Өңірімізде тасқыннан зардап шеккен отбасылардың 30 баласына жазғы демалысқа жолдама берілді. “Samruk-Kazyna Trust” қорының қолдауымен жүзеге асырылатын “Туған елге саяхат” әлеуметтік жобасы аясында 12 күн ішінде балалар Астана, Бурабай, Алматы, Тараз, Түркістан, Байқоңыр қалаларындағы танымал мәдени-тарихи орындарды аралайды
“Samruk-Kazyna Trust” әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиеваның айтуынша, балалар саяхат пойызындағы сапардан көкжиегі кеңейіп, жаңа достар табады, келесі оқу жылына күш-қуат жинап қайтады. Қандай жағдай болсын, біздің міндет – бақытты балалық шақты қамтамасыз ету.
Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулуды мақсат тұтатын жоба арқылы үстіміздегі жылы су тасқыны болған өңірлерге басымдық беріліп, көпбалалы және тұрмысы төмен, толық емес отбасылардағы балалар саяхатқа барады. Тасқыннан зардап шеккен Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Қарағанды және Ұлытау облыстарындағы балалар да қамтылады. Сондай-ақ “Самұрық-Қазына” АҚ компаниялар тобының шалғай аудандардағы өндірістік кәсіпорындар қызметкерлерінің көпбалалы және тұрмысы төмен, толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалары да ескеріледі.
Саяхат барысында жол бойы мектеп оқушыларымен тәлімгерлер мен педагогтар жұмыс істеп, қызығушылықтары бойынша үйірмелер, зияткерлік және спорттық ойындар ұйымдастырылады.
Әлеуметтік жоба екі маусымда өтіп, әр кезеңде 10-15 жас аралығындағы 200 бала танымдық демалыспен қамтылады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.