М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының жанынан құрылған “Шұғыла” жас ақындар ұйымының қорытынды кеші өтті. Шараға өнерлі студенттер мен оқу орнының оқытушылары қатысты. Бойында ақындық дарыны бар жастар өлең оқып, өз шығармашылықтарын паш етті.
“Жүрегім толы жыр-нұрға” атты кеште қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенттері Ақәділ Талапбеков, Элвира Жаңбырбай, Ұлдана Бахтиерова, Айгерім Бақыт, Шаттық Амангелді, Гүләй мен Нұрай Қалихановалар өздерінің туған жерге, жақындарына арнаған жүрекжарды жырларын оқып, жиналғандардың қошеметіне бөленді. Кеш соңында шара қонақтары профессор Жанар Таласпаева, аға оқытушы Ботагөз Тауқұдретова және ұйым жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Құлыбекова сөз сөйлеп, жас дарындарға ақ жол тіледі.
– Ақындық – екінің біріне беріле бермейтін бекзат өнер. Біздің университетімізде осындай сұлу өнерді жанына серік еткен жастардың бары көңіл қуантады. Бір жыл ішінде бірқатар іс-шаралар өткізіп, ұйым мүшелері көптеген жетістіктерге жетті. Кафедра қабырғасындағы ақындықтың осы бір көші үзілмесе екен дейміз. Алдағы күзде біз “Шұғыланың” шуақты 10 жылдығын атап өтеміз, – дейді Жанар Сейілбекқызы.
Алдағы уақытта ұйым мерейтойына орай студенттер және түлектердің қатысуымен арнайы шара өткізу жоспарда бар. Бұдан бөлек жас дарындардың балауса жырларының шағын жинағы да жарық көреді.
Назым ӘСКЕР,
“Шұғыла” жас ақындар ұйымының төрайымы.