– Сал-сері дегенде ойымызға, ең алдымен, ерекше үлгіде киінген, бөркіне үкі тағып, домбырасы күмбірлеген дауылпаз ақындар келетіні сөзсіз. Көз алдымызда асқақтата ән шырқаған Біржан салдың, көктегі аққуға үнін қосқан Ақан серінің бейнесі тұра қалғандай болады. Соңғы жылдары бұл сөзді орынды-орынсыз жерде қолданатын жандар көбейді. Салдың, серінің кім екенін ажырата алмайтын өнер адамдары да бар. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
–Жалпы сал-серілік – синкретті, бірнеше өнердің басын қосатын дәстүр. Демек сал-серінің бойында әншілік те, ақындық та, суырып салма айтыскерлік те, әртістік те бірге тоғысуы қажет. Бұдан басқа сал-серілер – парасаттылықты, адалдық пен ақиқатты, таза махаббат пен асқақ сезімді, сұлулық пен өмірге деген құштарлықты жырлайтын өнер иесі. Оның репертуары кең, мазмұны сан алуан болып келеді. Қайғысы да, өкініші де, асқақ сезімі де, махаббаты да бір жерге тоғысып, әсем әнге айналады. Сал-сері деген ұғым бүгінгі күні теңеу ретінде жиі қолданылып жүр. Өзінің түпкі мағынасын жоғалтып алды десек те болатын шығар. Біз өнерге жақын, алайда әні мен сазы жоқ адамдардың барлығына бірдей сал мен сері сөзін теліп жүрміз. Осының салдарынан сал мен серінің кім екенін, өз кезегінде қандай жұмыс атқарғанын білмейтін жандар көбеюде. “Біржан сері екен” деген сөз маған да ұнайды, естіген құлаққа жағымды. Дегенмен кешегі шынайы салсерілердің жазып қалдырған әндерін орындап жүрген қарапайым бір әншіні Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырайлармен қатар қою – олардың бағасын түсіріп, қадірін кетірумен тең. Қазақтың соңғы серісі – Сәкен Жүнісов дер едім. Серілік дәуір сол кісінің заманында аяқталған, ал басының кімнен басталғанын ешкім дәл болжап біле алмайды.
– Өнерпаздарға көрсетілетін құрмет-қошеметке көңіліңіз тола ма?
– Бұл сауалға жауап беру үшін ең алдымен кешегі жаугершілік заман туралы айтқанымыз жөн болар. Ел намысы, ұлт азаттығы үшін ата-бабаларымыз өмірінің көп бөлігін майдан даласында өткерген. Сол жаугершілік заманда әскер алдында жауынгерлердің рухын көтеріп, жігерін жану мақсатында домбырасын қолына алып, сал-серілер жүретін болған. Олар қарша борап келе жатқан жау жебесінен жасқанбаған, ажалды қасқайып тұрып қарсы алып, әскердің еңсесін көтеріп, қайратын жаныған. Сондай ерлігі үшін соғыс аяқталғаннан кейін де халық оларды ардақтап, төбесіне көтерген. Қазіргі жағдай басқаша. Өнерпаздарға көрсетілетін құрметке көңілім толады деп айта алмаймын. Концерттерді айтпағанның өзінде қарапайым той-думандарда жиналған жұртшылықтың көңілін көтеруге келген мәдениет қызметкерлері төрге озбай, есік алдынан қайтып жатады.
– Өнер адамдарының кешесі мен бүгінін салыстырсақ қандай айырмашылық байқалады?
– Ахмет Жұбанов 19-ғасырға “Алтын ғасыр” деп баға беріпті. Оның себебі, сол дәуірде қазақтың біртуар перзенттері: Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Жаяу Мұса, Естай, тағы басқалары өмірге келіп, арттарына қайталанбас, өшпес өнер қалдырып кеткен. Қазақ болмысындағы ән-күйлер сол кезде су бетіне қалқып шығып, көк аспанда еркін қалықтаған. Тыңдаған жанның құлағының құрышын қандырып, күллі қазақ даласы ән салып тұрғандай әсер сыйлаған. Сал-серілер шығарма жазумен ғана айналыспаған, ел арасына шығып туындыларын кеңінен насихаттаған. Олардың басты ерекшелігі өздері ән шығарады, сөзін де өздері жазады және өздері орындайды. Ал қазір мүлдем басқа. Ақындар өз алдына одақ құрып алған, композиторлар да дара шауып барады, әншілердің де көздегендері басқа. Қазақ өнерінен бірлік деген қасиетті ұғым жоғалып барады. Балапан басына, тұрымтай тұсына кетті. Егер орындаушы мықты болса, қазақтың сөзін түсінбесе де, орыс, неміс, француз, жапон, корей, қытай бәрі тыңдайды. Тыңдарман ұлтқа, тапқа, жікке бөлінбейді. Өнерді түсінетін жүрек соғысы – барлық ұлтқа ортақ.
–Қазақтың жыр-термелерін тыңдайтындар сирек. Дәстүрлі әндер шырқалатын концерттерге тыңдармандар аз жиналады. Біз өзіміздің ұлттық өнерімізді, ән-күйімізді насихаттай алмай отырмыз ба? Әлде көрермендердің деңгейі даңғаза музыка төңірегінен көтеріле алмай жүр ме?
– Заман өзгерді, талғам бөлек. Бұл мәселенің себебі көп. Халықты кіналауға болмайды. Тыңдағысы келмеген адам қандай амал-шаралар қолдансақ та тыңдамайды. Дәстүрлі өнерді естігісі келген адам әлемнің қай бұрышында болса да құлақ түреді. Бұл ретте біз “кім ұтты, кім ұтылды?” – деген сұраққа баса мән беруіміз керек. Өз ұлтының дәстүрлі әнін менсінбеген адамның ұтылары сөзсіз. Тыңдамайтын адамдарға бола қазақтың өнері тоқтап қалмайды. Бүгінгі күннің жырауы Алмас Алматов бірде маған: “Өнерге біз бір күнде келген жоқпыз және бір күнге келген жоқпыз”, – деген болатын. Сол сияқты қазақ өнері бір күнде ғана қалыптаспаған. Қазақ мәдениетінің алғы шебінде небір марғасқалар тұр. Біз солардың ізінен еріп келе жатырмыз. Әрине қатарымыздың мол болғанын қалаймыз. Өйткені, тәрбие де, нағыз өнер де, пәлсапа да – қазақтың дәстүрлі әнінде жатыр.
– Қазіргі әндер қыз бен жігіттің арасындағы махаббатты ғана насихаттауда, сағыну, аңсау, торығу, жек көру сынды сезімдер арпалысы. Ойға түйер оңды сөз жоқ. Бірақ тыңдарманы көп. Неге?
– Уақыт өте келе заман, өнерпаз, басшылық, қоғам бәрі де өзгереді. Адамдардың қажетін өтейтін дүниелер пайда болуда. Эстрада төрге озып тұр. Оларды жоғары жақ та, халық та еркелетті, атақ берді, аттай қалап тойларына шақырды, әспеттеді. Бұл жерде әншілердің еш кінәсі жоқ, қоғам кінәлі. Шоу-бизнесте жүргендердің айтқандары бүгін бар да, ертең жоқ дүниелер. Ал Біржан, Ақандардың қалдырып кеткен әндерінің уақыт өткен сайын қадірі артпаса, кемімейді. Елу, жүз жылдан кейін де “Балқадиша”, “Мақпал”, “Ләйлім шырақ” әндері еш өзгеріссіз сахна төрінде шырқала бермек. Қазақтың “Ит үреді, керуен көшеді” деген сөзі осындайда айтылса керек. Дәстүрлі әнге деген қызығушылықтың бәсеңдеуін ұлттық идеологияның осал тұстарымен байланыстыруға болатын шығар. Біз Жапония, Италия, Франция сияқты өркениеттің шыңында тұрған ел емеспіз. Ең жоғары жылдамдықпен жұмыс істейтін интернеттің игілігін көріп, ғарышты игеріп жатқан мемлекеттердің халқы өз ана тілдерін аяқ асты етпейді, төл мәдениеттерін тасада қалдырмайды. Олар бұл деңгейге өздері жете қойған жоқ. Ұлттық идеологияны қару еткендіктен жетті. Бізге де осындай талпыныстар керек. Қазір дәстүрлі әнге қарағанда даңғаза музыканың насихаты күштірек. Сол себепті жастар екіншісіне еліктейді.
– Белгілі ғалым Асқар Жұмаділдаев: “Қазақта екінің бірі әнші, техниканың тілін ұғатын, ел өркениетін алға сүйрейтін маман жоқ”, – деп ашынады. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
– Қазір таяқ тастасаң, әншіге тиеді. Ыңылдап ән салғанның бәрі өздерін әнші санайды. Бұрын әнші деген атақты өнерпазға халық беретін болған. Қайсібір жылы “Әншінің бәрі шегіртке” деген ән шықты. “Ашынғаннан шығады ащы даусым” дегендей, туынды авторы әншісы-мақтарды әбден сынаған. Бұл туындының Еркін Шүкіманов, Қайрат Байбосын, Рамазан Стамғазиевтерге еш қатысы жоқ.
Біз – Қазақстан деген мемлекеттің бөлшегіміз. Әр адам өзінің қабілетін, дарынын Отанға сарқа бере білуі керек. Мәселен, бір сыныптағы 10 баланың үшеуі әнге жақын делік, бүкіл қоғам солармен алысады. “Сонда қалған 7 бала немен айналысып жатыр? Оларды неге техникаға баулымаймыз?” – деген сұрақтар жауапсыз қалып жатады. Біз әлі күнге дейін кімді дәріптеу керек екенін білмейміз. Әнші-сымақтарды Құдайдай көреміз. Қай көшеде өндіріс ашуға ұмтылған бір маманның суреті ілінген жарнаманы көрдіңіз? Қарапайым еңбек адамдары, елдің нағыз патриоттары насихатталмаған соң шетелде оқып жатқан мықты маман иелері өз Отанына келіп жұмыс істеуге ықылас танытпай отыр. Бір ғана Қызылжардан отызға тарта академик шыққан, қазақтың алғаш прокуроры да біздің өңірдің тумасы. Өкінішке қарай мұның барлығы дұрыс дәріптелмейді.
– Дәстүрлі әнші болу үшін орындаушы нені есте сақтауы керек?
– Мектеп көруі, оқуы керек. Оқу үшін – талап, еңбек, терең ой қажет. Ал оқып жүрген әншіге вокал керек. Әміре Қашаубаев Қазақтың кең даласын Парижге танытқан адам. Әншілікті өнер ғана емес, ғылым деп қабылдау керек. Әр дауыстың өз ритмі болады, бір ән айту үшін 12 мүшеңді кезек-кезегімен іске қосуың керек. Әншілік дегеніміз Әміреден бастау алып, Қайрат Байбосынмен жалғасады. Әншілік – ол бір орында тұрмайды, дамиды, алдыңғы буын ағаларды кейінгі ізін қуған шәкірттері басады деген сөз.
– Сала маманы, ұлт жанашыры ретінде дәстүрлі әндердің тыңдарманын көбейту үшін қандай игі бастаманы қолға алудасыз?
– Өңірге танымал дәстүрлі әнші Жанат ағамыз 2006 жылы өнер коллежді қабырғасынан дәстүрлі ән сыныбын ашты. Қазір балаларды музыкалық біліммен сусындатып жатырмыз. Арқаның ән мектебінің жүгін арқалап жүргендер саусақпен санарлық. Басты мақсат – біздің ізімізді жалғайтын шәкірт тәрбиелеу. Заманымыздың заңғар композиторы Еркеғали Рахмадиев: “Егер осылай ойсыз, қамсыз жылжып жүре беретін болсақ құдай біледі, 15-20 жылдан кейін бе, жарты ғасырдан кейін бе, сол Сегіз серіміздің, Мұхитымыздың, Біржанымыздың, Ақанымыздың, Үкілі Ыбырайымыздың, Жаяу Мұсамыздың әндерін айтатын адамдардың қалмауы мүмкін”, – деп қапаланыпты. Ерағаңның елден бұрын елеңдеуін ұлы жүректі азаматтың дәстүрлі ән өнеріне деген бүгінгі ұрпаққа, биліктегі азаматтарға жүктеген аманаты деп те қабылдаған жөн. Аманатқа қиянат жасалмауы керек.
– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Аяжан НҰРАХМЕТ.