Келер жылдан бастап өңірде электр энергиясын тасмалдау тарифы 0,48 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Яғни тұрғындар жарықтың 1 КВТ үшін 8,44 теңге төлейді. Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында айтылды.
Алайда қоғамдық кеңеске қатысқан қоғам белсенділері мен тұрғындар бұл өзгеріске наразылықтарын білдірді. Себебі қазір 1 квт-қа 7,96 теңге төлейді. Бірақ энергетиктер басқа өңірлердегі 14 электр тарату компанияларымен салыстырғанда өңірдегі кәсіпорынның тарифі анағұрлым төмен деген уәждерін алға тартып отыр.
Тарифті көтерудің бірнеше себебі бар. Солардың бірі – “Энергия” және “Тұрмыстық қажеттіліктерге арналған энергия” тарифтік сметалық бабы бойынша шығындар көлемі ұлғайған.
Сонымен қатар қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясында 267 жұмыс орны бос тұр. Кәсіпорын тек бос вакансиялардың арқасында басқа қызметкерлердің еңбекақысын өсіруде. 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы орташа еңбекақы тарифтік сметаға сәйкес 182809 теңгені құраған, ал жұмысшыларға 201136 теңге төленген.
– Бізде қазір кадр тапшылығы бар. Себебі еңбекақы аз. Егер біз бұл бос орындарға жұмысшыларды алатын болсақ, жалақыны жеткізе алмаймыз. Сол себепті тарифті көтеру арқылы бос орындарға қызметкерлер алып, еңбекақыны өсіруді жоспарлап отырмыз, – деді “Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясы” АҚ бас директоры Александр Чекулаев.
Алайда жиында компанияның соңғы үш жылда жұмысшылардың жалақысын көбейтпегені, тек тариф бағасын өсірумен шектелгені айтылды. Сол себепті қоғамдық кеңес мүшелері аталған мәселені табиғи монополияларды реттеу департаментіне қайта қарауға ұсынды.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.