«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бірлескен жұмыстың берері мол

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлемдік өркениетке жетер бағытта Қазақ­стан Республикасының гүлденуіне кепілдік берер бірден-бір жол – болашақ ұрпақтың білімділігі мен рухани байлығы. Бүгінгі жас ұрпақтың жаңаша ойлауына, дүнитанымының қалыптасуына, білім негіздерін меңгеруіне ықпал ететін жаңаша білім мазмұнын құру – жалпы білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі таңда білім саласында жүр­гізіліп жатқан игі істердің басты мақсаты – ой-өрісі жаңашыл, шығармашылықпен қызмет атқара ала­тын, дүниетанымы жоғары, жан-жақты қалып­тасқан жеке тұлға тәрбиелеу.

Орта білім беру жүйесінде оқу­шылардың шығармашылық қабілеттерін арттыра отырып, оқу материалдарын өздері иге­ре алуға мүмкіндік туғызудың ше­шуші факторы – оқытудың жа­ңа әдістемелік жүйесін құру. Жас жеткіншек­терге білім бе­ретін ұс­таздар қауымы жан-жақты терең білім­ді, саяси-экономи­калық са­уат­ты, яғни интел­лектуалды дең­ге­йі жо­ға­ры болуы шарт. Сабақ­ты жаңа­ша үрдіспен беру оқу­шы­лар­­дың білім са­пасын артты­рып қана қоймай, кез келген іс-әрекеттің сапасы мен табысты орын­да­луына және оның дұрыс ұйым­дасты­рылуына байланыс­ты. Жос­пар­лау – оқу-тәрбие үр­ді­­сінің дұрыс ұйымдастыры­луы­на негіз болып саналады. Олай болса, тек жақсы құрасты­рыл­ған оқу жос­­па­ры ғана жо­ғары нәти­же бе­ре­­ді. Білім сала­сында енгі­зілген жаңа әдістер­дің бірі – “Les­sen Stady” (Сабақ­ты зерт­теу) әдісі.

“Lessen Stady” – мұғалім­дер­дің ынтымақтастық тәсілі. Оған сабақты бірлесе жоспарлап өткізетін, қадағалайтын, оқыту мен оқуды талдай отырып, өз қорытындыларын шығаратын мұғалімдер тобы қатысады. “Lessen Stady” циклін өткізу ке­зінде мұғалімдер оқыту тәжіри­бе­сіне жаңа әдістер енгізеді және зерттеу сабақтарын жүр­гізу барысында олардың тиімділі­гі­не көз жеткізіп, өз әріптестері­мен тәжірибе алмасады. Топтағы мұғалімдердің әрқайсысы бір­лесе жұмыс істеудің тиімділігі­не, өз білімін ұдайы жетілдіріп, кәсіби шеберліктерін шыңдай түсуге жетелейтініне көз жеткі­зе­ді. Бұл әдіс мұғалімдер ара­сында тәжірибе бөлісу құралы ғана емес, өзара мықты қауым­дасқан ұйымшыл, мәдениетті, білімді ұстаздардың кәсіби ортасына айналатыны сөзсіз. Бұл әдіс оқыту мен оқуды (үй­рету мен үйренуді) жақсартудың құралы деп түсінемін.

“Lessen Stady” әдісінің тиімділігі – әрбір оқушының өзіндік ерекшелігін зерттей отырып, білім деңгейін жетілдіру. Халқы­мызда “Оқу – инемен құдық қаз­ғандай” деген мақал бар. Олай болса, бала жүрегіне білімнің нәрін себу үшін ұстаздар қауы­мы тек білікті ғана емес, заман талабына сай әдіскер болуы шарт. “Сабақты зерттеу” әдісі бо­йынша оқушылардың білім алуын­да қандай қиындық, кедергі бар екенін мұғалімдер жұмыла зерт­тейді. Сондықтан “Lessen Stady” әдісі – сыныпты зерттеу нысаны болып табы­лады. Зерттеуші топта бірігіп жұмыс жүргізген мұғалімдерден өзара тәжірибе алмасып, білім мен біліктілікті тереңдете бе­руге мүмкіндік беретін кәсіби қауым­дастық тобы құрылады. Шағын жинақ­талған мектеп­терде оқу­шы са­ны аз болған­дықтан зерт­теу мә­селесі де ұстаздар үшін ортақ болады. Оқушылардың сабақта өзін ұстауы, оқу үлгерімі жайындағы мәліметтер айты­лып, олардың білім деңгейін көтеруге, са­бақтарға қызығушы­лығын арт­тырудың жолдарын ше­шетін әдіс-тәсілдер қарас­тырылады

2018 жылы мектебімізде “Lessen Stady” әдісі бойынша сабақтар өткізіле бастады. Мұ­ғалімдер қауымынан бір сынып­қа байланысты туындаған ортақ мәселе бойынша бірлесе жұ­мыс істейтін үш топ құрылды. 6-7 мұғалімнен тұратын топтарда өткізілетін сабақтың жоспары бі­рігіп жасалып, белгіленген уақыт бойынша өткізілді. Сабақ­ты өткізу және талқылау барысында өзара ынтымақ пен жа­ғымды қарым-қатынас қалыптасатындығына көз жеткіздік. Ортақ мәселе, ортақ мақсатқа қол жеткізуге талпынып, бірле­се жасалған жоспар бойынша жүр­гізілген сабақ тек бір ұстаз­дың еңбегі емес, ұйымшыл ұжымның бірлесе атқарған ісі­нің нәтижесі болғандықтан ұс­таздар сабақ барысында жет­кен жетістіктерге қуанып, ол­қылықта­рын жою жолдарын қа­растырып отырды. Келесі са­бақтарда оқушы­лар­мен сұхбат­тар жүргізіліп, жаңа әдіс-тәсіл­дер қолданылып, білім деңгей­лерін жетілдіру жолда­рын қа­рас­тырып отырдық. Бұл әдіс оқу­шылардың да сабаққа деген қызығушылығын артты­рып, шы­ғармашылық қабілет­терін шың­дай түсті. Жүргізіліп жатқан бұл әдістің тиімділігін басқа мектеп­тердегі әріптес­термен бөлісуге мектебіміздің дирек­торы Сейіт­жан Шаймерденов тікелей се­бепкер болды. Же­тек­шіміз “Les­sen Stady” тәсі­лін пайдалану” тақырыбында коу­чинг-сабақ ұйымдастырды. Са­бақ теория­лық білімнен, яғни Пит Дадли­дің “Lessen Stady” және Назар­баев зияткерлік мек­тептері да­йындаған әдістеме­лік ресурс­тар нұсқаулығымен та­нысудан басталды.

Жетекшіміздің ұйымдастыруымен 2019 жылы аймақтық және облыстық семинар өтті. 2020 жылы облыс көлемінде семинар карантинге байланыс­ты онлайн форматта ұйымдас­тырылды. Қазіргі таңда мекте­бімізде зерттеу сабақтарын жүр­гізу жалғасуда. Оқушылардың білім деңгейін көтеру және әріптестердің өзара тәжірибе бөлісуінің көзі болып табыла­тын зерттеу сабақтарын өткізу – қала мектептерінде ғана емес, кез келген шағын жинақталған мек­тептерде де тиімді.

Бұл әдіс әріптес­тер ара­сында берік байланыс орна­тады. Әрі жаңа Қазақстанның білімді жастарын бірлесе оқы­тып, тәрбиелеуде тиімді әдіс­тердің бірі деп есептеймін.

Марал БАЛТАГЕРЕЕВА,

Теңдік орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp