Алдымызда экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту шараларын жүйелі түрде дамыта отырып, әділ де бәсекелі экономика жүйесін құру, әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелерді біртіндеп шешу міндеттері тұр. Президент өз сөзінде “Осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасады. Біз тиянақты және жоспарлы әрекет жасаймыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз. Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады”, – деп атап көрсетті.
“Жаңа Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есеге арттыру арқылы 450 млрд. долларға жеткізу стратегиялық мақсаты қойылды. Ол бүкіл экономикалық жүйені шұғыл түрде қайта қарап, өзгерту арқылы елімізді өркендетуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Сарапшылардың пікіріне қарағанда жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім өсіп келеді. Бұған қатысты болжамды көрсеткіш 2023 жылы 13 мың долларға жуықтады. Оның жыл сайынғы өсімі 1,6 мың доллар болады деп бағалануда. 2028 жылға таман бұл көрсеткіш 30 пайыздан да көбірек артып, 16,8 мың долларды құрамақ. Қасым-Жомарт Кемелұлының “Мен үшін макроэкономикалық көрсеткіштер соншалықты маңызды емес, азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ”, – деуі реформаның басты түйіні екені сөзсіз. Үкіметтің кеңейтілген отырысында былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылды, алдағы кезеңнің амал-тәсілдері айқындалды. Яғни нақты меже бар. Еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайыз өседі, сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да жақсарады деген сөз. Еліміздің алға қарай ілгері басуының жаңа парадигмасы өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделген. Аудандық әкімдік Мемлекет басшысы белгілеп берген қадамдарды жан-жақты, мұқият ойластырып, жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгерту, мәселелерді жедел шешумен қатар экономиканың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету жолдарын жүйелі түрде қарастырып келеді. Президент атап өткендей, бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау басты талаптардың бірі болып табылады. Кезең-кезеңмен жүргізілетін фискалды орталықсыздандыру жұмысының нәтижесінде жергілікті бюджет кірісінің құрылымындағы республикалық қазынадан бөлінетін трансферттің үлесі орта есептен 25 пайызға дейін төмендетіледі. Сонымен қатар аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығы беріледі. Жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беруі де құптарлық. Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпін әкелмек. Бұдан былай салық жеңілдіктерін беру тәртібін реттеу экономикалық ынталандыру шараларының нысаналы тәсіліне айналдырылмақ. Былтыр аудандық бюджетке салықтар мен басқа да төлемдер бойынша 5545 млн. теңге мөлшерінде қаржы түсіп, облыстық, аудандық және жергілікті жоспарлар артығымен орындалды. Биылғы төрт айдың ішінде облыстық қазынаға – 565 млн., ауданға – 630 млн., жергілікті қазынаға 208 млн. теңге қаражат құйылды. Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік санатында 266 заңды тұлға, 415 шаруа және фермерлік қожалық, 1271 жеке кәсіпкерлік жұмыс істейді. Олардың қолдауымен 23 жоба пайдалануға беріліп, бюджет табысы қомақтылана түсті. Мәселен, “Таткрафт-Фуд” ЖШС “Семейный” супермаркетін ашып, 105 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жыл басынан бері 6 жоба іске қосылды. Осылайша бөлшек сауда айналымы 5879 млн. теңгеге жетті.
Маңызды міндеттің бірі – инвестиция тарту. Қомақты қаржы құйылса, экономиканың қарқыны үдей түсіп, жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Екінші жағынан бюджет кірісі толығады. Біз үшін ең бастысы тиімді жоспарлау мен қолдағы ресурстарды орынды пайдалану болмақ. Соңғы жылдары аймақтардың, оның ішінде жергілікті жердің бюджетке қатысты дербестігінің арта түскенін байқау қиын емес. Бір сөзбен айтқанда, өнімді жұмыс істеуге мүмкіндіктер жеткілікті. Тек қана жан-жақты ойластырылған іс-қимыл бағдарламасын тиімді жүзеге асыруға ынта-жігер ғана керек. Жолдауда ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту, бұл орайда аймаққа қаржы тарту әкімдердің ең басты міндетіне айналатыны айтылды. Сонымен қатар экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдаудың мәні айрықша. Бұл мемлекеттің экономикалық үдерістерге шамадан тыс араласуынан біртіндеп бас тартуға мүмкіндік беретін өте маңызды реформа саналатыны даусыз. Өткен жылы 38028 млн. теңге инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстары, тұрғын үйлерді іске қосу тапсырмалары талаптағыдай болды. Өндірістің дамуына серпін беретін жобалар шеңберінде агроөнеркәсіптік кешеннің шикізаттық бағытынан ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісіне көшуге айрықша назар аударылды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдері 106213 млн., өнеркәсіпте 38415 млн. теңгені құрап, мал басы да, олардан алынатын өнім де молайды.
Жолдауда Үкіметке көлік-логистика жүйесінің әлеуетін арттыру тапсырылды. Үш жыл ішінде еліміз бойынша оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жеткізілмек. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізілмек. Осылайша Қазақстанның Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлі арттырылып, көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналады. Жол салу және жөндеу жұмыстары да экономиканың өркендеуіне айтарлықтай серпін береді. Мұндай шаралар кемінде 12 мың шақырым автокөлік жолын қамтиды. Соның нәтижесінде елді мекендерге көлікпен қатынау едәуір жеңілдеп, барыс-келіс жанданады. Мұның жергілікті автожолдарға да тікелей қатысы бар. Жалпы жол мәселесіне келгенде алдымызға тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын одан әрі жақсарту межесін қойып отырмыз. Бұл жөніндегі жоспарымыз ауқымды. Биыл аудандық маңызы бар жолдарды орташа жөндеуге 813,6 млн. теңге қарастырылған. Олардың ішінде Шұқыркөл – Андреевка – Раисовка, Тахтаброд – Ковыльное – Сокологоровка бағыттарындағы жолдар бар. Ал ауылішілік жолдарды қалпына келтіруге 923,6 млн. теңге бөлінген. Ауылдықтарды толғандыратын проблеманың бірі – су тапшылығы екені белгілі. Президент “су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр”, – деген еді. Осыған орай ішкі су ресурстарын тиімді, шақтап пайдалану, су шаруашылығын басқару жүйесіне түгелдей реформа жасау қадап айтылды. Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін ауыл халқын сапалы ауызсумен толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын белгіленген мерзімде орындап шығу күні алыс емес. Бұл мақсат үшін 270 млн. теңге мөлшерінде қаражат жұмсалып, Новоишим елді мекеніндегі орталықтандырылған ауызсу жүйелері жөнделеді. Шұқыркөл, Салқынкөл, Ломоносов, Шөптікөл, Андреев, Возвышен ауылдық округтеріне су тазалайтын кешенді блок-модульдар қойылады. Дружба, Тахтаброд, Бірлік, Нежинка, Пески ауылдарындағы су жүйелерін жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттар рәсімделді.
Жолдауда әлеуметтік салаға басымдық беру, оның құрылымдары мен механизмдерін жетілдіру ерекше айтылды. Әлеуметтік көмектің тиімділігін арттырып, оның кімге және қалай берілетіні ойластырылған, көмекке мұқтаж адамдарға бірінші кезекте қолдау көрсетіледі. Былтыр тұрмысы төмен, аз қамтылған, көпбалалы 37 отбасыға, яғни 186 адамға 16717 мың теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі берілді. Биыл 658 адам, оның ішінде 198-і – жеке кәсіпкерлік, 23-і – өнеркәсіп, 50-і басқа салаларға орналастырылды. 122 жұмыссыз қоғамдық жұмыстарға жіберілді.
Сапалы білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы қолжетімді болуы шарт. Аудандағы 46 мектеп интернетпен, компьютерлік техникалармен толық қамтылған, 38 білім ошағы кең жолақты жүйеге қосылған. 24 мектепте инклюзивті оқыту ұйымдастырылған, оларға 104 бала барады. “Өнер” мектебінде, психологиялық-педагогикалық коррекция кабинетінде қосымша білім беріледі. Тұрғындарға медициналық қызмет көрсетумен 44 денсаулық сақтау ұйымы айналысады. Күндізгі стационарда 120 науқасқа дейін ем-дом қабылдай алады.
Мемлекет басшысының Жолдауы мен өзге де бастамаларын, ең бірінші кезекте, республика жұртшылығының әл-ауқатын арттыруға бағытталған экономикалық реформаларды іске асыру жолына барлық күш-жігер жұмылдырылатын болады.
Руслан АҢБАЕВ,
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі.