Қазіргі таңда педагогтың кәсіби дамуы – оқу іс-әрекетінің табысты болуының аса қажетті шарты. Әрбір ұстаз – білім беруші ғана емес, сонымен қатар оқушыларды жаңа белестерге жетелейтін ынталандырушы. Педагогтардың біліктілігін дамытудың тиімді жолдарының бірі – кәсіби шеберлік байқауларына қатысу. Бұл іс-шара мұғалімнің дағдылары мен білімін көрсетуге ғана емес, сонымен қатар әріптестерімен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ білім беру саласындағы сарапшылармен кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы өткізетін “Педагогикалық идеялар панорамасы” – педагогтар арасында ең танымал байқаулардың бірі. Себебі бұл – мектепке дейінгі ұйымдардан жоғары оқу орындарына дейінгі барлық деңгейдегі мұғалімдерді, соның ішінде арнайы, түзету ұйымдарын және ПМПК-ны қамтитын жалғыз конкурс. Әрі байқауға қатысу тегін, бейнематериалдарды дайындау үшін мұғалімге шамамен 6 ай уақыт беріледі.
Бұл байқау алты жыл бұрын басталған болатын. Өңірімізден 11 мұғалім республикалық байқаудың жүлдегері атанды. Осы жылдар ішінде облыс педагогтары республикада үздік екендерін бірнеше рет дәлелдеді. Өңірде “Педагогикалық идеялар панорамасы” байқауында өз тәжірибесін ұсынатын ұстаздар көбейіп келеді. 2022 жылы облыстық деңгейде 74 жүлделі орын, 2023 жылы 93 жүлделі орын берілді, бұл жаңа буын мұғалімдерінің әлеуетін танытуға, жаңа көкжиектерді ашуға мүмкіндік береді.
Мәселен, Абай атындағы мамандандырылған қазақ гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлшат Қалиева “Педагогикалық идеялар панорамасына” қатысу, ең алдымен, оқытуда жаңа технологиялардың генерациясына серпін беретінін атап көрсетті. Бұл – әдеттегі ортаңыздан шығып, әріптестеріңізге өз идеяларыңызды көрсетуге себеп. Тәжірибе алмасу кәсіби шабыт алуға және жаңа қуатпен толықтыруға мүмкіндік береді. Ұстаз да зергер сияқты әріптесінен гауһар тасты алып, пішінделгенін береді. Осы арқылы шәкірттерінің, ең адал төрешілерінің санасына сәуле түсіреді, көкірек көзін ашады, шырағын жағады.
Биылғы “Педагогикалық идеялар панорамасы-2024” республикалық байқауының басталғанын хабарлаймыз. Бұл қазақстандық мұғалімдер үшін он екі бағыттың бірі – оқу сауаттылығынан медиа және қаржылық сауаттылыққа дейінгі бейнелер түріндегі түпнұсқа әзірлемелерімен бөлісудің бірегей мүмкіндігі.
Байқауға жеке және үш адамға дейін топтасып қатысуға болады. Әртүрлі бейнеформаттар қабылданады, соның ішінде дәрістер, сабақтар, зертханалық сабақтар, семинарлар және бейне подкасттар. Жұмыстар қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде ұсынылуы мүмкін.
Ұсынылған жұмыстар тақырыптың өзектілігі, әдістемелік құндылығы және шешендік өнердің сапасы сияқты жеті критерий бойынша бағаланады. Әр аталым бойынша бірінші, екінші және үшінші орын жеңімпаздары марапатталады. “YouTube” платформасында әр аталым бойынша ең көп қаралған бейнелер үшін сертификаттар беріледі.
Байқауға қатысу мұғалімдерге кәсіби мәртебесін көтеруге тамаша мүмкіндік береді. Өйткені барлық марапаттар мен дипломдар біліктілік санатын беру немесе растау үшін аттестациялау кезінде ескеріледі. Облыстық және республикалық кезеңдерге өткен барлық қатысушыларға сертификаттар мен дипломдар беріледі.
Байқаудың облыстық кезеңіне қатысуға өтінімдер 24 сәуір мен 15 қазан аралығында https://ppi.orleu-edu.kz сайтында қабылданады.
Әсел ЖАҚСАЛЫҚОВА,
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” акционерлік қоғамы облыстық филиалының аға оқытушысы.