«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Салтымызды сақтай білейік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлттың басты сипаты оның салт-дәстүрінен танылады. Атадан балаға жалғасып келе жатқан игі дәстүрлеріміз аға буын мен жастарды біріктіріп, түсініспеушіліктің алдын алады. Осы күні жастар мен аға буынның арасындағы алшақтықтың тым үлкейіп кеткенінің басты себебі – дәстүрімізді сақтамауымызда. Бабаларымыз мұның бәрін жақсы білген. Дәстүр – жай ғана рәсімдік салт емес, үлкен мағынасы, қоғамдық қызметі бар құндылығымыз. Сондықтан да бізге дәстүрімізді жаңғыртып, нығайту керек.

Жалпы қазақ халқының салт-дәстүрлері: бала тәрбиесіне арналған салт-дәстүрлер, тұрмыстық салт-дәстүрлер, әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлер болып үлкен үш топқа бөлінетіні белгілі. Жұмыс барысында біз жоғарыда аталған үш бағыттағы салт-дәстүрлеріміздің жөн-жоралғысын түгел қамтуға тырысамыз.

Ана – отбасының ұйытқысы, ошақтың иесі. Үйдегі бақ-береке, ырыс-несібе анаға байланысты. Қазақ “Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді” деп бекер айтпаған. Жанұядағы дәстүрді сақтап, ұрпаққа өнеге көрсететін де аналар. “Қазақ аналары – дәстүрге жол” қоғамдық бірлестігінің негізгі мақсаты да ұрпақ өсіріп отырған аналар мен әкелерге жол көрсету, олардың отбасылық дәстүрлерді дәріптеуіне сеп болу.

Дәстүрімізді ұрпаққа насихаттауда көрген-білгені, өмір тәжірибесі мол әжелеріміздің орны зор. Ұлтымыздың өткенінен, тұрмысынан хабары бар ақ жаулықты әжелеріміз – ұлтымыздың қымбат қазынасының сақтаушылары. Сондықтан да жас ұрпақ олардан үлгі-өнеге алып, ақылын тыңдап, өсиетіне құлақ қойғандары жөн.

Біздің қоғамдық ұйымның ашылғанына көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан еліміздің әр өңірінде филиалдары ашылып, мыңдаған адам мүше болды. Қызылжарда да 200-дей әйел дәстүрімізді насихаттау жолында ұйым аясына бірікті. Біз түрлі жиындар, фестивальдер, кездесулер өткізіп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап отырамыз.

Түрлі зиянды ағымдар, теріс күштер күн сайын біздің ұлттық бірегейлігімізге қауіп төндіруде. Мұндай жағдайда тек өзінің дәстүрін ұмытпай, отбасы институтын нықтаған жұрт қана өз болмысын сақтап қалады. Сондықтан да салтымызды сақтап, бабадан жеткен мол қазынаға сақ болайық.

Мейрамгүл АДАХҚЫЗЫ,

“Қазақ аналары — дәстүрге жол” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрайымы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp