1983 жылғы қыркүйек айының аяқ кезі. Күздің күні деуге келмейтін, бір жаймашуақ, көкжиекке көк желегін созған, жайлы да, жайдарлы күн. Көлігім – қылығыма көнетін көк велосипед. Иман-Бұрлық өзенінің бойымен жүріп, дәл Есілге кеп құятын сағасын тамашалап, көгілдір айдынның көркін кіргізіп тұрған ошақ-ошақ аралдарға сүйсініп, төмендеу жерде жотасы бөлек Қорғантасқа қарап, табиғаттың тылсым сұлулығына аң-таң болып, өзімнің осы бір көркем көрініске куә болғаныма қуана-қуана шабыттанып, ерекше бір сезімнің құшағындамын. Көсіле құлап жатқан табиғи тастар да Қорғантастың атын әшкерелегендей. Енді көлденең көк Есілдің бойын бойлап, қыртыс-қыртыс жартастарды жағалап, бірін суретке түсіріп, бірін белгілі тұлғаларға ұқсатып, жоғарылай бердім.
Екі-үш шақырымдай жер өткен кезде Есілдің оң жағасынан алыс емес жерде қарауытқан зираттың құлпысын көрдім. Біздің елдің зираттарына ұқсамайтын, сүлбесі басқа, қызыл-қоңыр тастан көтерілген үйлері бар көзге оқшау көрінеді. Бар көңілім сол зиратқа ауды. Көп ойланбастан бетімді сол жаққа түзедім. Әне-міне дегенше зиратқа да жеттім. Алғашында көзге түспеген, үйлердің сырт жағында бір “Волга” автокөлігі тұр екен, жанында үш-төрт кісі қарауытады. Жақын келіп көргенімде, еңсегей бойлы, иықты да, үстінде әппақ көйлегі бар, қалың шашын артына қарай қайырған, қоңыр көзді, салмақты көзқарасы бар, жүзі көрікті, ел ағасылау кісі көзіме оттай басылды. Жанындағы үш жігіт сол кісімен еріп келген, киім-кешектері өзгешеленіп, бар болмыстарын ақтартқандай.
Әліптің алды сәлем демекші, алшаң басып бардым да, бар даусымды сала “Ассалаумағалейкүм!” – деп, қос қолымды жая, әлгі үлкен кісіге ұсынып, сәлем бердім. Тосыннан шыққан дауысқа таңғала, менің екі қолымды шап беріп, қысып алды да “Уағалейкүмәссәләм!” – деп, сәлемімді алды. Жанындағы жігіттермен де қос қолдап сәлемдестім. Олар да сәлемдесіп, қауғаласып қалды. Еңгезердей ағамыздың дауысы да зор екен, мені сүзе қарап, бұрын көрмеген неткен бала дегендей:
– Иә, бала, қайдан жүрсің, кім боласың? – деді. Мен осы жерден алыс емес, Соколовка дейтін орыс селосындағы сегіз жылдық мектептің білдей бір директоры екенімді айттым.
– Келгеніме екі ай болды, маңайдың жер-суын таниын деген ниетпен, демалыс күнін пайдаланып, түз аралап жүрмін, – дедім. – Елім – Түшке Бірлік, руым – Бәйімбет, жасым – 25-те, атым – Дәстен, тегім – Баймұқанов. Жауабым жоталы да, айғақты да болды ма, “Жарайсың, жарайсың балам, ісің дұрыс екен”, – деп қолпаштап қойды. Тағы да сүзе қарап, сәл ойланып тұрып:
– Мені танисың ба? – деп сұрады. Қиналсам да, шындығын айттым. “Аға, танымаймын”, – деген жауабым жанындағыларға жабайы көрінді ме, миығынан сәл күлген болды.
– Мен Евней Букетов дейтін ағаң боламын, – деді.
Басымнан жай ұрғандай, сәл-сәл сасып қалдым. Еліміздің ерен қабырғадай тұлғасы екенін әкем мен шешемнің әңгімелерінен, ауылдағы үлкендердің айтқанынан, институт қабырғасында жүргенде ол кісі туралы талай-талай ұстаздардың естеліктерінен естіп білгенбіз.
– Сыртыңыздан тойынып таныған тұлға екеніңізді білгенмен, бірінші рет тірідей көруім, – дедім сасқанымнан. Ол кісі “ха-ха-ха” деп күліп қоя берді. Күлгені менің жағдайымды кішкене болсын жеңілдетіп жіберді.
– Ал, бала не таптың? – деді тесіле қарап.
Иман-Бұрлықтың Есілге құяр маңында 1930 жылдары Лениннің жоспарын іске асырамыз деп гидроэлектростанция салуға кірісіпті, оған маңайдағы ауылдарды жұмылдырып, қазу жұмыстарын бастаған екен, бірақ әртүрлі жағдайларға байланысты тоқтап қалған екен, соның орнын тапқанымды айттым. “Жарайсың, жарайсың бұл бір тың нәрсе, ал тағы не таптың?”, – дегеніне мен үнсіз қалдым.
Зират басына құран оқылды, сосын бәрімізді “Волганың” жанына шақырып, шағын да шамалы ас берді. Сораптап отырып шай іштік. Ағамыз сәл ойланып отырып, көкжиекке көз жүгіртіп:
– Бұл қорым – біздің ата-бабаларымыздың аруағының жай тапқан жері. Анау Есілдің ар жағындағы ауыл – менің туып өскен ауылым Бағанаты. Есіл мен ауылдың арасындағы үлкен алқа Алыпқаш деп аталады, он мың жылқы қамасаң сыйып кетеді, – деді. Қиян шыңда қонақтаған қыран бүркіттей маңайға көзін созылта, сүзе қарап, қансонар әңгімені бастап кетті. “18 ғасырдың басында, қазақтың басына қатты қасірет төнді. Шығысынан жоңғар мен шүршіт, ойрат пен бұйрат, түскейінен хиуа мен қырғыз, батысынан түрікмен, құба қалмақ, терістігінен естек пен орыс қазақтың жерін жаулап, жұртын жосытып жіберді. Сол аласапыран аңғал сәтте қазақтың алқалы қолы абдырап, жері мен жұртына не пана, не дана болмай аңырағанда, елінің еңсесін көтеріп, етегін жинаған Абылайдай ер еді ғой. 14 жасында Атығайға келіп сұлтан болған сол Абылай елдің басын қосып, ерлерін түгендей білді. Сол қиямет қиын кезде Абылайдың бірі оң қанаты, бірі сол қанаты болған Құлеке мен Құлсары еді. Құлеке – Бәйімбеттен болса, Құлсары – Құдайберді. Қазақтың шығысын, түстігін, батысын түгендегесін Абылай жүзін теріскейге бұрды. Оның бар ойын іске асыруға белсене кіріскен, сенімді серігі Құлеке батыр еді. Жанына ерткен жеті батырымен Атығайдың қолын бастап, Көлденең көк Есілдің бойын жаулаған естек жұртына жайындай тиді. Құлекенің жанындағы жеті батыры – үлкені Тышқан, Қаумен, Маңдай, Жанатай, Мәмбет, Жәпек, Жантелі.
Есілдің бойынан жанталасқан жауын үдерте қуған қазақ қолының шешуші шайқасы, Алыпқаштың алқасында шешілетін болды. Екі жақтың мыңғырған қолы, тұрысатын жеріне, тағдырларын найзаның ұшына түйіп, қан майданға қасқая бет түзеп, жан беруге дайын еді. Сүт пісірім уақыттан кейін “Жекпе-жек, жекпе-жек”, – деген дауыс шықты. Жау қайдасың деп тұрған батырлардың делебесі қозып, көздері қанталап, найза қылышын жонтайлап, қарсыласын іздеп, өршелене бастады. Сол кезде Естек қолының алдына көлденеңі есік пен төрдей, алқымы аршаланған, тұяқтары ошақтың орнындай, арыстандай талтайған, көкірегі көк тірегендей қарагер атқа мінген, алпамсадай алқалы, екі иығына екі кісі отырғандай еңселі, кіреуке сауыт киген, басында даңғарадай дулығасы бар, бес қаруын асынған, еңгезердей денелі батыр шыға келді. Дауылпаздай аңғырта “жекпе-жек, жекпе-жек” дегені жер жаңғыртады. Астындағы қарагер ат та, қапталдан шапқан қабандай қорсылдап, иесін көрсетейін дегендей, алшаң басып, бері тартты. Бұл – Бағанаты батыр еді.
Жауды көрген Құлекенің батырлары да “мен-мен” деп, жекпе-жекке дайын екендерін білдіргендей желкелері күжірейіп, қанаттарын қомдаған қырандай қайсарланып, қаруларын қомдап, өршелене ұмтыла бастады. Сол кезде Құлеке батыр қолын көтеріп, тоқтау айтып, сөйлес қылды. “Ау, батырлар, өткен жылы жайлауда жүрген бауырым Тілекені естектің батырлары Бағанаты, Шуда, Сары қапыда қамап, қанын ішіп еді. Қайран ер қапыда кетіп еді. Бауырымның өші менің мойнымда, ендеше таласқа салмаңдар, өзім шығам жекпе-жекке”, – дегенде қалың қол тас көшкендей гүр етті. Себебі Құлекенің жасы да біразға келіп қалған еді. Жанатай жол менікі десе, Жәпек те жол сұрады, жас қырандар Мәмбет пен Маңдай да құлшына-құлшына жол сұрады. “Жоқ! Өзім”, – деп, көлденеңі көшкен жолдай алқымы сала құлаш, тілерсектері бурадай, жотасы жалпақ, екі танауы борсықтың ініндей үңірейген, мойны темірсаптай сыланған бозайғырын бүлкілдегінен бір қағып, алға шықты. Құлеке батыр кеңірдегін кере, дауысын қатайта: “Сайыстағы қаруыңды айт”, – деді. Жау жағынан жақ тартамыз, нысана арасы жүз құлаш деген Бағанаты батырдың үні естілді.
Бағанаты батырдың атымпаз мерген екені аңыз болып, тарапқа таралып кеткен. Құлеке батыр қасқайып барып, өз орнын алды. Бағанаты батыр да, жүз құлаш жерге тоқтады. Батырлар сауыт кигенде кіндіктің сол жағынан екі елі төмен жерден бос орын қалдырады, соны нысана дейді екен. “Ау, батыр Ясылдың бойын мен жайлап ем, бірінші жақ тарту кезегі менікі”, – деді Бағанаты батыр. Естектер Есілді Ясыл, яғни жасыл дейді екен, жасыл болатын себебі судың түсіне қарап аталған. Сонау Арқадан төмен аққан Есіл өзені жер қойнауындағы мыс минералдарын ерітіп, жасыл түстенеді екен. Болса болсын деп Құлеке батыр көкірегін кере, қасқиған кейпінен тартынбады. Сауыт бұзар сұр жебені адырнасына ілдіріп, қарагердің үстінде керіліп тұрып, құлақтан асыра кере тартып “Нысанам осы-ау”, – деп адырнасын азыната босатты-ау Бағанаты батыр.
Құс қанатымен қосақтаған, сауыт бұзар сұр жебе ысқырған күйі көзді ашып-жұмғанша болмай Құлекенің кеудесіне кеп, кірш етіп кіріп кетті. Талай жауын қансыратқан Бағанатының жебесіне сенімі мол еді. Құлеке қасарған күйінен өзгерместен, жеті қабат сауытын жара кірген сұр жебеге, бір қарап “Иә, аруақ, желеп-жебегеніңе тәуіп етем”, – деп маңайын сүзе бір қарап өтті. Оның себебі бар еді. Құлеке туып, шешесінің емшегін емгенде, шешесі таңырқап, бұл балам өскенде батыр болады деп болжап, баласына батыр болғанда киіп жүрсін, бәле-жала, оқ пен шоқтан сақтап жүрсін деп еткөйлек тігіп, емшегінің сүтіне жуған екен. Батыр жауға шапқанда сол анасынан аманаттап қалған еткөйлегін киеді екен. Жеті қабат сауыт бұзған сұр жебенің күші, ана сүтіне жуған еткөйлекті сөге алмаған екен. Қайран құдіретіңнен айналайын, ананың сүті! Серттескен сұр жебесінің селт кеткеніне таңғалған Бағанатының түрі қарауытып, қаны қызып, қапысыздың қамын шекті. Қанша налыса да, қаруды таңдаған өзі, кезекті алған өзі, болмыстың шешуіне көніп, қасқая қарсы тұрды.
Құлеке қорамсаға қол салды. Аққу қанатымен қолпаштаған, сауыт бұзар сұр жебесін алып садағына саптады. Құлекенің садағын жасаған қарудың шебері Таңатар, садақтың бойын бір жыл бойы тұзға оралып жатқан қызыл қайыңнан салалап, арқардың мүйізімен кептеп, күшейтіп, адырнасын сегіз жасар өгіздің тілерсегінің сіңірінен есіп байлаған екен. Құлекенің садағын ешкім ұстамайды екен, ұстаса да адырнасын тарта алмайды екен. Құлеке сұр жебесін адырнасына саптап, шалқая, көсіле тартып, бар жеріңнің бағын сына дегендей босата салды. Өгіздей аңырап барған сұр жебе Бағанаты батырдың көкірегін қақ жарып, тесіп өтіп, ары қарай алшақтап барып, бір дөңестеу жерге барып қадалды.
Құлекенің садағының адырнасы бір сұмдықтың болғанын сезгендей, өгіздей азынап тұрып, жебе жерге қадалғанда тоқтай қалды. Сәл бір сәттен кейін алпамсадай Бағанаты батыр ат үстінен омақаса құлап түсті. Қалың қол “Батыр өлді, батыр өлді”, – деп у-шу болды. Естектің қолынан ес кетіп, езіле қашты. Ұрыс даласында қансыраған Бағанаты батыр Құлекеге “Датым бар еді”, – деп өтініш қылады. Қанша жауласса да, жауын сыйлай білген Құлеке батыр әлсіз қалған Бағанаты батырға сөйлес қылуға келеді. Сонда Бағанаты батыр: “Ал, Құлеке, сен жықтың, мен жығылдым, қаруды сұрадым, қарсы болмадың, кезегімді сұрадым, қарсы болмадың, соңғы сұрауым –топырақ бұйырған шығар, осы жерге мені жерлесең”, – деген екен. Жаулығы өз алдына, батырлығы бөлек деп, арулап Иман-Бұрлық өзенінің оң жақ бойындағы Қорғантастың дөңіне оба тұрғызып, жерлеген екен. Естек елінің бір бөлігі Атығайға кіріп, аталас болып кеткен, қалған бір бөлігі жөңкіле көшіп, Челябі жағында Шұбаркөлге дейін кетіп, сол жақта қалған. Есілдің сол жақ бетінде Иман-Бұрлық өзенінің өзенге құяр сағасына қарама-қарсы тұрған ауылдың аты – Бағанаты.
Құлеке қартайып, қыс көзі қатал суық кезде дүниеден өтеді. Үш жүзге сауын айтылып, жаназасына қалың ел жиналған деседі. Абылай ханның шешімімен, хан кеңесінің құптауымен денесі Қожа Ахмет кесенесінің жанындағы Ұлы қорымға жерленетін болып шешіледі. Жоғарғы Бәйімбеттегі, Уанастың ішіндегі Шөкей дейтін балгер, емші Құлекенің денесін ақ балшық пен сордың тұздығына жусан шөбін қосып сылап, жылқының терісіне тұмшалап тігіп сірелеген. Шал (Тілеуке) әкесіне арнап жоқтау айтқан екен:
“Құлеке, жиырмада арқар еді,
Отызда би, қырқында дарқан еді.
Кешегі дулап өткен Құлекенің
Алдынан орыс, қазақ тарқап еді.
Алпыс бір, мүшел келді, мерттей болып,
Өтпедің сол мүшелден, серттей болып.
Кешегі дулап жүрген, ер Құлеке
Су тиген, сөне қалдың өрттей болып.
Астынан көк өгіздің тас көтерген,
Кісіні арықтаған ас көтерген.
Бәрі де туған жанның өлмей тұрса,
Бұрынғы үлкен қайда бас көтерген.
Астынан қара тастың су көтерген,
Мұнарды суға түскен, бу көтерген.
Бәрі де туған жанның өлмей тұрса,
Бұрынғы батыр қайда ту көтерген!”
Сосын жазғытұры, жер қардан босағасын баласы Шал ақын әкесінің денесін Түркістанға, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанындағы қорымға жерлеген. Басындағы құлпытасы әлі күнге дейін сақтаулы. Анау тұрған сол Бағанатының обасы”, – деп ағамыз сөзін аяқтады. Қаншама жыл өтсе де сол ғұлама ағаның айтқан әңгімесі әлі де жадымда. Әсерлі әңгімесі еске түскенде сол заманның жаңғырығы жадымды жүгендеп, тарих қойнауына жетелей береді. Бітпес баққа тең бір кездесу болған еді. Аруағыңнан айналдым, бабаларым!
Дәстен БАЙМҰҚАНОВ,
өлкетанушы.