының өкілдері, спортшылар мен студенттер отбасылық үлгі­дегі балалар ауылы мен Мағжан Жұ­ма­баев ауданындағы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбие­лену­шілері үшін “Qyzyljar Art” ор­талығында ме­рекелік іс-шара ұйымдастырды.

– Жаздың алғашқы күнімен тұс­па-тұс келетін бұл мереке – ба­лақайларымыз үшін ең қуа­ныш­ты жəне жыл сайын тағат­сыздана күтетін басты мейрам. Бүгінде өңірімізде бүлдіршін­дер­дің еш қиындықсыз білім алуына, спортпен шұғылдануы­на, бақытты балалық кезеңдерін өткізуге жақсы жағдай жасалған. Тек оқып, білім алып алға қарай ұмтылу керек, – деді балақай­ларды мерекесімен құттықтаған “Amanat” партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшы­сы Жеңіс Асанов.

“Qyzyljar Art” орталығында балалар үшін гипстен мүсін, киізден ойыншық­тар жасау, бисермен тоқу бо­йынша шебер­лік сағаттары өтті. Ал Ермек Сер­кебаев атындағы өнер колледжі – өнерде дарын­ды балаларға мамандандырыл­ған мектеп-интернат пен М.Қо­зы­баев атын­дағы Солтүстік Қа­зақстан уни­верситетінің сту­дент­тері бала­қай­ларға аква­грим ұйымдас­тыр­ды. Ба­лалар үйінің тәрбие­ле­нушілері далада шахмат ой­нап, үлкен бан­нерге сурет сал­ды. Ал әде­биетке қызығушылық танытқан­дар үшін балалар мен жасөспі­рім­дер кітапханасы кітап бұры­шын ұйымдастырды. Ар­найы ұйымдастырылған спорт­тық іс-шараларда да балалар өзара мықтыны анықтады. Қол­өнер жәр­меңкесінде оқушылар өз қол­дарымен жасаған бұйымдарын сатып, мәре-сәре болды.

Сонымен қатар “Dostyk Mall” сауда орталығында Петропавл­дағы екінші балалар этно-көрсе­тілімі өтті. Мәдени мұраны, от­басылық құндылықтарды сақ­тау­ды және жастайынан отан­сүйгіштікке тәрбиелеуді насихат­тайтын көрсетілімде 5 пен 18 жас аралығындағы балалар өнер көрсетті. Сән көрсетілімі әр балаға өзін жаңа қырынан тану­ға мүмкіндік берді. 20 серіктестің қолдауымен ұйымдастырылған шарада кішкентай көрермен­дер­ге шоколадты фонтан мен же­міс-жидек, тәтті тағамдар қойылған мерекелік дастарқан жа­йылды. Ең бастысы, бала­лар­ға естен кетпес естелік пен керемет көңіл күй сыйлады.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp