«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Татуласқан тиімді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Азаматтардың мемлекеттің және заңды тұлғалардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру, заңдылықты сақтау, істің толық, уақытылы әрі әділ қаралуын және дұрыс шешілуін қамтамасыз ету, дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесу, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамда заңға және сотқа құрметпен қарауды қалыптастыру азаматтық сот ісін жүргізу аясында реттеледі. Елімізде татуластыру рәсімдерін дамыту азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қорғаудың, азаматтық-құқықтық саладағы жанжалдар мен дауларды шешудің басым бағыттарының бірі саналады. Ең бастысы, дауласушы тараптарға сотқа жүгінгенге дейін де, істі сотта қарау кезінде де, оны қарағаннан кейін де, яғни даудың кез келген уақытында бейбіт жолмен шешудің артықшылықтарын пайдалануға мүмкіндік беріледі. Сот тараптарға татуласу рәсіміне қатысу үшін шақыру жібере отырып, татуласуына қатысты нақты шаралар қабылдайды, оларға дауды процестің барлық сатысында реттеуге көмектеседі. Онда тараптарға татуласу рәсімі (бітімгершілік келісім, медиация, партисипативтік рәсім) шеңберінде дауды (жанжалды) шешу құқығын түсіндіре отырып, сотқа талап қоюдың келіп түскені, татуласудың артықшылықтары, сондай-ақ Азаматтық процестік кодекстің 73-бабының бірінші және екінші тармақтарына сәйкес дәлелдемелерді өзара ашу және ұсыну құқығы туралы хабардар етіледі. Қамтамасыз ету шараларын қабылдау кезінде шақыру тиісті ұйғарым шығарылғаннан кейін жіберіледі. Тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация, келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап не осы кодексте белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде шеше алады. Жоғарғы сот әзірлеген татуластыру рәсімін жүргізу бойынша судьяның іс жүргізу әрекеттерінің алгоритміне және сотқа дейінгі хаттамаға сәйкес судья іс қозғалған жағдайда дауды шешу перспективалары туралы өз пікірін білдіруге құқылы. Ал тараптар келісімге келмеген жағдайда талап мәні бойынша қарау үшін басқа судьяға беріледі. Судья тараптардың өтiнiшi немесе өзiнiң қалауы бойынша татуластыруға көмектесе алатын басқа адамдарды татуластыру рәсiмiне қатысуға шақыра алады.

Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот көбіне шарттық міндеттемелер, мемлекеттік сатып алу салалары, міндеттеу және мәжбүрлеу, корпоративтік даулар бойынша қаралған азаматтық істер негізінде тараптарды татуластырып жүр. Азаматтық процестік кодексінте бітімгершілік рәсімдердің үш түрі қарастырылған. Біріншісі – бітімгершілік келісім. Оның мақсаты – даулы қатынастарды шеше отырып, арнайы азаматтық-құқықтық келісім ретінде қарастыру. Екіншісі, медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың (медиаторлардың) көмегімен тараптар арасындағы дауды (жанжалды) реттеу рәсімі. Оның сот түріне жататын бітімгершілік келісімінен айырмашылығы, рәсімдер соттан тыс та, сотта да бекітілуі, яғни сотқа жүгінгенге дейін де, сотта іс жүргізуге қабылданғаннан кейін де қолданылуы мүмкін. Үшіншісі – партисипативтік рәсім, бұл дауды судьяның қатысуынсыз тараптардың келіссөздері арқылы екі тараптың өкілдерінің көмегімен шешуді білдіреді.

Жыл басынан бері мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта қаралған азаматтық істердің бестен бірі тараптардың татуласуымен аяқталды. Оның тараптар арасында дауды жылдам шешу, екі тарапқа да қолайлы өзара тиімді шешім қабылдау, мәжбүрлі шешімді орындауға қарағанда тараптар арасындағы келісімдерді тез аяқтау, қалыпты іскерлік қатынастарды сақтау жағынан тиімділігі зор. Сондай-ақ мемлекет тарапынан сотқа жүгіну кезінде төленген мемлекеттік баж салығының қайтарылуы да тараптар үшін татуластыру рәсімдерінің артықшылығы болып табылады. Сотпен бекітілген қандай да бір келісім ерікті түрде орындалмаған жағдайда, тараптар атқару парағы арқылы мәжбүрлі түрде орындату туралы мәселені көтеруге құқылы.

Биыл 5 айда судьялар 237 іс бойынша тараптарды татуластырып, 68 868 390 теңгеден астам мемлекеттік баж қайтарылды. Оның ішінде бітімгер судья арқылы 132 іс бойынша тараптар өзара қол алысып, 28 бітімгершілік келісім, 104 медиативтік келісім жасалды. Қайтарылған баж – 20 754 290 теңге.

Соңғы кезде сотқа жүгінушілер достық, кәсіпкерлік қатынастарды сақтап, арадағы дауды ортақ келісімге келе отырып шешу қажеттігін жете ұғынып келеді. Ол мақсатқа қол жеткізудің бірден-бір кепілі бітім екені анық. Тәжірибеден байқағанымыздай, татуластыру рәсімдері дауласқан тараптардың ымыраға келуін басты мұрат етеді. Судьялар да татуластыру рәсімдерінің мәселелері бойынша насихаттау жұмыстарын жүргізуді басты парыз санай отырып, дауларды сотқа дейін шешу, тараптарға медиация келісімдерінің артықшылықтарын жүйелі түрде түсіндіріп отырады.

Бауыржан ЖАЙЖҰМАНОВ,

облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp