«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кестелі сөздің шебері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ әдебиетінің 1960-1970, 1980-1990 жылдарындағы повесть пен әңгіме жанрларын қалыптастыруда және қазақ балалар әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қосып, із қалдырған Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туғанына биыл 100 жыл толды. Ол қоғамдық ой-пікір, әдеби, мәдени тарихымызда ерекше орын алатын жарқын тұлғалардың бірі. Сондықтан, қаламгердің рухани бай және сан салалы мұрасын жас ұрпаққа таныту – біздің міндетіміз. Жазушының қаламынан шыққан әрбір туындысы өзінің ерекшелігімен оқырманды елең еткізбей қоймайды. Оның әрбір шығармасы кешегі өткен тарихымыздан, ауыл өмірінен сыр шертетін оқиғаларды көз алдымыздан өткізеді.

Жазушының алғашқы әңгімелер жинағы “Бастама” деген атпен қазақтың көркем әдебиет баспасынан 1959 жылы басылып шықты. Одан кейін “Сырымбет” (1960), “Арлан” (1961), “Дала көктемі” (1962), “Жирен сақал” (1963), “Кішкене малшы” (1964), “Кең аймақ” (1965), “Жас шыбықтар” (1966), “Солмайтын гүл” (1968), “Нажағайлы түнде” (1970), “Кіреуке мерген” (1973), “Айналайын адамдар” (1975), “Қыран түлегі” (1977), “Дала әңгімелері” (1979), “Ауыл түтіні” (1985) атты повестері, әңгімелері мен очерктері жеке кітап болып баспа бетін көрді.

Жазушының шығармашылығы терең талданып, арнайы зерттелмесе де жерлес жазушы, журналистеріміз өз пікірлерін білдіріп, қолдау көрсетіп отырған. Бақыт Мұстафин: “Ол әдебиет табалдырығын аттағаннан бері өзі туып, өскен ортаның ғажап адамдарын паш етумен бірге нұрлы келбетін келісті суреттеді. Он шақты кітаптың маңдайына өз атын беріп үлгерген жазушы бар шығармаларының нәрін ауыл топырағынан тартып отырған”, – дейді. Яғни Зейнел-Ғаби Иманбаев шығармалары арқылы оқырманды өңір тұрғындарының еңбектегі, тұрмыстағы табыстарымен таныстыруды перзенттік парызы санаған. Егер жазушы шығармаларын тұтастай алып қарастырсақ, әңгіме, повестерінің тақырыптары кеңестік Қазақстанның басынан кешкен тарихи кезеңдерін көркем суреттеуге құрылғанын көреміз. Осыдан қаламгердің өмір материалдарын сұрыптап көрсетуге бейімділігі байқалады. “Қыран түлегі” повесі азамат соғысы кезіндегі қазақ ауылы мен төңкеріс жылдарының шындығын танытса, “Қадиша” повесі – Ұлы Отан соғысы кезіндегі тыл өмірін суреттейді, “Дала көктемі”, “Кең аймақ” повестері тың игеру тақырыбын, “Бастама”, “Сырымбет”, “Солмайтын гүл” жинақтары ауыл өмірі, колхоз құрылысының жеңісін сөз етеді. Сөйтіп, дәуірдің тарихи маңызды оқиғалары негізінде еңбекші халықтың жаңғыру, жаңару жолдарын бейнелейді, жаңа адамның күрделі тұлғасын жасайды.

Зейнел-Ғаби Иманбаев кейіпкерлері – әр ұрпақтың өкілдері. Оның ішінде патша заманында жалшылықта жүріп, Кеңес үкіметі жылдары еңбекке араласқан Итемір, Кәкен, Айша, Сман тәрізді аға ұрпақ, Құрманғали, Көшербай, Сәкен, Мағиша сияқты жаңа заман түлектері, Байман, Бекен, Әбді, Сүлей сияқты үстем тап өкілдері де кездеседі. Жазушы кейінгі ұрпақтың жаңа өмірге, қоғамдық қызметіне жол ашқан кеңес үкіметінің жемісін өз мүмкіндігінше көрсете білді.

Ал жас ұрпақ бейнесі – жазушының шығармашылық қиялының жемісі. Олар жаңа өмір үшін күресе жүріп өседі, ілгері басады. Құрманғали мен Көшербай, Қадиша мен Мағиша арқылы автор өз идеяларын танытады. Осыларды басқаларға үлгі етеді. Азамат соғысы мен Ұлы Отан соғысы кездеріндегі халқымыздың өмірі мен күресінің кең картинасын беруде прозаның атқаратын қызметі зор. Халықты ерлікке үндеу, майдан жауынгерлері мен партизандарының қаһармандық күресін суреттеу, тылдағы адамдардың жанқиярлық ерлік істерін әңгімелеу кеңес жазушыларынан үлкен жауапкершілікті талап етті. Ел басына түскен ауыр жағдайларды туысқан халықтар жазушыларымен бірге қазақ әдебиеті прозасының өкілдері де өз шығармаларына арқау етті.

“Жас шыбықтар” – жазушының үшінші жинағы, оған 6 әңгімесі енген. Бұл – балаларға арналған топтаманың бірі. Балаларға арналған кітаптарының бірден көзге түсетіні – жазушының өзі салған суреттерімен берілуі. Бұл, әсіресе, жас оқырмандарды қызықтырады. Зейнел-Ғаби Иманбаев әңгімелерінде туған жердің тамаша табиғаты, сана-сезімі оянып келе жатқан балалардың аңғал мінездері ерекше суреттеледі. Әңгімелерінің идеясы – Отанды сүюге, табиғатты қорғауға, еңбекте табандылық көрсетуге шақыру. Бұл – бүгінгі күні бала тәрбиесіндегі басты мәселе.

Жазушының әсіресе, туған жердің, ауылы табиғатын ерекше сүйіспеншілікпен суреттегенін байқауға болады. Мысалы, “Қос қайың” повесінде мынадай жолдар бар: “…Қырдың үстінде замандар бойы құшақтаса, өріле өскен егіз қайың тұр. Түптері жуан, бұтақтары тармақты, тамырлары тереңге кеткен. Дала желінен қаймықпай аспанға ұмтылған биік…” немесе “…Сұмдық үлкен қызыл күн тоғай төбесіне иегін сүйеп аз тұрды да, төмен түсіп бара жатты. Күн сәулесі жұлықтаған ақша бұлттар жарқырап нұрланып тұр…”. Яғни, жазушы табиғатқа жан бітіре суреттеп, поэтикалық этюдтер жасайды.

Қаламгердің бір ерекшелігі – жұрт аузынан естіген әңгімені жаңғыртып, көркем шығармада оқушысын сендіре алатындай жазуында. Оған “Бір түп раушан” әңгімесі жатады. “Үйлену оңай болса, үйлесу қиын” деген қанатты сөз бар. Сүйген жарымен тіл табыса алмай өмірін түрлі оқиғаға толтырып жүрген жас жігіт тағдыры сөз болады. Әңгімені автор өз атынан баяндайды. “Иә, достарым, мен де әкемін. Екі бірдей бүлдіршін баланың әкесімін. Бірақ, өз балаңа өзің жат болудан артық азап бар ма? Бұл жатқан бір тарих, оған уақыт керек”, – деп ол қолын бір-ақ сілтеді.

Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің іргелі жанрларын қалыптастыруға өз үлесін қосқан, көрнекті суреткер жазушы З.Иманбаев – сөз өнерінің алтын қорына жататын туындылар жазған бірегей тұлға.

Зейнел-Ғаби Иманбаев дүниедегі заттар мен құбылыстардың ұқсас белгілерін негізге ала отырып, олардың ұқсастығынан шындық өмірдің бейнелі суретін көз алдымызға елестетеді, сурет жасайды. Оның әңгімелеріндегі теңеулер бір жағынан өмірдегі шындыққа, екінші жағынан, бейнелі ой, әсерлі сезімге негізделеді. Мысалы, әңгімелеріндегі кездесетін кескінге байланысты көру теңеулері: “Беті тоқаштай жылтыраған бала жігіт қысық көздерін әудем жерге қадап берді”, “Қара бауырдай беті күлгінденіп, қысық көздері кішірейе түскен”, “Қараның күйген көңдей беті онан сайын тырысып кетті”, “Ұқыпсыз қашалған тас мүсіндей Әшан қимылсыз тұратын бет пішіні меңіреу адамға көбірек ұқсас”, “Жағына пышақ жанығандай арық беті ду ете қалды”, “Сөлінен айрылған қиярдай сопақ бетіне қан жүгірді”, “Үрия сары табақтай жап-жалпақ бетін бері бұрды”, “Күн ұзын суықтан келген Әлидің кескіні темір пештің қабырғасындай қызарып алаулап кеткен еді”. Жоғарыдағы мысалдардағы беті тоқаштай, күйген көңдей, беті ұқыпсыз қашалған тас мүсіндей, бет пішіні меңіреу адамға көбірек ұқсас, сары табақтай, сөлінен айрылған қиярдай дегендердің барлығы көру теңеулеріне негізделген адамның сыртқы тұрпатын өздеріне нысана етіп тұр. Мұндағы сыртқы тұрпат ішкі жан-дүниеден хабар береді. Басқаша айтқанда, функциялық эмоцияның бұл түрі сыртқы кейіпті суреттеу арқылы ішкі жан-дүниенің мәніне үңіліп, соның сыртқа теуіп тұрған көрінісін сипаттайды. Ал мына мысалдардағы, “Кескіні қызылға түсетін ашулы қыранға ұқсас еді”, “Кескіні өрт соққандай еді, аузын қисайтты”, “Бейуақыттағы жалғыз салт аттының кескіні кісі өлтіруге бара жатқандай қатулы”, бұлар, эмоционалды-экспрессивті теңеулер. Мәселен, ашулы қыранға ұқсас, өрт соққандай, кескін – пүліштей албырайды, кісі өлтіруге бара жатқандай қатулы.

Жағымсыз мәнді эмоциялы теңеулер Зейнел-Ғаби Иманбаев әңгімелерінде, көбіне, адамдардың жағымсыз мінездерін сипаттап, ұсқынсыз тұрпатын суреттеу үшін қолданылған. Бұл жағдайда теңеулердің образы ретінде өздерінің жағымсыз іс-әрекетімен көпшілікке белгілі болған жан-жануарлар мен заттар алынады. Бұлардың жағымсыз іс-әрекеттері теңеулерге белгі болып жұмсалғанда, олардың жағымсыздық әсері күшейіп, бояуы одан сайын қалыңдай түседі де, сол арқылы “биікке” көтеріледі. Мысалы: “Қу тұлыпқа мөңірегендей, қу қабырғаға қарап біреуді айыптай алмаймыз”, “Сен сияқты әр төбенің басында қотыр тайдай аунап жатпаймыз”, “Сүлікше қадалып алып, сүйретіліп келеді”, “Шөп соңынан ұры сиырдай өз қайығы еріп келеді”. Зейнел-Ғаби Иманбаевтың талғампаздығы мен шеберлігін осынау сөз қолданыстары мен сөз саптауынан байқауға болады.

Зейнел-Ғаби Иманбаев шығармаларының саны алпысқа жуық. Жазушының қызы Марал Зейнел-Ғабиқызының жеке қорында қолжазбалары сақталған.

Зейнел-Ғаби Иманбаевтың ауыл өмірін және сан алуан кейіпкерлер образын сомдаудағы шеберлігі оқырмандары мен ғылыми ізденуші студенттерді қызықтырып, алғашқы ғылыми жұмыс жасауға бастама болды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығының студенттері тарапынан дипломдық жұмыстың зерттеу нысанасы ретінде Зейнел-Ғаби Иманбаев шығармаларының тілі және көркемдік ерекшеліктері зерделенді. Келешекте магистрлік және диссертациялық ғылыми зерттеу жұмысының нысанына айналып, кең түрде зерттеледі деп үміттенеміз.

Жанбай ҚАДЫРОВ,

филология ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp