«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тамағыңыздан түйін байқасаңыз дереу дәрігерге көрініңіз!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұйқышылдық, шамадан тыс тершеңдік, ашуланшақтық, ентігу, тамақтың жыбырлауы. Бұл – қалқанша безі қатерлі ісігінің алғашқы белгілері.

Қалқанша безінің қатерлі ісігі – обырдың сирек кездесетін түрі болып есептеледі, оның үлесі барлық онкологиялық аурулардың ішінде 1 пайызды ғана құрайды. Десек те, эндокриндік қатерлі ісік әлемде жаңадан диагноз қойылған жайттардың жалпы санының 91,2 пайызына тең келіп отыр.

Облыста қалқанша безінің қатерлі ісігімен былтыр 61 науқас диспансерлік есепке алынды. Биыл 5 айдың ішінде 90 адамға осы диагноз қойылды. Олардың 55-інде обырдың бірінші сатысы, 12 адамда 3-4 сатысы анықталды. Осы аралықта 17 адам қайтыс болды. Қазіргі уақытта өңірде 2262 адам дәрігерлердің бақылауына алынған. Сырқаттанғандардың ішінде әйелдердің үлесі басым – 1565 адам.

Қалқанша безі көбелек тәрізді және мойынның ортаңғы бөлігінде трахеяның алдында және көмейдің астында орналасқан. Ол екі бөліктен тұрады. Қалқанша безінің артында ағзадағы кальций алмасуына жауап беретін төрт кішкентай қалқанша маңы безі орналасқан. Ал екі жағында орналасқан жүйке талшығы дауыстың шығуын қамтамасыз етеді. Олардың зақымдануы кейбір жағдайларда дауыстың өзгеруіне әсер етуі мүмкін.

Қалқанша безі гормон түзіп, ол қан арқылы тарап, көптеген органдардың жұмысына өмір бойы әсер етеді. Негізгі қызметі – жасушалардың белсенділігін ынталандыру. Қалқанша безінің гормондары жүрек соғу жиілігін, дене салмағын, температурасын, ұйқыны реттейді.

Статистикаға сәйкес, қал-қанша бездегі өзгерістерді анықтау ықтималдығы адамның жасына тікелей пропорционалды: жасы неғұрлым үлкен болса, өзгеріс соғұрлым жоғары болады. Тәуекел тобына 50 жастан асқан адамдар кіреді. Дегенмен, соңғы кезде жастарда да қалқанша безінің қатерлі ісігі жиі анықталатын болған.

Қалқанша безінің өзгеруіне бірқатар фактор ықпал етуі мүмкін, ол: генетикалық бейімділік, эндокриндік жүйе жұмысындағы ауытқулар, радиологиялық сәуле алудың әсері, ағзадағы йод тапшылығы, ұзақ уақыт қолайсыз экологиялық жағдайда өмір сүру.

Қалқанша безінде пайда болған ісіктің барлығы қауіпті, олар аз уақыт ішінде қатерлі ісікке айналуы мүмкін. Қатерсіз өсінділер мен диффузды зоб тез өсіп, едәуір ұлғайған кезде көрші органдардың қысылуына әкеліп соқтырады, бұл тыныс алуды қиындатады. Сонымен қатар, эндокринологтың бақылауын қажет ететін қалқанша безінің бірқатар созылмалы аурулары (тиреоидиттер) бар. Қалқанша безіндегі өзгерістер көбінесе ультрадыбыстық зерттеу кезінде кездейсоқ табылады.

Егер жұтынған кезде бөгде зат тұрғандай болса, демалу қиындаса, дауыс қарлығып, тембрі өзгерсе, жүрек соғысы жиілеп, дене қызатын болса, тері жұқарып, құрғап, тырнақтың сынғыштығы пайда болса эндокринологқа қаралу керек. Сондай-ақ қатерлі ісік болғанда мойынның алдыңғы жағы ауырып, қызарады, көздің асты, бет ісінеді, ұйқы басып, бұлшықет әлсіздігі, тез шаршау пайда болады. Маманға көрінуді ертеңге қалдыру арқылы алтын уақытты өткізіп алуыңыз мүмкін.

Біз қалқанша безі обырының алдын алу үшін дұрыс тамақтануға, күнделікті рационға мүмкіндігінше жемістер мен көкөністерді қосуға, физикалық белсенді болып, жеткілікті ұйықтауға кеңес береміз.

Рафаэль РИЗАЕВ,

облыстық көпбейінді аурухана жанындағы онкологиялық орталықтың онко-хирургі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp