«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮГІ АУЫР ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нарықтық экономикадағы не­­гізгі қозғаушы күштің бірі – жеңіл өнеркәсіп саласы. Халық тұ­ты­натын тауарларды өндіретін бұл сала маңыздылығы жағы­нан азық-түліктен соң екінші орында.

Бүгінгі таңда елімізде 1400 же­ңіл кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның 58 пайызы – тігін, 33 пайызы – тоқыма бұйымда­рын, 9 пайызы (119) – былғары және со­ған жататын өнімдер өндіретін кәсіпорындар. Сала­ның 97 па­йы­зын шағын кәсіпорындар құ­райды. Елімізде алғашқы үш ай­дағы жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 52,7 млрд. теңгені құрап отыр.

Елімізде нарықтық экономи­ка­ны дамыту жеңіл өнеркәсіп саласын дамытудан бастала­тынын айттық. Ал соның ішінде тігін өнеркәсібінің алатын орны ерекше. Облыс орталығындағы “Прогресс” тігін фабрикасы – ер­теден жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын.

Бұл тігін фабрикасының та­ри­х­ы сонау 1947 жылдан баста­лады. Кеңес Одағында аты дүр­кіреп тұрған “Комсомолка” фаб­рикасы алғашында балаларға арналған киімдер, сыртқы киім мен мектеп формасын шыға­рып тұрған. Сол уақытта 1000-нан астам маманның негізгі жұ­мыс орны болған тігін фабри­касы экономикалық тоқырау ке­зеңін еңсере алмай, дағдарыс­қа тап болады. Ал 1993-2012 жылдар аралығында небәрі 13 қана қызметкер қалып, кәсіп­орын жабылуға шақ қалады.

Дегенмен 2012 жылы фаб­ри­ка басшылығы ауысып, “Прог­ресс” деген атаумен қайта іске қосылады. Тағдыры қыл үс­тінде болған фабриканың жұ­мысы қызып, сол жылы тігіншілерді қайта жұмысқа қабылдай бастайды. 2016 жылы “Кайдзен” үнемді өндіріс технология­сы енгізіліп, қызметкерлер са­нын 15-тен 160 адамға дейін кө­бейтеді.

Сол жылдары фабрика “IRBY style” деп аталатын авторлық бренд бойынша балаларға ар­налған киім-кешек шығарады. Қолжетімді баға мен жоғары сапаны үйлестіре білген өнім­дер – халықаралық стандарт­тар бойынша ISO 9001-2009 (ISO 9001-2008) сертификаты­мен расталған “Durkopp” неміс брендінің заманауи жабдықта­рымен тігіледі.

Тігін фабрикасы 2017-2020 жылдар аралы­ғын­да тағы да қиындыққа ұшырайды. Осыған қарамастан 2021 жылы HR Capital компаниясы ұсынған “Перформии” техноло­гиясын қолдана отырып, басшылық пен қызметкерлердің 80 пайызын ауыстырып, тігін фабрикасы екінші мәрте қызу жұмысқа кіріседі. Осы жылдан бастап әскери киімдер тіге бас­тай­ды. Жергілікті өнімнің сапа­сына Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұлан басшылығы жоға­ры баға беріп, арнайы әскери киім өндіруге ірі тапсырыстар береді.

Бүгіндері Аста­на мен Петропавл қаласында кеңселері бар тігін фабрика­сын­да жүзге жуық адам жұмыс істейді, жылына 90000-ға жуық өнім шығарады. Кәсіп­орын­нан шығарылатын өнім­дер­дің түрі өте кең. Негізгі тап­сы­рыс берушілер – Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, Төтенше жағдайлар ми­нистрлігі, Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті, Шекара қызметі, сон­дай-ақ жеке құрылыс, қауіпсіз­дік кәсіпорындары, мұнай өң­деу секторының ұйымдары, ша­ғын және орта бизнес компа­ниялары.

Тігін фабрикасының осын­дай дәрежеге жетуі қиын-қыстау заманға қарамастан өз ісіне адал болған қызметкерле­рге тікелей байланысты екені айқын. Тігін фабрикасындағы технолог Райхан Сағындықова кәсіпорында 40 жылдан бері ең­бек етіп келеді. 1980 жылы сол кездегі “Комсомолка” тігін фаб­рикасында еңбек жолын баста­ған ол содан бері жұмыс орнын ауыстырмаған.

“Қазіргі уақытта бір мың дана ко­муфляж тігіп жатырмыз. Мұнда өз ісін жақсы көретін, білікті ма­мандар жұмыс істейді. Әрқа­шан тігіншілеріміздің біліктілігін арттырып отырамыз. Мен бас­қа­ратын бөлім жаңа киім үлгіле­рін әзірлеуге және сынауға ар­налған “эксперименттік цех” деп аталады. Бұл цехта киім өн­дірісінің дизайны мен техноло­гиясы бойынша мамандар жұ­мыс істейді. Мұнда әрбір жеке тапсырыс беруші үшін бірегей үлгілерді әзірлейміз. Тапсырыс берушінің көңілінен шық­қан соң ғана үлгісі жасалып, тігуге жіберіледі” – дейді Райхан Сағындықова.

Өңірдің ғана емес, еліміздің экономикасына қомақты үлес қосып отырған кәсіпорын бүгінгі таңда жергілікті климаттық жағ­дайды ескере отырып, сыртқы киім тігіп, сатылымға шығаруды жоспарлап отыр.

Отандық жеңіл өнеркәсіп кә­сіпорындарына мемлекет тара­пынан үздіксіз қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, биыл Үкімет “Ұлттық режімнен алып қоюды белгілеудің кейбір мәселелері туралы” қаулы қабылдады. Ма­мандардың айтуынша, бұл қау­лыға сәйкес, Қазақстанның же­ңіл өнеркәсіп өндірушілері рет­телетін сатып алуға жалпы тәр­тіп негізінде қатыспайды және оларға басымдық беріледі. Бұл шара мемлекеттің тапсырыс есебінен отандық кәсіпорындарды тапсырыспен қамтама­сыз ету үшін жасалып отыр. Нә­тижесінде жұмыс орындары­ның сақталуы мен көбеюі, бюд­жетке салық аударымдарының тұрақты түсуі, жеңіл өнеркәсіп са­ласының дамуы және жалпы ұлттық экономиканың өсуіне ық­пал жасайды.

Соңғы жылдары облыста же­ңіл кәсіпорындар саны 25 па­йыз­ға артқан. Өңірде бұл сала­да 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес 20 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұлардың алдында шикізатты дайын өнімге дейін өңдеп, нарықта “Made in Qazaqstan” жазуымен шығатын өнімдерді көбейту міндеті қойыл­ған.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Аяжан НҰРАХМЕТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp