Ақжар аудандық тарихи-өлкетану мұражайында Алаштың арда туған азаматы Смағұл Сәдуақасұлының өртелген мәйітінің күлі жатқан құтының көшірмесі бар. Музей қызметкері Айнар Мақышеваның айтуынша, құнды жәдігерді мәдениет ордасына ұлт қайраткерінің туысы Қапар Айтуғанов 2011 жылы табыстаған.
ХХ ғасырдың басында Алашорда сапында тәуелсіздік үшін күрескен тұлғаның небәрі 33 жыл ғұмыр кешкені белгілі. Қазақтың ардақты перзенті өмірінің соңында Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысында бас инженер болып қызмет етіп, 1933 жылдың желтоқсанында Кремль ауруханасында жұмбақ жағдайда көз жұмған. Кейін мүрдесі өртеліп, күлі Дон зиратында сақталып келген болатын. Смағұлтанушы ғалым Дихан Қамзабекұлының бастамасымен тарихи тұлға мәйітінің күлі 77 жылдан кейін елордаға жеткізілді.
Тұлға мәйітінің күлі сақталған құтыны музей меймандары ерекше қастерлейді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.