Жуырда Есіл ауданына іссапармен барып, ауылдардағы оқу орындарының жай-күйімен, тыныс-тіршілігімен таныстық. Іссапарымыз Покровка ауылдық округінен басталды. Төрт елді мекен қарайтын ауылдық округте барлығы 1805 тұрғын өмір сүріп жатыр. Ауылдық округ аумағында 33 агроқұрылым жұмыс істейді. Негізінен дәнді және майлы дақылдарды өсірумен айналысады.
Ат басын Покровка орта мектебіне бұрдық. Мұнда өткен оқу жылында 235 оқушы білім алған. Қазақ сыныбына 13 бала барып жүр. Мектепте оқушыларды өнерге баулып, эстетикалық талғамын дамытып, қабілеттерін арттыру мақсатында 14 үйірме жұмыс істейді. Соның ішінде қазақ тілін оқытуға, дамытуға арналған үйірме де бар. Биылғы оқу жылында робототехника және домбыра үйірмелері де ашылған екен.
– Биылғы оқу жылында 11-сынып оқушысы Виталий Сухомлинов ауыл мектептері арасында өткен олимпиадада, одан кейін облыста бірінші орынды жеңіп алды. Республикалық кезеңде де бірінші орынды иеленіп, Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы жоғары оқу орнының грант иегері атанды. Жалпы мектебімізде Виталий секілді мақтанышымызға айналған оқушылар өте көп. 2022 жылы алғашқы қазақ сыныбы ашылды. Қазіргі таңда қазақ тілінде білім беретін даярлық, бірінші және екінші сынып бар, – дейді Покровка орта мектебінің директоры Біржан Қойшыбаев.
Келесі сапарымыз Покровка ауылдық округінің аумағындағы Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжінде жалғасты. Биылғы оқу жылында колледжді 163 студент сәтті аяқтаса, оның 58-і – сырттай білім алғандар.
Оқу ісінің меңгерушісі Татьяна Дмитриктің сөзінше, жоғары ауыл шаруашылығы колледжінде оқу және материалдық базаны дамытумен қатар даярланатын мамандықтар да көбейген. Өңірге қажет дәнекерлеу, агрономия, есеп және аудит, ауыл шаруашылығын механикаландыру, тамақтануды ұйымдастыру, ветеринария, орман шаруашылығы, ет және ет өнімдерін өндіру, сүт және сүт өнімдерін өндіру мамандықтары бойынша кадрлар осында оқиды.
Колледждің 391 гектарды құрайтын оқу-өндірістік шаруашылығы бар. Оны студенттерге өндірістік оқыту үшін оқу-тәжірибелік алаң ретінде пайдаланып, түрлі дақылдар мен картоп егеді.
Бұдан әрі Чириковка ауылындағы орта мектепке табан тіредік. Ұжыммен кездесуде айтылған мәселе – мектепте интернет жоқ. Ал қазіргі таңда интернетсіз жұмыс өнбейтіні түсінікті.
“Біздің жұмысымыз толығымен интернетпен байланысты. “Күнделік.kz” толтыру, тоқсан сайын оқушыларды тестілеу, бейнеса-бақтар көрсету үшін де интернет қажет. Мектепте интернеттің жоқтығынан барлық жұмысты үйге алып барып орындаймыз. Түнімен отыруға тура келеді. Ауылда да интернет сапасы нашар. Көп жерге хат жазғанымызбен, шешімін таппады”, – деп мектеп ұстаздары шағымдарын айтты.
Ұстаздардың шағымынан кейін Чириковка ауылдық округінің әкімдігіне хабарластық. Әкімдіктегілер Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне былтыр да, биыл да өтініштер жолдағанын, ондағылар “халық саны аз шағын елді мекен болғандықтан, ештеңе істей алмайтыны жөнінде ресми жауап бергенін алға тартты. Содан кейін бұл мәселе “жабулы қазан” күйінде қалған секілді.
Аудан орталығынан 70 шақырым жерде орналасқан Бұлақ ауылындағы орта мектеп заманауи құрал-жабдықтармен, атап айтқанда интербелсенді панельдермен, ноутбук және нетбуктар, планшеттермен жабдықталған. Мектеп қабырғасында тәрбиеленушілерге жан-жақты білім мен тәрбие беруге бағытталған әртүрлі үйірмелер жұмыс істейді. Мәселен, музыка пәнінің мұғалімі Бақытгүл Талқамбаеваның жетекшілік етуімен жұмыс істеп жатқан домбыра үйірмесі – мектепте өтетін әртүрлі іс-шаралардың көркі. Оқушылардың ұлттық аспапты үйренуге деген ынта-жігерлері де ерекше. Ұстаздың талапты шәкірттері Аяжан Қайранасова, Елнұр Төлеген аудандық, облыстық іс-шараларға, байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде.
Үш жыл бұрын ашылған күрес секциясы ауыл балаларына үлкен серпіліс әкелген. Мектеп тәрбиеленушілері аудандық жарыстардан үнемі жүлделі орындар иеленіп жүр. Мектеп қабырғасында жұмыс істейтін өлкетану үйірмесі аясында оқушылар туған жердің тарихымен танысып, білім аясын кеңейтуде.
Мектеп оқушылары аудандық, облыстық Мағжан, Абай, Қожаберген жырау оқуларына, ғылыми жобалар, өзге де интеллектуалдық байқауларға, өнер жарыстарына белсенді қатысады. Соңғы екі жыл қатарынан мектеп түлектері түгел дерлік жоғары оқу орындарында грант бойынша оқып жатыр.
Мектеп басшылығының айтуынша, ұжымның ең үлкен жетістігі – 2023 жылы округтер арасында Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналған мәдени іс-шарада бас жүлдені ұтып алғаны. Оған берілген 1 млн. теңгеге мектептегі түрлі іс-шараларды музыкалық сүйемелдеу үшін қажетті құрал-жабдық сатып алған.
Іссапар барысында еліміздің болашағы– білімді ұрпақты тәрбиелеп отырған әр оқу ордасы замана көшінен қалмай, барынша даму жолына түскенін көріп риза болдық.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.