«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІТПЕС БАҚҚА ТЕҢ БІР КЕЗДЕСУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1983 жылғы қыркүйек айы­ның аяқ кезі. Күздің күні деу­ге кел­мейтін, бір жаймашуақ, көкжиек­ке көк желегін соз­ған, жайлы да, жайдарлы күн. Көлігім – қылығы­ма көне­тін көк велосипед. Иман-Бұрлық өзенінің бойымен жүріп, дәл Есілге кеп құятын сағасын тамашалап, көгілдір ай­дын­ның көркін кіргізіп тұрған ошақ-ошақ аралдарға сүй­сініп, төмендеу жер­де жотасы бөлек Қорғантас­қа қарап, та­биғаттың тылсым сұ­лулығына аң-таң болып, өзім­нің осы бір көркем көрініске куә бол­ғаныма қуана-қуана ша­быт­та­нып, ерекше бір сезімнің құша­ғын­дамын. Көсі­ле құлап жатқан табиғи тастар да Қорғантастың атын әшкерелегендей. Енді көл­денең көк Есілдің бойын бойлап, қыртыс-қыртыс жартастарды жағалап, бірін су­ретке түсіріп, бірін белгілі тұлғаларға ұқсатып, жоғарылай бердім.

Екі-үш шақырымдай жер өт­кен кезде Есілдің оң жағасы­нан алыс емес жерде қарауытқан зираттың құлпысын көрдім. Біз­дің елдің зираттарына ұқсамай­тын, сүлбесі басқа, қызыл-қоңыр тастан көтерілген үйлері бар көз­ге оқшау көрінеді. Бар көңілім сол зиратқа ауды. Көп ойланбас­тан бетімді сол жаққа түзедім. Әне-міне дегенше зиратқа да жеттім. Алғашында көзге түспе­ген, үйлердің сырт жағында бір “Волга” автокөлігі тұр екен, жа­нында үш-төрт кісі қарауытады. Жақын келіп көргенімде, еңсегей бойлы, иықты да, үстінде әппақ көйлегі бар, қалың шашын арты­на қарай қайырған, қоңыр көзді, салмақты көзқарасы бар, жүзі көрікті, ел ағасылау кісі көзіме оттай басылды. Жанындағы үш жігіт сол кісімен еріп келген, киім-кешектері өзгешеленіп, бар бол­мыстарын ақтартқандай.

Әліптің алды сәлем демекші, алшаң басып бардым да, бар даусымды сала “Ассалаумаға­лейкүм!” – деп, қос қолымды жая, әлгі үлкен кісіге ұсынып, сәлем бердім. Тосыннан шыққан да­уысқа таңғала, менің екі қо­лымды шап беріп, қысып алды да “Уағалейкүмәссәләм!” – деп, сә­лемімді алды. Жанындағы жігіттермен де қос қолдап сә­лемдестім. Олар да сәлемдесіп, қауғаласып қалды. Еңгезердей ағамыздың дауысы да зор екен, мені сүзе қарап, бұрын көрмеген неткен бала дегендей:

– Иә, бала, қайдан жүрсің, кім боласың? – деді. Мен осы жер­ден алыс емес, Соколовка дей­тін орыс селосындағы сегіз жыл­дық мектептің білдей бір дирек­торы екенімді айттым.

– Келгеніме екі ай болды, ма­ңайдың жер-суын таниын деген ниетпен, демалыс күнін пайда­ланып, түз аралап жүрмін, – дедім. – Елім – Түшке Бірлік, руым – Бә­йімбет, жасым – 25-те, атым – Дәс­тен, тегім – Баймұ­қанов. Жауабым жоталы да, ай­ғақты да болды ма, “Жарайсың, жарайсың балам, ісің дұрыс екен”, – деп қолпаштап қойды. Та­ғы да сүзе қарап, сәл ойланып тұрып:

– Мені танисың ба? – деп сұ­рады. Қиналсам да, шындығын айттым. “Аға, танымаймын”, – деген жауабым жанындағыларға жабайы көрінді ме, миығынан сәл күлген болды.

– Мен Евней Букетов дейтін ағаң боламын, – деді.

Басымнан жай ұрғандай, сәл-сәл сасып қалдым. Еліміздің ерен қабырғадай тұлғасы екенін әкем мен шешемнің әңгімеле­рі­нен, ауылдағы үлкендердің айт­қанынан, институт қабырғасын­да жүргенде ол кісі туралы та­лай-талай ұстаздардың естелік­те­рінен естіп білгенбіз.

– Сыртыңыздан тойынып та­ныған тұлға екеніңізді білгенмен, бірінші рет тірідей көруім, – дедім сасқанымнан. Ол кісі “ха-ха-ха” деп күліп қоя берді. Күлгені менің жағдайымды кішкене болсын жеңілдетіп жіберді.

– Ал, бала не таптың? – деді тесіле қарап.

Иман-Бұрлықтың Есілге құяр маңында 1930 жылдары Ле­ниннің жоспарын іске асырамыз деп гидроэлектростанция салуға кірісіпті, оған маңайдағы ауыл­дар­ды жұмылдырып, қазу жұ­мыс­тарын бастаған екен, бірақ әртүрлі жағдайларға байланыс­ты тоқтап қалған екен, соның ор­нын тапқанымды айттым. “Жа­райсың, жарайсың бұл бір тың нәрсе, ал тағы не таптың?”, – де­ге­ніне мен үнсіз қалдым.

Зират басына құран оқылды, сосын бәрімізді “Волганың” жа­нына шақырып, шағын да шама­лы ас берді. Сораптап отырып шай іштік. Ағамыз сәл ойланып отырып, көкжиекке көз жүгіртіп:

– Бұл қорым – біздің ата-ба­баларымыздың аруағының жай тапқан жері. Анау Есілдің ар жа­ғындағы ауыл – менің туып өскен ауылым Бағанаты. Есіл мен ауыл­дың арасындағы үлкен ал­қа Алыпқаш деп аталады, он мың жылқы қамасаң сыйып ке­теді, – деді. Қиян шыңда қонақ­та­ған қыран бүркіттей маңайға кө­зін созылта, сүзе қарап, қансо­нар әңгімені бастап кетті. “18 ға­сырдың басында, қазақтың ба­сы­на қатты қасірет төнді. Шы­ғысынан жоңғар мен шүршіт, ой­рат пен бұйрат, түскейінен хиуа мен қырғыз, батысынан түрік­мен, құба қалмақ, терістігінен естек пен орыс қазақтың жерін жау­лап, жұртын жосытып жібер­ді. Сол аласапыран аңғал сәтте қазақтың алқалы қолы абдырап, жері мен жұртына не пана, не дана болмай аңырағанда, елінің еңсесін көтеріп, етегін жинаған Абылайдай ер еді ғой. 14 жа­сын­да Атығайға келіп сұлтан болған сол Абылай елдің басын қосып, ерлерін түгендей білді. Сол қия­мет қиын кезде Абылайдың бірі оң қанаты, бірі сол қанаты болған Құлеке мен Құлсары еді. Құлеке – Бәйімбеттен болса, Құлсары – Құдайберді. Қазақтың шығысын, түстігін, батысын түгендегесін Абылай жүзін теріскейге бұрды. Оның бар ойын іске асыруға бел­сене кіріскен, сенімді серігі Құ­леке батыр еді. Жанына ерткен жеті батырымен Атығайдың қо­лын бастап, Көлденең көк Есіл­дің бойын жаулаған естек жұртына жайындай тиді. Құлекенің жанындағы жеті батыры – үлкені Тышқан, Қаумен, Маңдай, Жанатай, Мәмбет, Жәпек, Жантелі.

Есілдің бойынан жанталас­қан жауын үдерте қуған қазақ қо­лының шешуші шайқасы, Алып­қаш­тың алқасында шешілетін бол­ды. Екі жақтың мыңғырған қо­лы, тұрысатын жеріне, тағдыр­ла­рын найзаның ұшына түйіп, қан майданға қасқая бет түзеп, жан беруге дайын еді. Сүт пісірім уақыттан кейін “Жекпе-жек, жек­пе-жек”, – деген дауыс шықты. Жау қайдасың деп тұрған батырлардың делебесі қозып, көздері қанталап, найза қылы­шын жонтайлап, қарсыласын із­деп, өршелене бастады. Сол кез­де Естек қолының алдына көл­де­неңі есік пен төрдей, алқымы ар­ша­ланған, тұяқтары ошақтың ор­нындай, арыстандай талтайған, көкірегі көк тірегендей қарагер атқа мінген, алпамсадай алқалы, екі иығына екі кісі отырғандай еңселі, кіреуке сауыт киген, ба­сында даңғарадай дулығасы бар, бес қаруын асынған, еңге­зердей денелі батыр шыға келді. Дауылпаздай аңғырта “жекпе-жек, жекпе-жек” дегені жер жаң­ғыртады. Астындағы қарагер ат та, қапталдан шапқан қабандай қорсылдап, иесін көрсетейін дегендей, алшаң басып, бері тарт­ты. Бұл – Бағанаты батыр еді.

