1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясы да ерекше үлгіде тойлап, әскери қызметшілердің балаларына қуаныш сыйлады.
Кішкентай қонақтарға әскери техника мен қару-жарақтар таныстырылып, аниматорлар мен академияның көркемөнерпаздар үйірмесінің ұжымы өз өнерлерін ортаға салды. Сурет, өлең және мәнерлеп оқу байқауынан оза шапқан жас жеткіншектерге академия басшысының атынан мадақтама қағаздар табыс етілді.
– Балалар – біздің басты құндылығымыз. Осындай іс-шараларды ұйымдастырудағы мақсатымыз – балаларды ерлікке, отансүйгіштікке баули отырып, олардың бойына адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру, – деді Ұлттық ұлан академиясы бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Ерден Балғымбаев.
Концерттік бағдарлама соңы ән-бимен жалғасын тапты. Аниматорлар балаларды ортаға шақырып, қызықты ойын ойнатты. Белсенді бүлдіршіндерге сыйлықтар тарту етілді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.