Қоғамда “мұғалімдердің еңбек демалысы екі айға жуық, сәйкесінше көп ақша алады”, – деп педагогтардың жалақысын есептеп жүретіндер аз емес. Педагогтар үшін ең маңызды әлеуметтік кепілдіктердің бірі – жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығу уақытының ұзақтығын белгілеу.
Оның ұзақтығы барлық педагог үшін 56 күнтізбелік күнді құрап отыр. Педагогтарға жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының 2 түрі – негізгі және қосымша берілетінін атап өткен жөн.
Қосымша демалыс экологиялық қолайсыз және радиациялық қаупі бар аумақтарда тұратын педагогтар үшін қарастырылған. Оның ішінде экологиялық қолайсыз аумақтарда тұратын педагогтар үшін қосымша демалыстың ұзақтығы 7 күннен 12 күнге дейінгі, ал радиациялық қауiптi аумақтарда тұратын педагогтар үшін 5 күннен 14 күнге дейінгі мерзімді құрайды. Демалыс уақытына түскен мереке күндері еңбек демалысына кірмейді. Еңбек демалысын беру кезінде нақты жұмыс істеген уақыт қана есепке алынады.
Еңбек демалысын беру кезінде сауықтыруға арналған жәрдемақы лауазымдық жалақы мөлшерінде төленеді. Сауықтыру жәрдемақысының мөлшерін есептеу педагогтың демалыс берілген күнгі нақты жүктемесін ескере отырып, лауазымдық ақы мөлшерінде жүргізіледі. Мұнда қосымша ақылар мен үстемеақылар есептелмейді.
Педагог қосымша жұмысты немесе уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін өзінің негізгі жұмысынан босатылмай орындаған жағдайда бұл лауазымдарды қатар атқару болып табылады. Мұндайда сауықтыруға арналған жәрдемақы педагогқа негізгі лауазымы бойынша ғана төленеді. Егер педагог қосымша жұмысты лауазымдарды қоса атқару туралы жеке еңбек шарты бойынша негізгі жұмыстан бос уақытында атқарса, сауықтыруға арналған жәрдемақы негізгі жұмыс үшін де, қосымша жұмыс үшін де бөлек төленуге тиіс.
Әсел ОРАЗБАЕВА,
облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.