Жауды көрген Құлекенің ба­тыр­лары да “мен-мен” деп, жек­пе-жекке дайын екендерін біл­діргендей желкелері күжірейіп, қанаттарын қомдаған қырандай қайсарланып, қаруларын қом­дап, өршелене ұмтыла бастады. Сол кезде Құлеке батыр қолын кө­теріп, тоқтау айтып, сөйлес қылды. “Ау, батырлар, өткен жы­лы жайлауда жүрген бауырым Тілекені естектің батырлары Ба­ғанаты, Шуда, Сары қапыда қа­мап, қанын ішіп еді. Қайран ер қа­пыда кетіп еді. Бауырымның өші менің мойнымда, ендеше талас­қа салмаңдар, өзім шығам жек­пе-жекке”, – дегенде қалың қол тас көшкендей гүр етті. Себебі Құлекенің жасы да біразға келіп қалған еді. Жанатай жол менікі десе, Жәпек те жол сұрады, жас қырандар Мәмбет пен Маңдай да құлшына-құлшына жол сұра­ды. “Жоқ! Өзім”, – деп, көлденеңі көшкен жолдай алқымы сала құлаш, тілерсектері бурадай, жо­тасы жалпақ, екі танауы борсық­тың ініндей үңірейген, мойны те­мірсаптай сыланған бозайғырын бүлкілдегінен бір қағып, алға шық­ты. Құлеке батыр кеңірдегін кере, дауысын қатайта: “Сайыс­тағы қаруыңды айт”, – деді. Жау жағынан жақ тартамыз, нысана арасы жүз құлаш деген Бағанаты батырдың үні естілді.

Бағанаты батырдың атымпаз мерген екені аңыз болып, тарап­қа таралып кеткен. Құлеке батыр қасқайып барып, өз орнын алды. Бағанаты батыр да, жүз құлаш жерге тоқтады. Батырлар сауыт кигенде кіндіктің сол жағынан екі елі төмен жерден бос орын қал­дырады, соны нысана дейді екен. “Ау, батыр Ясылдың бойын мен жайлап ем, бірінші жақ тарту кезегі менікі”, – деді Бағанаты батыр. Естектер Есілді Ясыл, яғни жасыл дейді екен, жасыл болатын себебі судың түсіне қа­рап аталған. Сонау Арқадан тө­мен аққан Есіл өзені жер қой­науындағы мыс минералдарын ерітіп, жасыл түстенеді екен. Болса болсын деп Құлеке батыр көкірегін кере, қасқиған кейпінен тартынбады. Сауыт бұзар сұр же­бені адырнасына ілдіріп, қара­гер­дің үстінде керіліп тұрып, құ­лақ­тан асыра кере тартып “Ны­са­нам осы-ау”, – деп адырнасын азыната босатты-ау Бағанаты батыр.

Құс қанатымен қосақтаған, са­уыт бұзар сұр жебе ысқырған күйі көзді ашып-жұмғанша бол­май Құлекенің кеудесіне кеп, кірш етіп кіріп кетті. Талай жауын қансыратқан Бағанатының жебе­сіне сенімі мол еді. Құлеке қасар­ған күйінен өзгерместен, жеті қа­бат сауытын жара кірген сұр же­беге, бір қарап “Иә, аруақ, же­леп-жебегеніңе тәуіп етем”, – деп маңайын сүзе бір қарап өтті. Оның себебі бар еді. Құлеке туып, шешесінің емшегін емген­де, шешесі таңырқап, бұл балам өскенде батыр болады деп бол­жап, баласына батыр болғанда киіп жүрсін, бәле-жала, оқ пен шоқ­тан сақтап жүрсін деп еткөй­лек тігіп, емшегінің сүтіне жуған екен. Батыр жауға шапқанда сол анасынан аманаттап қалған ет­көйлегін киеді екен. Жеті қабат сауыт бұзған сұр жебенің күші, ана сүтіне жуған еткөйлекті сөге алмаған екен. Қайран құдіре­тің­нен айналайын, ананың сүті! Серт­тескен сұр жебесінің селт кеткеніне таңғалған Бағанаты­ның түрі қарауытып, қаны қызып, қапысыздың қамын шекті. Қанша налыса да, қаруды таңдаған өзі, ке­зекті алған өзі, болмыстың ше­шуіне көніп, қасқая қарсы тұрды.

Құлеке қорамсаға қол салды. Аққу қанатымен қолпаштаған, сауыт бұзар сұр жебесін алып са­дағына саптады. Құлекенің сада­ғын жасаған қарудың шебері Та­ңатар, садақтың бойын бір жыл бойы тұзға оралып жатқан қы­зыл қайыңнан салалап, арқар­дың мүйізімен кептеп, күшейтіп, адырнасын сегіз жасар өгіздің ті­лерсегінің сіңірінен есіп байла­ған екен. Құлекенің садағын еш­кім ұстамайды екен, ұстаса да адырнасын тарта алмайды екен. Құлеке сұр жебесін адырнасына сап­тап, шалқая, көсіле тартып, бар жеріңнің бағын сына деген­дей босата салды. Өгіздей аңы­рап барған сұр жебе Бағанаты батырдың көкірегін қақ жарып, тесіп өтіп, ары қарай алшақтап барып, бір дөңестеу жерге барып қадалды.

Құлекенің садағының адыр­на­сы бір сұмдықтың болғанын сезгендей, өгіздей азынап тұрып, жебе жерге қадалғанда тоқтай қалды. Сәл бір сәттен кейін алпамсадай Бағанаты батыр ат үстінен омақаса құлап түсті. Қа­лың қол “Батыр өлді, батыр өлді”, – деп у-шу болды. Естектің қолы­нан ес кетіп, езіле қашты. Ұрыс да­ласында қансыраған Бағана­ты батыр Құлекеге “Датым бар еді”, – деп өтініш қылады. Қанша жауласса да, жауын сыйлай білген Құлеке батыр әлсіз қалған Бағанаты батырға сөйлес қылуға келеді. Сонда Бағанаты батыр: “Ал, Құлеке, сен жықтың, мен жы­ғылдым, қаруды сұрадым, қарсы болмадың, кезегімді сұрадым, қарсы болмадың, соңғы сұрауым –топырақ бұйырған шығар, осы жерге мені жерлесең”, – деген екен. Жаулығы өз алдына, ба­тыр­лығы бөлек деп, арулап Иман-Бұрлық өзенінің оң жақ бойындағы Қорғантастың дөңіне оба тұрғызып, жерлеген екен. Естек елінің бір бөлігі Атығайға кіріп, аталас болып кеткен, қал­ған бір бөлігі жөңкіле көшіп, Че­лябі жағында Шұбаркөлге дейін кетіп, сол жақта қалған. Есілдің сол жақ бетінде Иман-Бұрлық өзенінің өзенге құяр сағасына қарама-қарсы тұр­ған ауылдың аты – Бағанаты.

Құ­ле­ке қартайып, қыс көзі қа­тал суық кезде дүниеден өтеді. Үш жүзге сауын айтылып, жана­за­сы­на қалың ел жиналған десе­ді. Абылай ханның шешімімен, хан кеңесінің құптауымен денесі Қо­­жа Ахмет кесенесінің жанын­да­ғы Ұлы қорымға жерленетін бо­лып шешіледі. Жоғарғы Бәйім­бет­тегі, Уанастың ішіндегі Шөкей дейтін балгер, емші Құлекенің де­несін ақ балшық пен сордың тұз­дығы­на жусан шөбін қосып сы­лап, жыл­қының терісіне тұмша­лап ті­гіп сірелеген. Шал (Тілеуке) әке­­сіне арнап жоқтау айтқан екен:

“Құлеке, жиырмада арқар еді,

Отызда би, қырқында дарқан еді.

Кешегі дулап өткен Құлекенің

Алдынан орыс, қазақ тарқап еді.

Алпыс бір, мүшел келді, мерттей болып,

Өтпедің сол мүшелден, серттей болып.

Кешегі дулап жүрген, ер Құлеке

Су тиген, сөне қалдың өрттей болып.

Астынан көк өгіздің тас көтерген,

Кісіні арықтаған ас көтерген.

Бәрі де туған жанның өлмей тұрса,

Бұрынғы үлкен қайда бас көтерген.

Астынан қара тастың су көтерген,

Мұнарды суға түскен, бу көтерген.

Бәрі де туған жанның өлмей тұрса,

Бұрынғы батыр қайда ту көтерген!”

Сосын жазғытұры, жер қар­дан босағасын баласы Шал ақын әкесінің денесін Түркістанға, Қо­жа Ахмет Ясауи кесенесінің жанындағы қорымға жерлеген. Басындағы құлпытасы әлі күнге дейін сақтаулы. Анау тұрған сол Бағанатының обасы”, – деп аға­мыз сөзін аяқтады. Қаншама жыл өтсе де сол ғұлама ағаның айтқан әңгімесі әлі де жадымда. Әсерлі әңгімесі еске түскенде сол заманның жаңғырығы жа­дымды жүгендеп, тарих қойна­уы­на жетелей береді. Бітпес баққа тең бір кездесу болған еді. Аруағыңнан айналдым, баба­ларым!

Дәстен БАЙМҰҚАНОВ,

өлкетанушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp