«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қазақ қыстаулары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бала күнімде қазақ қыстауларының пайда болу тарихы ғасырлар тереңінде жатқандығын, онда өмір сүрудің мол тәжірибесі көне дәуірлерден ұрпақтан-ұрпаққа беріліп жалғасып келе жатқан дәстүр деп ұғыну керектігін талай мәрте естігенмін. Ата-бабаларымыз қыстау болатын жерді мұқият таңдаған. Тұрақжай салуға қажетті табиғи құрылыс материалдарының мол, төрт-түлікті қарлы бораннан қорғайтын тоғайлы, орманды алқап болуына мән берген. Қыстаудағы үйлерге әртүрлі атау берілген. Солардың бірқатарына тоқталғанымыз жөн болар.

Кепе – жартылай жерден қазылған, қабырғалары, көбінесе, балшық не шымнан қаланып, төбесі қамыс немесе шөппен жабылған шағын лашық, жеркепе. Оның төбесін бұрын тегіс, кейін шатыр тәрізді етіп жапқан. Кепені егін жинауға, шөп шабуға, даладағы жұмысқа барғандар күннің аптабынан, желдің өтінен, жауын-шашыннан қорғану үшін пана орнына пайдаланған.

Жеркөле – жерді қазып, үстін жауып жасайтын терезесіз жер үй. Жеркөленің төбесін шатыр тәрізді етіп жапқан. Ертеректе жеркөлені тұрғын үй, мал қамайтын қора орнына пайдаланған.

Жертөле – жерді қазып, үстін жауып жасайтын терезелі жер үй. Жертөленің төбесін шатыр тәрізді етіп салған, бірақ қабырғасы біраз биіктеу болады. Ертеректе жертөлені тұрғын үй, мал қамайтын қора орнына пайдаланған. Әскери бекіністік сипаттағы құрылыстың бір түрі де жертөле деп аталады.

Қазаққа тән тұрақты мекенжайдың ең көне нұсқасының бірі шошала деп аталады. Бұл – қазақ халқының көне баспаналарының бірі. Құрылымы аңшы қосына ұқсас. Оны тұрғызу үшін іргетасын дөңгелек етіп қалап, үстіне 10-15 сырықтан түзілетін сүйір құрылғы орнатады да, ағаш бұтақтармен шабақтап, киізбен бекітеді немесе қамыспен жауып, лаймен сылайды. Төбесін көтеріп тұратын ортаңғы бөлігі жуан сырғауылдан немесе жіңішке дөңбектен төрт бұрыш етіп құрастырылады да, аяқ (төменгі) тұсы жерге көміліп орнатылады. Үстіне киіз үй шаңырағына ұқсатып конус тәрізді шатыр орнатады. Қабырғасын шым, қамыс, қамкесек, қыш, тақтатас, қойтас, саманнан қалаған. Ерте кездері төбесі ашық қалдырылып, одан ошақ түтіні шыққан. Сондай-ақ шошаланың қырлы пішінді түрі де болған. Төбесінен түтін шығатын шаңырағы бар шошала түрі шарбақ шошала деп аталған. Шошаланың пошымы киіз үйге ұқсас, төбе жабыны уыққа келеді. Баспана түрі жетілдірілген кезде шошала шаруашылық мақсаттарға (асхана, қойма, отынхана, т.б.) пайдаланылған. Шошалаға ұқсас баспаналар энеолиттік Ботай мәдениетін қалдырған тайпаларда кеңінен таралғандығын археологиялық деректер де дәлелдейді. Мұның өзі шошаланың бірнеше мыңжылдық тарихы бар екендігін айғақтайды.

Көнекөз қариялардың айтуынша, Мағжан Жұмабаев, Аққайың аудандарында жаздыгүні от жағып, ас пісіретін шорам үй деген шошалаға ұқсас баспана болған екен.

Қақыра – тұрақты мекенжай түрі. Қақыраны төрт қабырғалы етіп салады. Ол үшін алдымен төрт бұрышынан төрт діңгек орнатып, артынан қамыс немесе ағаш бұтақтарын буып алып, екі діңгектің ортасына тігінен тізіп, белдеуін талмен, шілікпен бекітеді. Шөп, жылқының бопайын, саз топырақты иін қандыра араластыра отырып балшық дайындап, қамыстың сыртын түгел сылайды. Мұндай сылақ жауын-шашында езілмейді, әрі кепкен кезде жарылмайды. Қабырғасын тұрғызғаннан кейін төбесін қамыспен жауып, қамыстың үстіне майда шөп тасталады. Оның үстін лаймен сылайды. Пеш орнатылып, төбесіне қалдырылған ойықтан түтін тартатын мұржа шығарылады. Еденді шымнан тазартып, оны да саз балшықпен сылап шығады. Сылақ кепкеннен кейін қабырғалары әктеледі. Тұрақты мекенжай қалыптасқанға дейін қақыра барлық өңірлерде кеңінен тараған.

