«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БІРЛІКТЕГІ” ҚУАНЫШ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен “Қазақстан халқына” қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева тасқын судан үйлері жарамсыз деп танылған тұр­ғындарды қоныстойларымен құттықтап, “Бірлік” шағынауданында жаңадан салынған алғашқы 53 үйдің кілтін табыстады.

Су тасқынынан зардап шек­кен жандарға арналып “Бірлік” шағынауданы бой көтеруде. Атал­ған шағынауданда ме­це­нат­тардың қаражатына 700 бас­пана салынбақ. 100 үйдің құ­рылысы 24 сәуір күні бастал­ған бо­латын. Небәрі 5 аптаның ішін­де алғашқы 53 баспана салынды. Оған қажетті қаражатты отан­дық ірі кә­сіп иелері: “Kaspi.kz” ди­ректорлар кеңесінің төрағасы Вя­чеслав Ким, “Kazakhmys” кор­по­рациясы директорлар кеңе­сі­нің төрағасы Эдуард Огай және “Kazminerals management” ком­паниясының бас­қарма төраға­сы Эльдар Мамедов, “Қазақ­стан хал­қына” қо­рының басқарма тө­рағасы Бо­лат Жәмішев және “ЦАЭК” ком­паниялар то­бы­ның ак­ционері Сергей Кан бөл­ген болатын. Сон­дай-ақ “ЗИКСТО” кәсіпорынының құрыл­тайшысы Сергей Павлин­гер қоныстану­шыларға тұр­мыстық техникалар мен жиһаз сатып алу үшін көмек берді.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұ­хамбетов жаңа баспана иелерін құттықтап, күні-түні тұрғын үй­лерді салуға атсалысқан құры­лысшыларға ризашылығын білдіріп, бірқатарын Алғыс хатпен марапаттады.

– Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар үшін бүгін қуанышты күн, алғашқы легі жаңа баспа­наға ие болуда. Жаңа үйлер мемлекет басшысының тапсыр­ма­сына сай салынып жатыр. Қар­­жы бөлген демеушілерге және баспананы тез арада тұр­ғызуға ат салысқан құрылысшыларға алғыс айтамын. Зардап шеккен­дерге жамандықтың бәрі артта қалып, жаңа үйде тек береке мен бақыт орнасын деп тілей­мін. Қо­ныс құтты болсын! – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұ­хамбетов.

Ел бойынша жаңа үйлер ал­ғашқы болып тасқын судан зар­дап шеккен өңір тұрғындарына берілуде. “Су апаты болғанда осы өңірге келіп, облыс әкімімен кеңесе отырып, тұрғындар үшін жайлы әрі сапалы үй салуды жоспарладық. Біз алғаш келген­де бұл жерде ештеңе жоқ бола­тын. Бүгін міне, әдемі шағынау­данға айналғанын көріп, қуанып тұрмын. Енді қалған үйлердің де құрылысы тез арада аяқталып, барлық зардап шеккен тұрғын­дар баспаналы болса екен деп тілейміз. Жаңа үйлеріңіз тек ба­қытқа толы болсын!” – деді “Қа­зақстан халқына” қоры төраға­сының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.

“Бірлік” шағынауданында са­лы­нып жатқан жаңа баспана­лардың құрылысына күні кеше “Ауыл” партиясы Солтүстік Қа­зақстан облыстық филиалы­ның студент жасақтары да көмек­те­суде. Жастар кәсіби құрылыс­шы­ларға қолғабыс етіп, үйлер­дің ішін әрлеу, айналасын кө­гал­дандыру, ағаш отырғызу жұмыс­тарын атқаруда. Жалақы күн сайын еңбек еткен сағатына қа­рай төленеді. Жұмыс уақыты та­ңертеңгі 9-дан кешкі 19.00-ге дейін жалғасады. Түскі тамақты жұмыс беруші кәсіпорындар те­гін ұйымдастырады. Жұмысшы­лар үшін қалаға қатынайтын қо­ғамдық көліктің уақыты ұзартыл­ған.

– Жас құрылысшылардың қауіпсіздігі басты назарда болған­дықтан, оларға жеңіл жұмыс­тар ғана тапсырылады. Қатары­мызда құрылыс колледжі­­нің сту­денттері болғандықтан, олар кә­сіби құрылысшы­лардың қасында жүріп көмек­тесуде. Жасақ құ­рамындағы 25 жас үйлердің құ­рылысына ара­ласуда. Қазір сес­сия болған­дықтан, жастары­мыз­дың көбі оқуда жүр. Жуырда қатары­мызға қосылады. Құры­лыс от­рядына қосылуға өтінім бе­ріп жатқан жастардың саны ар­тып келеді, – деді “Ауыл” пар­тиясы жанындағы жастар қанаты­ның төрағасы Әлфараби Мыңбай.

Бүгінгі таңда 300-ге жуық отбасы “Бірлік” шағынауданындағы жаңа үйлерге қоныстану жөнінде өтінім берген. Сондық­тан бұл жер аз уақыттың ішінде дамыған инфрақұрылымы бар шағын қалашыққа айналмақ. Тұрғындарға жағдай жасау мақ­сатында меценаттардың қара­жатына балабақша құрылысы басталып кетті. Жақын маңда “жайлы мектептің” құрылысы жүріп жатыр.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp