«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Дарақылық қашан тыйылады?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқы ұлан-асыр той жасап, ат шаптырып, қыз қуу өткізіп, балуандарды күрестіріп ел есінде қаларлықтай той жасап, ас бергені рас. Дегенмен ондағы той мен астың мәнін, сәнін бүгінгімен салыстыруға болмайды. Бүгінгі тойда дарақылық басым.

Мол шығынды қалта көтерер болса, әрине қуанышты той жасап бөліскен жарасымды іс. Ал қысқа жіп күрмеуге келмей, жоқшылықтың қамытын киіп жүріп, қарызданып, қауғаланып той өткізу – ақымақтың не надандықтың белгісі.

Осыдан да болар қазір не көп, той көп. Бала шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, әр басқан қадамы тойға ұласады. “Той дегенде қу бас домалайды”, “Тойдың болғанынан болары қызық” деп шығынға батамыз, ысырапшылдыққа жол береміз. Тарихта ел аузында қалған тойларды сол замандағы алты алашқа атағы жайылған байлар ғана жасаған. Қалған халық әдеттегідей ырымын жасап, жақсылығын тілеп, аузы дуалы ауыл ақсақалдарының батасын алып, аруаққа құран бағыштатып, айналасындағы туыс-туған, көрші-қолаңдарына бір шәугім шәйі мен бір асым етін беріп шығарып салған.

“Қонақ ырысымен келеді” деген бабалар даналығын да ұмытқанбыз. Әйтеуір жұрттан қалмай, дүремекке ілесе шауып, ел не істесе соны істеп, құндылықтарға көз жұма қарайтынды шығардық. Соның салдарынан елімізде ел экономикасын көтеретін зауыттар емес, халықтың қалтасын қағатын тойхана, несие беретін қаржылық ұйымдар көп. Бұл – біздің елдің қазіргі жетістігі.

Той мен қуаныш жалғыз қазақ халқына ғана тиесілі істей масаттанамыз. Той жасау, өмірден дәм-тұзы таусылған адамның жасаған жақсылықтарын еске алып, келместің кемесіне отырғызу барлық халықта бар жосын. Бірақ олар ел экономикасын, өскелең ұрпақ санасын, қоғамдық бәсекені басты назарға алған. Озық елдердің көшінен қалмай, игі істерінен сабақ алып, дамудың даңғыл жолын таңдауымыз қажет. Ал біз “тойды қалай өткіземіз?” деп уайымдаймыз.

Адам тойдан да шаршайды екен. Сол тойға кететін қаржы, алтын уақыт өзіңе, қоғамға пайдалы іске жұмсалса, қайтарамы болары анық. Бұл ысырапшылдық ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берер дерт секілді. Кейде қазіргі жастар жалқау, ізденбейді, ойыншыл, тойшыл, үнемшілдікті білмейді деп шағымданамыз. Олардың да көргені сол. Ата-бабаларымыздың “Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі” дегені – әр ісіңнің жақсылығы мен жамандығын, пайдасы мен зиянын ұрпағың көреді деп ескерткені. Қазақ қалқында думандатып тойланатын той тек екі жастың бастарына шаңырақ көтеруі ғана болған. Қалғанын өмірдегі жақсылық ретінде ғана қабылдаған.

Сондықтан ысырапшылдықты қою керек. Жарысып той жасағанша заман талабына сай мектептер салайық. Өз қолымыздан келмесе, дамыған елдермен үзенгілесе шабуға балаларымызды баптайық. Олардың алаңсыз білім алуына жағдай жасайық.

Дидар БЕКБОЛАТҰЛЫ,

жеке кәсіпкер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp