Не үшін депутат болдым?
Мен Ленинград жоғары саяси училищесін тамамдадым. Сондықтан адамдармен жұмыс істеу маған бұрыннан таныс, жаныма жақын. Кейін өңіріміздегі Ұлттық ұлан әскери академиясында әскери-психология кафедрасының басшысы болып еңбек еттім. Біз ол жерде рота командирлерінің тәрбиелік-әлеуметтік құқық жөніндегі орынбасарларын даярладық. Әскери қызметім аяқталғаннан кейін қоғамдық жұмыспен айналысуға бел будым. Ауылдық округ әкімінің сайлауына да қатыстым. Ондағы мақсатым – ауылда ұйымшыл орта құру. Кейін мені “Қазақстан халық партиясы” қатарына шақырды. Биыл бұл партияның құрылғанына 20 жыл толады. Оның негізгі қағидаты – халық билігінің үстемдігін қалыптастыру. Оны депутаттық жүйе және өзін-өзі басқару арқылы қалыптастыруға болады. Мен депутат ретінде өз сайлау округімде өзін-өзі басқару жүйесін дамытуды, мәслихаттың рөлін арттыруға үлес қосуды көздедім.
Мен депутат болып сайланған №6 сайлау округінің құрамына Мещан орманы, Солнечный шағынауданы, Борки, Новопаловка сынды қаланың шетіндегі кенттер кіреді. Сол жақтарды дамытуға атсалысып жатырмыз. Шындығын айту керек, қала әкімі бүкіл аумақты қамти алмайды. Егер жергілікті жерлерде өзін-өзі басқару жүйесі дамыса, көп мәселе шешімін табады. Өзін-өзі басқарудың ең жақсы үлгісі көктемгі су тасқыны кезінде аңғарылды. Мысалы, қаланың бұрынғы әкімі шағынаудандар бойынша тұрғындардың өз арасынан жауапты адамдар тағайындаған болатын. Ойқала шағынауданының аға өкілі Ольга Попова әрбір көше тұрғындарының толық тізімін жасаған екен. Гуманитарлық көмек таратылған кезде тұрғындар көшелер бойынша шақыртылды.
Менің округіме кіретін “Солнечный-1” шағынауданында да осындай өзін-өзі басқару жүйесі қалыптасқан. “Солнечный-2” шағынауданында да осы үрдіс жақсы дамып келеді. Шағынаудандардағы бастамашыл топ жергілікті жердегі мәселелерді бақылауда ұстап, оның шешілуіне өз үлестерін қосып жатыр. Қалада су болмаған кезде партия желісі бойынша жеті мың бөтелке су жеткізілді. Басқа шағынаудандарда тұрғындарға судың екі бутылкадан таратылуын қадағалап отырсақ, “Солнечный-2” шағынауданындағы аға өкіл у-шусыз тұрғындардың барлығына тең бөліп берді. Осы жұмысты дамытып, өзгелерге үлгі ретінде тарату керек. Мысалы, Польша, Финляндия елдерінде қауымдастықтың төрағасы жергілікті атқарушы билікпен және де өзге де органдармен байланысты үйлестіріп отырады. Қазір “Солнечный-2” шағынауданында жаңа үйлер салынып жатыр. Яғни №6 сайлау округінің аясы кеңейіп, тұрғындар саны көбейеді. Сондықтан қазіргі мақсатым – өзіме қарасты шағынаудандарда жоғарыда аталған елдердегідей өзін-өзі басқару жүйесін ұйымдастыру.
Сайлаушыларға қандай уәде бердім?
Сайлауалды үгіт-насихат кезінде тұрғындарға ананы, мынаны істеймін деген уәде берген жоқпын. “Сіздер алдымен мемлекеттік органдарға өтініштеріңізді айтыңыздар. Егер олар оны орындауға ыңғай танытпаса, онда бұл мәселені шешуге мен кірісемін”, – деп қандай бағытта жұмыс істейтінімді бірден басын ашып айттым. Өзіме қарасты ауылдық округтің картасын жасадым да, күн сайын қай аулаларда болғанымды белгілеп отырдым. Тұрғындармен кездескенде негізгі қандай өтініштері бар екенін білдім. “Алдымен ортақ үш мәселені белгілеп алып, соны шешуге атсалысайық”, – деген ұсынысымды тұрғындар құп алды. Әрқайсысы бөлек-бөлек барып, әкімдіктің табалдырығын тоздырғаннан гөрі осындай ұйымшылдықпен түйінді мәселелерді шешуге күш салу қажет.
Бүгінгі таңда елімізде “Жергілікті өзін-өзі басқару” заңы тұралап тұр. Президенттің 2021 жылғы 18 тамыздағы Жарлығымен Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Соның ішінде биылдан бастап барлық ауылдық округтер деңгейінде азаматтардың ашық дауыс беруі арқылы 4 жыл мерзімге жергілікті өзін-өзі басқару органы – кеңес құрылады. Кеңестің өз аппараты болуы міндетті емес. Оның қызметін әкім аппараты қамтамасыз етеді. Кеңес төрағасы кеңес мүшелері арасынан ашық дауыс беру арқылы сайланады және осы лауазым бюджет есебінен қаржыландырылады. Кеңестің бюджетті бекіту жөніндегі өкілеттігі болады. Бюджетті бекіту құқығы кеңестің атынан тікелей тұрғындарға беріледі. Кеңес жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларын, абаттандандыру ережелерін, әкім аппараты азаматтарға көрсете алатын ақылы қызметтер тізбесін, көше саудасы, мерекелік іс-шаралар өткізу орындарын бекітеді. Кеңес жергілікті маңызы бар жалпы мәселелер бойынша басқа елді мекендермен ынтымақтастық туралы келісімдер жасау мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар мәслихат алдында әкімді қызметінен босату туралы бастама жасау құқығына ие. Алайда ауылдық округтардағы ірі агроқұрылым басшылары әкімді тағайындағандай, кеңестің төрағасы кім болатынын өзі таңдайтын болса, жергілікті атқарушы органның дербестігі жайлы айту қиын.
Көктемдегі тасқын кезінде су мамандарын даярлау жайлы айтыла бастады. “Алайда олар қайда жұмыс істейді?” – деген заңды сауал туындайды. Бұрын жасанды су айдындары, арналар, су қоймалары болды. Ал қазір жерлердің барлығы жалға берілген. Ірі жер иелеріне мелиорациямен айналысқаннан гөрі тыңайтқыш сепкен тиімді. Заң бойынша әкімдер – жергілікті жерде Президенттің сенімді өкілі. Ол өз округында билік жүргізіп, кеңестің төрағасымен ақылдаса отыра “мына жерде жасанды су қоймасын қазамыз”, – деген сияқты шешімдер шығаруы тиіс. Іс жүзінде ауылдық округ әкімдері агроқұрылымдардың басшыларына тәуелді. Техника, қаржылай көмек керек болса, соларға алақан жаяды. Осы жайт көкейімде жүр. Мұндай түйінді мәселелер шешілсе, халық билігінің үстемдігі артады.
Қай уәдемді орындадым?
“Солнечный-1” және “Солнечный-2” шағынауданында №27, 4А автобустар жүретін көшелерге асфальт төсеу қажет болды. Оған қол жеткіздік. Кирпичный көшесінің жоғары бөлігіне қиыршық тас төселген де, төменгі жағы жауынды-шашынды күндері езіліп, тұрғындардың берекесін алатын. Депутаттық сауал жолдап, нәтижесінде көше асфальтталды. Өткен жылдың қараша айында Борки кентіндегі көшелерді жөндеу жөнінде депутаттық сауал жіберген едім, биыл үш көшеге асфальт төсеу басталды. Осы шағынаудандағы колледжге жету студенттер үшін лай кешіп жүрдін. Өз бастамаммен тиісті орындарға ұсыныс жасап, оқу орнына апаратын жолға асфальт төселді.
Жалпы тұрғындарды толғандырып жүрген жол мәселесін мен шештім деп айта алмаймын. Себебі бұлар – мемлекеттік бағдарламаларға енгізілген жобалар. Мен тек оларға қаржының бөлінуін қадағаладым. Мысалы, қазір 44 көшенің жөнделетіні айтылды. Сол көшелердің ішінде менің округімдегі жолдар бар-жоғын анықтаймын. Себебі тұрғындар осы жайлы сұраса тиісті ақпараттан хабардар болуым қажет.
Бізде әкімдік тарапынан халықты уақытылы ақпараттандыру жағы кемшін. Көбіне әкімдік аяқ асты бір мәселе туындаған кезде ғана қимылдайды. Мәселенің алдын алуда, шешуде жүйелілік, жоспарлау, болжау жоқ. Егер әкімдік халыққа ақпаратты жүйелі түрде жан-жақты жеткізіп отырса, өзара түсініспеушілік болмас еді. Тіпті өткендегі су тасқыны кезінде де ақпараттың дұрыс жеткізілмеуі кейбір сәттерде жағдайды ушықтырып жіберді. Зардап шеккендер бір реттік көмекті қалай алу керектігін білмеді. Эвокапункттерде түсіндіру тобының құрамында жұмыс істегенде халыққа толыққанды ақпарат берілсе, ешқандай дүрбелең туындамайтынына көз жеткіздім. Осы бағытта депутаттар әкімдікке көмектесуі керек деп ойлаймын. Біз әкімдіктен белгілі бір бағдарламалар бойынша өз округімізде қандай жұмыстар атқарылатынын біліп, оны тұрғындарға жеткізуіміз керек. Егер тұрғындар алдағы уақытта қандай жұмыстар жоспарланғанын, нақты бір мәселелер биыл емес, ендігі жылы шешілетінін, айтқан өтініштері бойынша депутаттық сауалдар жіберілгенін білсе, өзара сенімсіздік жойылады.
Халық маған сене ме?
Халықпен кездескенде қолдан келмейтін нәрсені істеймін деп уәдені үйіп-төккен жоқпын. “Бірігіп туындаған мәселелерді шешейік”, – деумен шектелдім. Себебі өмір болған соң, түрлі мәселелер туындайды. Ал оны қалай шешеміз? Осы жағын ойлануымыз керек. Оның үстіне полковник шенінде запасқа шыққан адаммын. Осы күнге дейін жиған абыройымнан айырылғым келмейді. 2022 жылдан бері қоғамда бір нәрсені өзгертуге болатын серпіліс пайда болды. Мен де осы мүмкіндікті пайдаланғым келді. Қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Тұрғындармен сөйлесуге қорықпауымыз керек. Шындықты айтсаң, тоныңды ешкім шешіп алмайды. Халыққа ащы шындық ұнайды.
Адамдармен жақсы қарым-қатынас алдымен отбасында қалыптасады. Одан кейін көршімен тату болу аса маңызды. Бүгінгі таңда “Көрші ақысы – тәңір ақысы” деген ұғым құнсызданып барады. Мысалы, биыл “Солнечный-1” шағынауданында екі көше суға кетті. Себебі екі кісі үйінің алдына өрнектас төсеп, арықты жауып тастаған. Енді осы өрнектасты бұзу үшін жер инспекциясына барып, олар әкімдіктің жерін заңсыз иеленіп отырғанын анықтауым керек. Сот арқылы өрнектасты алдырып, арықты қайта қазамыз. Егер көршілік қауымдастықты құрсақ, бұндай мәселелер туындамайды.
Дайындаған
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.