Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен “Қазақстан халқына” қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева тасқын судан үйлері жарамсыз деп танылған тұрғындарды қоныстойларымен құттықтап, “Бірлік” шағынауданында жаңадан салынған алғашқы 53 үйдің кілтін табыстады.
Су тасқынынан зардап шеккен жандарға арналып “Бірлік” шағынауданы бой көтеруде. Аталған шағынауданда меценаттардың қаражатына 700 баспана салынбақ. 100 үйдің құрылысы 24 сәуір күні басталған болатын. Небәрі 5 аптаның ішінде алғашқы 53 баспана салынды. Оған қажетті қаражатты отандық ірі кәсіп иелері: “Kaspi.kz” директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким, “Kazakhmys” корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай және “Kazminerals management” компаниясының басқарма төрағасы Эльдар Мамедов, “Қазақстан халқына” қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев және “ЦАЭК” компаниялар тобының акционері Сергей Кан бөлген болатын. Сондай-ақ “ЗИКСТО” кәсіпорынының құрылтайшысы Сергей Павлингер қоныстанушыларға тұрмыстық техникалар мен жиһаз сатып алу үшін көмек берді.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жаңа баспана иелерін құттықтап, күні-түні тұрғын үйлерді салуға атсалысқан құрылысшыларға ризашылығын білдіріп, бірқатарын Алғыс хатпен марапаттады.
– Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар үшін бүгін қуанышты күн, алғашқы легі жаңа баспанаға ие болуда. Жаңа үйлер мемлекет басшысының тапсырмасына сай салынып жатыр. Қаржы бөлген демеушілерге және баспананы тез арада тұрғызуға ат салысқан құрылысшыларға алғыс айтамын. Зардап шеккендерге жамандықтың бәрі артта қалып, жаңа үйде тек береке мен бақыт орнасын деп тілеймін. Қоныс құтты болсын! – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Ел бойынша жаңа үйлер алғашқы болып тасқын судан зардап шеккен өңір тұрғындарына берілуде. “Су апаты болғанда осы өңірге келіп, облыс әкімімен кеңесе отырып, тұрғындар үшін жайлы әрі сапалы үй салуды жоспарладық. Біз алғаш келгенде бұл жерде ештеңе жоқ болатын. Бүгін міне, әдемі шағынауданға айналғанын көріп, қуанып тұрмын. Енді қалған үйлердің де құрылысы тез арада аяқталып, барлық зардап шеккен тұрғындар баспаналы болса екен деп тілейміз. Жаңа үйлеріңіз тек бақытқа толы болсын!” – деді “Қазақстан халқына” қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.
“Бірлік” шағынауданында салынып жатқан жаңа баспаналардың құрылысына күні кеше “Ауыл” партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының студент жасақтары да көмектесуде. Жастар кәсіби құрылысшыларға қолғабыс етіп, үйлердің ішін әрлеу, айналасын көгалдандыру, ағаш отырғызу жұмыстарын атқаруда. Жалақы күн сайын еңбек еткен сағатына қарай төленеді. Жұмыс уақыты таңертеңгі 9-дан кешкі 19.00-ге дейін жалғасады. Түскі тамақты жұмыс беруші кәсіпорындар тегін ұйымдастырады. Жұмысшылар үшін қалаға қатынайтын қоғамдық көліктің уақыты ұзартылған.
– Жас құрылысшылардың қауіпсіздігі басты назарда болғандықтан, оларға жеңіл жұмыстар ғана тапсырылады. Қатарымызда құрылыс колледжінің студенттері болғандықтан, олар кәсіби құрылысшылардың қасында жүріп көмектесуде. Жасақ құрамындағы 25 жас үйлердің құрылысына араласуда. Қазір сессия болғандықтан, жастарымыздың көбі оқуда жүр. Жуырда қатарымызға қосылады. Құрылыс отрядына қосылуға өтінім беріп жатқан жастардың саны артып келеді, – деді “Ауыл” партиясы жанындағы жастар қанатының төрағасы Әлфараби Мыңбай.
Бүгінгі таңда 300-ге жуық отбасы “Бірлік” шағынауданындағы жаңа үйлерге қоныстану жөнінде өтінім берген. Сондықтан бұл жер аз уақыттың ішінде дамыған инфрақұрылымы бар шағын қалашыққа айналмақ. Тұрғындарға жағдай жасау мақсатында меценаттардың қаражатына балабақша құрылысы басталып кетті. Жақын маңда “жайлы мектептің” құрылысы жүріп жатыр.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.