Әлемдік өркениетке жетер бағытта Қазақстан Республикасының гүлденуіне кепілдік берер бірден-бір жол – болашақ ұрпақтың білімділігі мен рухани байлығы. Бүгінгі жас ұрпақтың жаңаша ойлауына, дүнитанымының қалыптасуына, білім негіздерін меңгеруіне ықпал ететін жаңаша білім мазмұнын құру – жалпы білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі таңда білім саласында жүргізіліп жатқан игі істердің басты мақсаты – ой-өрісі жаңашыл, шығармашылықпен қызмет атқара алатын, дүниетанымы жоғары, жан-жақты қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелеу.
Орта білім беру жүйесінде оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыра отырып, оқу материалдарын өздері игере алуға мүмкіндік туғызудың шешуші факторы – оқытудың жаңа әдістемелік жүйесін құру. Жас жеткіншектерге білім беретін ұстаздар қауымы жан-жақты терең білімді, саяси-экономикалық сауатты, яғни интеллектуалды деңгейі жоғары болуы шарт. Сабақты жаңаша үрдіспен беру оқушылардың білім сапасын арттырып қана қоймай, кез келген іс-әрекеттің сапасы мен табысты орындалуына және оның дұрыс ұйымдастырылуына байланысты. Жоспарлау – оқу-тәрбие үрдісінің дұрыс ұйымдастырылуына негіз болып саналады. Олай болса, тек жақсы құрастырылған оқу жоспары ғана жоғары нәтиже береді. Білім саласында енгізілген жаңа әдістердің бірі – “Lessen Stady” (Сабақты зерттеу) әдісі.
“Lessen Stady” – мұғалімдердің ынтымақтастық тәсілі. Оған сабақты бірлесе жоспарлап өткізетін, қадағалайтын, оқыту мен оқуды талдай отырып, өз қорытындыларын шығаратын мұғалімдер тобы қатысады. “Lessen Stady” циклін өткізу кезінде мұғалімдер оқыту тәжірибесіне жаңа әдістер енгізеді және зерттеу сабақтарын жүргізу барысында олардың тиімділігіне көз жеткізіп, өз әріптестерімен тәжірибе алмасады. Топтағы мұғалімдердің әрқайсысы бірлесе жұмыс істеудің тиімділігіне, өз білімін ұдайы жетілдіріп, кәсіби шеберліктерін шыңдай түсуге жетелейтініне көз жеткізеді. Бұл әдіс мұғалімдер арасында тәжірибе бөлісу құралы ғана емес, өзара мықты қауымдасқан ұйымшыл, мәдениетті, білімді ұстаздардың кәсіби ортасына айналатыны сөзсіз. Бұл әдіс оқыту мен оқуды (үйрету мен үйренуді) жақсартудың құралы деп түсінемін.
“Lessen Stady” әдісінің тиімділігі – әрбір оқушының өзіндік ерекшелігін зерттей отырып, білім деңгейін жетілдіру. Халқымызда “Оқу – инемен құдық қазғандай” деген мақал бар. Олай болса, бала жүрегіне білімнің нәрін себу үшін ұстаздар қауымы тек білікті ғана емес, заман талабына сай әдіскер болуы шарт. “Сабақты зерттеу” әдісі бойынша оқушылардың білім алуында қандай қиындық, кедергі бар екенін мұғалімдер жұмыла зерттейді. Сондықтан “Lessen Stady” әдісі – сыныпты зерттеу нысаны болып табылады. Зерттеуші топта бірігіп жұмыс жүргізген мұғалімдерден өзара тәжірибе алмасып, білім мен біліктілікті тереңдете беруге мүмкіндік беретін кәсіби қауымдастық тобы құрылады. Шағын жинақталған мектептерде оқушы саны аз болғандықтан зерттеу мәселесі де ұстаздар үшін ортақ болады. Оқушылардың сабақта өзін ұстауы, оқу үлгерімі жайындағы мәліметтер айтылып, олардың білім деңгейін көтеруге, сабақтарға қызығушылығын арттырудың жолдарын шешетін әдіс-тәсілдер қарастырылады
2018 жылы мектебімізде “Lessen Stady” әдісі бойынша сабақтар өткізіле бастады. Мұғалімдер қауымынан бір сыныпқа байланысты туындаған ортақ мәселе бойынша бірлесе жұмыс істейтін үш топ құрылды. 6-7 мұғалімнен тұратын топтарда өткізілетін сабақтың жоспары бірігіп жасалып, белгіленген уақыт бойынша өткізілді. Сабақты өткізу және талқылау барысында өзара ынтымақ пен жағымды қарым-қатынас қалыптасатындығына көз жеткіздік. Ортақ мәселе, ортақ мақсатқа қол жеткізуге талпынып, бірлесе жасалған жоспар бойынша жүргізілген сабақ тек бір ұстаздың еңбегі емес, ұйымшыл ұжымның бірлесе атқарған ісінің нәтижесі болғандықтан ұстаздар сабақ барысында жеткен жетістіктерге қуанып, олқылықтарын жою жолдарын қарастырып отырды. Келесі сабақтарда оқушылармен сұхбаттар жүргізіліп, жаңа әдіс-тәсілдер қолданылып, білім деңгейлерін жетілдіру жолдарын қарастырып отырдық. Бұл әдіс оқушылардың да сабаққа деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілеттерін шыңдай түсті. Жүргізіліп жатқан бұл әдістің тиімділігін басқа мектептердегі әріптестермен бөлісуге мектебіміздің директоры Сейітжан Шаймерденов тікелей себепкер болды. Жетекшіміз “Lessen Stady” тәсілін пайдалану” тақырыбында коучинг-сабақ ұйымдастырды. Сабақ теориялық білімнен, яғни Пит Дадлидің “Lessen Stady” және Назарбаев зияткерлік мектептері дайындаған әдістемелік ресурстар нұсқаулығымен танысудан басталды.
Жетекшіміздің ұйымдастыруымен 2019 жылы аймақтық және облыстық семинар өтті. 2020 жылы облыс көлемінде семинар карантинге байланысты онлайн форматта ұйымдастырылды. Қазіргі таңда мектебімізде зерттеу сабақтарын жүргізу жалғасуда. Оқушылардың білім деңгейін көтеру және әріптестердің өзара тәжірибе бөлісуінің көзі болып табылатын зерттеу сабақтарын өткізу – қала мектептерінде ғана емес, кез келген шағын жинақталған мектептерде де тиімді.
Бұл әдіс әріптестер арасында берік байланыс орнатады. Әрі жаңа Қазақстанның білімді жастарын бірлесе оқытып, тәрбиелеуде тиімді әдістердің бірі деп есептеймін.
Марал БАЛТАГЕРЕЕВА,
Теңдік орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Тайынша ауданы.