«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тамырын тереңге жайған

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сыпыра жыраудың “Бай баласы байға ұқсар, Байлаулы тұрған тайға ұқсар, Би баласы биге ұқсар, Алты қанат үйге ұқсар, Хан баласы ханға ұқсар, Биік-биік шыңға ұқсар, Құл баласы құлға ұқсар, Мал таптаған гүлге ұқсар” деген нақылы қазақтың болмысын терең танытатын “тектілік” деген ұғымның сыр-сипатын ашып тұрғандай.

Осы орайда аталас туысымыз Есқожадан ұрпақтарына дарыған қайсарлық, еңбекқорлық, мейірімділік, әділдік, адалдық сынды адами қасиеттер ойға еріксіз оралады. Ақсақалдың ата қонысы – еркелей аққан Есілдің жағасында қоныс тепкен Өрнек ауылы. Ел арасында “Есекең”, “Кіші ата” деп танылып, сый-құрметке бөленген қария 20 жасында екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысып келгеннен кейін еңбек майданының қыж-қыж қайнаған ортасына түсті. “ҚазКСР ауыл шаруашылығының құрметті қызметкері” атанып, кеудеге түрлі дәрежедегі ордендер мен медальдарды жарқырата тақты. Атамыз талай қиындықты көрсе де, өзінің қайсар мінезімен жеңе білген. Бір дерек келтірейін. 1942 жылғы қыркүйектің 3 мен 20 қазан аралығындағы фашистермен болған қырғын шайқастардан соң 152 атқыштар бригадасы командирлері мен қатардағы солдаттардың “жоғалғандар мен қайтыс болғандар” тізбесіне атамызды 486 реттік нөмір бойынша тіркеп қойған. Мұрағатта ерлікпен қаза тауып, жауынгерлік қатардан шығарылғаны туралы жазба сақталған. Құдайдың құдыретімен жарық дүниеге келген атамыздың бойына салауатты, иманды рух бұйырған шығар, арын таза ұстағаны, елде күтіп отырған әкесінің тілеуі, артынан еретін ұрпағының көрер жарығы бар, әйтеуір, аман-есен оралыпты.

Үлкен ұлы Бүркіт – ауыл аймаққа сыйлы азамат. Отан алдындағы азаматтық борышын өтегеніне жарты ғасырдан асса да, осы күнге дейін өзінің командирлерінің есімдерін ұмытпаған. Осы тақырыпта әңгіме қозғала қалса, “бригада командирі полковник Артеменко, штаб бастығы полковник Игначков, рота командирі капитан Спиридонов, взвод командирі лейтенант Купрянюк” деп жатқа заулата жөнеледі. Бұл да – бойға қанмен дарыған қасиеттің бірі. Бәрінен де маржандай жазуын айтсаңшы! Құжаттарға қол қойғанда суретке түсіргендей әдемілігіне қараған адам қызығады. Шаңырақтың тұңғышы болғандықтан, оның мойнына іні-қарындастарын жетелеп өсіру, қамқорлық көрсету сияқты міндет пен жауапкершілік жүктелді. Оларға қарайласа жүріп, мал, егін шаруашылығында табан аудармастан 40 жылдан астам уақыт еңбек етті. Ауыл-аймақ “Бүке” деп құрмет тұтты. 1971 жылы Бикен екеуі өз алдына отау құрып, үш ұл мен үш қызды қатарынан кем қылмай өсіріп, құтты ұяларына қондырды.

Қыздары Сән М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін бітіріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығын алып шыққан. Бүгінде облыстық полиция департаментінде бөлім басшысы. Салтанат – ұлағатты ұстаз. Училище, университет, Орталық Азия академиясын тамамдап, педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін иеленген. Астана қаласында сүйікті кәсібін жемісті жалғастырып келеді. Бейбіт – жоғары білімді заңгер, Есіл аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, полковник. Ермек – № 28738 әскери бөлімнің командирі, полковник. Еркегүл Бүркітқызы – Жетісу облысы Алакөл кедендік бекетінде бас маман. Дарын – банк қызметкері.

Шапқан аттай, атқан оқтай зымыраған уақыт-ай десеңші! Бүркіт Есқожаұлы мен Бикен Жалмұқанқызының бір шаңырақ астында түтін түтеткеніне де жарты ғасырдан асыпты. Ұл-қыздары да өздерінің ел қатарлы қызмет етуіне өлшеусіз еңбек сіңірген ата-анасын ерекше әспеттейді. 1990 жылдары, заманның өзгеріп жатқан кезінде, ешқандай ауыртпалық көрсетпей, Қытайдың ала сөмкесімен ас-суын ауылдан қалаға тасып жүріп, қолдарынан келген бар жағдайды жасағанын қалай ғана ұмытады? Әлі де тілеулерін тілеп, “Құдай тіл-көзден сақтасын” деп дұға етіп отырады. Ер жетіп, отбасын құрып, бала-шаға өсіріп, жан-жақта жүрсе де, жинала қалғанда маңдайларынан иіскеп, құшақтарына қысып, жандары қалмай жатқаны. Ұлан, Жәнібек, Сымбат, Ерхан, Жасмин, Томирис, Ернұр, Айзере, Әрсен атты немерелерін көргенде тіпті бәйек болып қалады.

Еркебұлан ЫСҚАҚОВ.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp