«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жолдама үшін талас: соңғы мүмкіндік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Париж төріндегі жазғы Олимпиада ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Шілденің 22-сі жалауы желбірейтін додаға облыс спортшылары арасынан жалғыз Алексей Луценко ғана жолдама жеңіп алды. Өкінішке қарай, боксшы қызымыз Наталья Богданова мен балуанымыз Нұрқожа Қайпанов төрт жылдықтың басты жарысына қатысу мүмкіндігінен айрылды. Ал брейкинг пен жеңіл атлетикадан әлі үміттіміз. Желаяқ жерлесіміз Михаил Литвин қазір ел біріншілігіне дайындалып жатыр. Сол жарыста жақсы нәтиже көрсетсе, қажетті жолдама қоржынына түспек. Жақында спортшымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Жеңіл атлетикамен көптен бері айналысып келесің. Жалпы бұл спортқа қалай келдің? Осы жөнінде толығырақ айтып кетсең.

– Бала күнімнен футболмен айналыстым. Қапталда ойнайтынмын. Командадағы жылдам жүгіретін аяқдопшылардың бірі едім. Аяғыма доп тисе, жүгіре жөнелетінмін. Бірде жеңілатлеттермен бір алаңда жаттықтық. Менің қабілетімді көрген Александр Окованцев маған жеңіл атлетикамен айналысу туралы ұсыныс жасады. Мен әрине, бірден шешім қабылдамадым. Қалайша сүйікті спорт түрінен кетуге болады деп ойладым. Кейін жүз ойланып, мың толғанып, жеңіл атлетика үйірмесіне жазылдым.

Алғашқы жарыстардан бастап жақсы нәтиже көрсеттім. Осылайша футболды тастап кеттім. Бірінші қатысқан жарысым қала біріншілігі болатын. Онда мен 200 метр қашықтықта жеңімпаз атанып, ал­ғашқы бапкерім Ринат Аминов қатты разы болды. Арада көп уақыт өтпей үлкен жеңістер де келе бастады. Тәжірибелі жаттықтырушымның ар­қасында төрт айдың ішінде облыс және ел біріншіліктерінде топ жа­рып, тіпті спорт шеберіне үміткер нор­мативін орындадым.

– Сен ұлттық құраманың мүшесісің. Ел намысы сарапқа салынатын халықаралық жарыстардағы нәтижелерің көңіліңнен шыға ма?

– Спорт шебері нормативін орындаған соң ұлттық құрамаға алындым. Қоржынымда бірнеше халықаралық жарыстың түрлі деңгейдегі жүлдесі бар. Бірнеше жыл қатарынан ел біріншілігінде топ жарып келемін. Менің жүгіретін қашықтығым – 400 метр. Бұл санатта маған тең келетін спортшы аз. Десе де, ішкі біріншіліктегі қарсыластарым осал емес. Олар – Ефим Тарасов, Андрей Соколов пен Эльнор Мухетдинов.

Бірнеше рет Азия чемпионатына қатыстым. Күміс және қола медальдарды олжаладым. Азия ойындарында үшінші орынға қол жеткіздім. Соңғы өткен Универсиадада екінші орынға табан тіредім.

– Өткен жылы сен Азия ойындарына қатыса алмадың. Мұның себебі неде?

– Былтыр Азия ойындарына жақсы дайындалдым. 400 метр қашықтыққа жүгіруде рекорд орнаттым. Қазақстан біріншілігінде жеңіске жеттім. Бангкок қаласындағы Азия чемпионаты мен Қытай еліндегі Универсиадаға қатыстым. Қажетті ұпайларды жинап, сары құрлықтың басты бәсекесіне жолдама алдым. Ұлттық құраманың бас бапкері маған сенім артты. Жаттығуларым да жоғары деңгейде өтті. Өкінішке қарай, бұған дейін алған жарақатым сыр берді. Тізем ауырып, аяғымды баса алмадым. Осылайша аяғыма ота жасаттым. Сондықтан Азия ойындарынан бас тартуға тура келді. Олимпиадаға жолдама ұтып алуға мүмкіндік болатынын біле тұра, өзге спортшыларға жол бердім.

– Қазір денсаулығың қалай? Алдағы лицензиялық турнирлер туралы айтып өтсең.

– Жеңіл атлетикада Олимпиада жолдамасын ұтып алуға бірнеше мүмкіндік беріледі. Алғашқысы, Азия ойындары еді. Бұл мүмкіндікті мен пайдалана алмадым. Екіншісі, әлемдік рейтинг негізінде желаяқтарға лицензия табысталады. Бұл халықаралық тізімде мен жоқпын. Соңғысы ішкі біріншіліктегі көрсеткен нәтиже бойынша жолдама үлестіріледі.

Биыл маусым айында үш бірдей ішкі жарысқа қатысамын. Оның бірі – Қазақстан чемпионаты. Кейін Ғұсман Қосанов атындағы мемориалдық турнир бар. Соңғысы – Қазақстан кубогы. Бұл жарыстарда мен 400 метрді 45 секунд ішінде бағындыруды көздеп отырмын. Мен бұл нәтижеге қол жеткізсем және қарсыластарымнан озсам, онда Олимпиада жолдамасын ұтып аламын.

Сырт көзге оңай көрінуі мүмкін. Десе де Қазақстанда бәсекелестік жоғары.

– Әңгімеңе рақмет! Жолдама үшін таласта жеңіске жетуіңе тілектеспін, сәттілік серік болсын!

Сұхбаттасқан

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp