Диқандар үшін ыңғайлы “Кең дала-2” бағдарламасына ел бойынша бүгінге дейін 300-ден астам кәсіпкер қатысса, соның 38-і – біздің өңірдің диқандары. Олар жалпы сомасы 2,8 млрд. теңге жеңілдетілген несие алды.
Көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыруға бағытталған “Кең дала-2” бағдарламасы бойынша несие алғандардың бірі – “Полтавское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аққайың ауданындағы шаруашылықтың 15 мың гектарға жуық алқабы бар, дәнді, майлы дақыл, жемшөп егеді.
“Бұған дейін “Кең дала” бағдарламасы бойынша 400 млн. теңге алдық. Жаңадан қабылданған “Кең дала-2” бағдарламасы арқылы біз 200 млн. теңге алдық. Өте ыңғайлы бағдарлама, өйткені қарызды күзде қайтаруға болады. “Кең дала-2” бағдарламасы арқылы қаражат белгілі бір мақсатқа беріледі. Біз алған ақшаның 90 млн. теңгесіне мың тонна тыңайтқыш алып, осылайша 40 пайызын төледік. 30 пайызы гербицид алуға жұмсалды. Бұл қаражатты жұмысшылардың еңбекақысын беруге пайдалануға болады. Диқандарға көмек керек, былтыр орақ қиын жағдайда өтті. Көктемде су тасқыны болды, қосымша шығынға батып жатырмыз”, – дейді “Полтавское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Ерлан Зікірин.
Аққайың ауданындағы шаруашылық мемлекеттің қолдауы нәтижесінде ісін дөңгелетіп қана қоймай, ауылдың дамуына да үлес қосып жатыр. Серіктестік өкілдері жылына 200-300 млн. теңгеге жуық қаражатты әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсайтындарын айтты. Баспаналар тұрғызуға ерекше мән берілуде. Әр баспананың өзіндік құны орта есеппен 16 млн. теңгені құрайды екен. “Біз оны жұмысшыларымызға 10 жылға бөліп төлеу мүмкіндігімен 4,5 млн. теңгеге бердік. Осындай 11 үй салдық. 120 шаршы метр, ішінде суы, кәріз жүйесі бар. Былтыр балабақшаны пайдалануға бердік. Жолдарды жөнге келтірдік. Қазір ауылда қоғамдық монша, медициналық пункт жұмыс істейді”, – дейді Ерлан Зікірин.
“Кең дала-2” бағдарламасы бойынша көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыруға биыл ел бойынша 300 млрд. теңге бөлінген. Жеңілдетілген несиені “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ филиалдарынан, екінші деңгейлі банктерден, кредиттік серіктестіктерден, микроқаржы ұйымдарынан және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен өңірлік инвестициялық орталықтар арқылы алуға болады.
“Қарыз алушылар үшін жеңілдетілген жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5 пайыз деңгейінде болады. Бұған дейін фермерлер пайыздық мөлшерлемені қысқарту үшін және субсидия алу үшін жергілікті жерлердегі ауыл шаруашылығы басқармаларына жүгінуге, жаңа міндеттемелерге қол қоюға, қаржының бөлінгенін күтуге мәжбүр болған. Кепілге қоятын мүлік іздеп қажет емес, қарыз сомасының 85 пайызын “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдендіреді”, – дейді “Аграрлық несие корпорациясы” акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Мәрлен Нәбиев.
“Аграрлық несие корпорациясы” АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірге “Кең дала-2” бағдарламасы бойынша 50 млрд. теңге бөлінген. Қазіргі уақытта 134 фермерден 14,7 млрд. теңгенің өтінімі түскен.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.