“Eurasian Journal of Physics and Functional Materials” ғылыми журналы “Digital Commons Elsevier” платформасында шығарыла бастады.
“Elsevier” әлемдегі ең ірі ғылыми баспалардың бірі және дүниежүзіндегі ғылыми журналдардың барлық мақаласының төрттен бірін шығарады.
“Eurasian Journal of Physics and Functional Materials” журналы Еуразия ұлттық университетінде 2017 жылдан бастап ағылшын тілінде шығарылады. Ғылыми басылымның мақалалары “Scopus” халықаралық ғылыми деректер базасына енгізілген.
Аталған журнал ядролық физика, жоғары энергия физикасы, баламалы және сутегі энергетикасы және тағы басқа саладағы ғылыми зерттеулердің нәтижелері туралы материалдарды қамтиды.
Журналдың халықаралық редакция алқасының құрамына Қазақстан, Ресей, АҚШ, Франция, Жапония, Финляндия, Швеция, Италия, Өзбекстан, Англия ғалымдары, сондай-ақ CERN және Біріккен ядролық зерттеулер институты сияқты әлемдік деңгейдегі ғылыми ұйымдар кіреді.
“Elsevier” компаниясының өзі журналды базаға қосу және электрондық нұсқасын шығару туралы ұсыныс жасаған екен. “Elsevier” платформасында “Eurasian Journal of Physics and Functional Materials” журналының жариялануы басылымның ғана емес, Қазақстанның бүкіл ғылыми қоғамдастығының дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.