Өңірімізде Халықаралық балаларды қорғау күні өзіндік сән-салтанатымен ерекше аталып өтті. Орталық алаңда сурет, ән, би байқауы өтіп, жиналған қауым бүлдіршіндердің өнерін тамашалады. Бұл қызықты да тартымды шараларды тамашалауға келген кішкентай көрермендерге түрлі аниматорлар ерекше көңіл күй сыйлап, демеушілердің қолдауымен тәттілер таратылып, 18 жасқа дейінгі балалар қоғамдық көлікте тегін жүрді.
Елдің болашағы – өскелең ұрпақтың төл мерекесінде “Amanat” партиясының облыстық филиалы жанынан құрылған “Әйелдер қанаты”, мәдениет саласының өкілдері, спортшылар мен студенттер отбасылық үлгідегі балалар ауылы мен Мағжан Жұмабаев ауданындағы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері үшін “Qyzyljar Art” орталығында мерекелік іс-шара ұйымдастырды.
– Жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін бұл мереке – балақайларымыз үшін ең қуанышты жəне жыл сайын тағатсыздана күтетін басты мейрам. Бүгінде өңірімізде бүлдіршіндердің еш қиындықсыз білім алуына, спортпен шұғылдануына, бақытты балалық кезеңдерін өткізуге жақсы жағдай жасалған. Тек оқып, білім алып алға қарай ұмтылу керек, – деді балақайларды мерекесімен құттықтаған “Amanat” партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов.
“Qyzyljar Art” орталығында балалар үшін гипстен мүсін, киізден ойыншықтар жасау, бисермен тоқу бойынша шеберлік сағаттары өтті. Ал Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі – өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат пен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері балақайларға аквагрим ұйымдастырды. Балалар үйінің тәрбиеленушілері далада шахмат ойнап, үлкен баннерге сурет салды. Ал әдебиетке қызығушылық танытқандар үшін балалар мен жасөспірімдер кітапханасы кітап бұрышын ұйымдастырды. Арнайы ұйымдастырылған спорттық іс-шараларда да балалар өзара мықтыны анықтады. Қолөнер жәрмеңкесінде оқушылар өз қолдарымен жасаған бұйымдарын сатып, мәре-сәре болды.
Сонымен қатар “Dostyk Mall” сауда орталығында Петропавлдағы екінші балалар этно-көрсетілімі өтті. Мәдени мұраны, отбасылық құндылықтарды сақтауды және жастайынан отансүйгіштікке тәрбиелеуді насихаттайтын көрсетілімде 5 пен 18 жас аралығындағы балалар өнер көрсетті. Сән көрсетілімі әр балаға өзін жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді. 20 серіктестің қолдауымен ұйымдастырылған шарада кішкентай көрермендерге шоколадты фонтан мен жеміс-жидек, тәтті тағамдар қойылған мерекелік дастарқан жайылды. Ең бастысы, балаларға естен кетпес естелік пен керемет көңіл күй сыйлады.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.