Шарбақ үй – орманды-далалы алқапта қалыптасқан, қаңқасы бұтақтармен шабақталған шарбақтан құрастырылатын да, іші-сырты сыланып тасталатын тұрақты мекенжайдың біршама көне нұсқасы. Бас жағы буған қамыспен, неше түрлі шөп-шалаңмен жабылатын болған, ортасына от жағылатындықтан төбесіндегі түтін тартатын ойықтың мұржасы шабақталып, балшықпен сыланатын. Соңғы кезге дейін қазіргі тұрғын үйлердің ауласындағы қойма, қора-қопсының қызметін атқарып келген.

Дүкен – ағаштан қиыстырылған, бес қабырғалы шатырлы үйдің нұсқасы. Бес қабырғалы болып келетіні тұрақты мекенжай салуда үйреншікті түрдің – киіз үйдің, шошаланың шеңберінен түзу қабырғалы қаңқаға алмасу үрдісін көрсетеді. Көбіне мекенжайдың өзге нұсқаларымен, әсіресе шарбақ үймен бірге пайдаланылған. Төбесінің құламасы бес қырлы болғандықтан дем шығатын ойығы қақпақпен жабылып, тіреуішпен ашылатын бес бұрыш кейпінде болғанға ұқсайды.

Там – қолдан құйған балшықтан, кесектен, кірпіштен салынған шатырсыз үй. Тамның біржуар там (төбесі тозғандықтан бір рет ашылып, қайта жабылған там), екіжуар там (төбесі екінші рет қайта жабылған үй), кәл там (шатырсыз үй, тоқал там), қоржын там (ортасы дәлізбен бөлінетін екі бөлмесі бар, қам кесектен, кірпіштен созылған үй, бұны қоржын үй деп те атайды), пақса там (әбден иленген лайдан созылған үй), тоқал там (жабылған төбесі көтеріңкі, биік болмай, теп-тегіс етіп сыланған үй) түрлері бар.

Қоржын үй – қазақтың бізге танымал тұрақты мекенжайларының барлығынан сұлбасы көрінетін, асхананың да міндетін атқаратын дәлізбен ажыратылатын, бірінде өздері тұрып, екіншісінде қонақ күтетін екі бөлмелі тұрғын үй. Қоржын үй тұрғызу әдісі мейлінше қарапайым, ол үшін әдетте биіктеу жер таңдап алынатын да, оны кетпенмен тегістеп сабап, түйеқарын, кепкен жантақ, тағы басқа да шөп-шалаңды төсегеннен кейін малдың тұяғымен таптататын болған. Шөп-шалаңды сыпырып алып, үстіне су құйып, малдың тұяғымен таптауды ағаш тоқ-пақпен ұрып, нығарлаумен қатар жүргізе береді. Жер әбден дайын болғаннан кейін қабырға тұрғызылатын, шаршыға дуалдың енімен бірдей ор қазып, оған барынша қалың етіп қамыс төсеп, соның үстіне ғана үйді тұрғызған. Қазақтың бұл ұлттық үйінің құрылысы іргетас, қабырға және қары, паруаз, қамыс сияқты жабын бөліктерден құралады. Төбесіне дуалмен байланыстыра екі жағынан қарама-қарсы тас-талатын кеспек ағаштардың үстіне ши төсеп, баулаған қамыспен қалың етіп жауып, топырақ төгіп лаймен сылап тастайтын болған. Үйдің бір бөлмесінде үй иелері отырады, оны жатақ үй, қонақ қабылдайтын екінші бөлмесін қонақүй деп атаған. Бөлмелердің арасы дәлізбен бөлінеді де ауызғы бөлме пайда болады. Қоржын үйдің құрамында өзімен бірге жабылатын, әдетте құрылыстың өн бойына теріскей жағынан соғылатын астықтың түрін бөлек-бөлек құятын қамбалары, қақ, қауын, құрт кептірілген жеміс, ірімшік, диірменге тартылған ұн қоятын орындары, ет жаятын бақаны болатын түнек тұрғызылатын. Қосалқының бұлай аталатыны – екі жанынан ашпалы көздері бар, жарық түсетін терезенің болмауынан. Үйдің терезе, есігі, бастырмасы күн шуақты жағынан берілген. Оттығы дәлізден жағылып, бөлмелері дуал арқылы жылытылатындықтан үйдің итарқасында түтін тартатын мұржалары, бөлмелерінің ауасын тазартатын дем тартқыш түтіктері болған.

Қазаққа тән тұрғын жайдың үлгілерін, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан заттық-тұрмыстық мәдениетінің ескерткіштері ретінде сақтау, тиімді жақтарын қазіргі үй құрылысына пайдалану жаңа заман құрылысшыларының, намысты жастарымыздың борышы деп түсінемін.

Сағындық САЛМҰРЗИН,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp