Биыл облыс арқылы өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 281 шақырымы жөнге келтірілмек. Бұл мақсатқа бюджеттен 22 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді.
“Қазавтожол” Ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалының мәліметінше, биыл жүзеге асуы тиіс он жоба аясында 30 шақырым жол жаңартылады, жалпы ұзындығы 57,7 шақырым болатын екі жолда күрделі жөндеу жүргізілсе, қалған 7-інде орташа жөндеу жұмысы атқарылады.
Республикалық маңызы бар М-51 автомобиль жолының 633-648 шақырымына таңдамалы түрде орташа жөндеу жұмысы басталды. Бұл учаске Мағжан Жұмабаев ауданының аумағында орналасқан, жалпы ұзындығы 14 шақырым.
Жұмысты “ДОРОЖНИК АШЫҚ АСПАН” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарып жатыр. Шарт былтыр қараша айында жасалды. Мердігер компания жол бетін тегістеп, асфальтбетон жабынын жөнге келтіреді және жол жиектерін орнатады. Сондай-ақ жол таңбаларын салып, жол белгілерін ауыстыру жоспарланған. Жұмыс биыл аяқталады.
Жобаны іске асыру нәтижесінде автомобиль жолымен жүру уақыты қысқарады және техникалық сипаттамасы жақсарып, өңірдің көліктік-логистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Учаскедегі жөндеу жұмыстарының сапасын облыстық Жол сапасы активтері ұлттық орталығы өз бақылауында ұстайды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.