«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өршіл болмыс иесі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адамның жаратылысы қызық және оның сырын танып-білу де қиын. Тәжірибеден бір байқағанымыз, табиғатынан тұйықтау, жуастау көрінген жандардың үндемей жүріп-ақ таудай іс тындыратыны, тынымсыз еңбегінің бағаланбай, елеусіздеу қалып жататыны. Түймедейін түйедейге балап, көбік сөздің майын ағызатын кейбіреулерге қарағанда мұндай санаттағылар сөзге де шорқақтау. Сол себепті болар, бастапқыда алдыңғылардың аты озып, соңғылар көштен қалып қойғандай әсер еткенімен, ақ-қарасын айыра келгенде, бәрібір ақиқаттың шынайы түйіні тарқатылып сала береді. Кімнің елге сіңірген еңбегі қандай екені айқара ашылады.

Құдайберді Шәжімбайдың туабітті мінезі құдды осындай, жылына бір рет ашылатын лотос гүлі сияқты. Тіпті алқалы топта жүргенде ағамыздың бар-жоғы білінбей қалады. Шау-шаулап әңгімеге тартсаң, тереңіне бойламай бір-екі ауызбен ғана қайыра салатыны бар. Биыл 75 атты биік асу төріне көтерілген ол үйдегі он баланың үлкені болғандықтан ба, әлде кішкентайынан Шәйби атасы мен Бәдишә әжесінің бауырында тәрбие алғандықтан ба, еркіндеу өсті. Бірақ еркетотайлыққа салынып, бас жарып, көз шығарған жоқ. Теріс қылығымен көзге түсіп, мұғалімдердің мазасын да алған емес. Кіндік қаны тамған Қараталда бастауышты жақсы бағамен тамамдап, қазіргі Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатына қабылданғанда екінші тынысы ашылып сала берген. Арықша келген қағылез жасөспірім күрес дегенде көзі оттай жайнап, ішер асын жерге қоятын. Күрестің классикалық түрінің қыр-сырын игеріп, қала, өңір жеңімпазы атанды. Кейін Петропавл индустриалды техникумы мен институтта оқып жүргенде, Петровка кәсіптік училищесінде өндірістік оқыту шебері, спорт тәрбиесі жетекшісі қызметін атқарғанда күреске әбден машықтанып, жете меңгеріп алды. Жамбасқа салып, алып ұру қағылез жігіттің өзіне тән әдісітін. Облыс құрамасы сапында “Еңбек резервтері”, “Қайрат”, “Динамо” сияқты республикалық спорт қоғамдарының, республика біріншілігінің бірнеше дүркін жүлдегері, жеңімпазы болды. Бүкілодақтық турнирлерге қатысып, спорт шебері нормасын орындады. 1980 жылы Алматыда республика ішкі істер қызметкерлері арасында ұйымдастырылған классикалық күрес додасында облыстан тұңғыш рет бірінші орынды жеңіп алғанын біреу білсе, біреу білмес. Еңбек жолы Возвышен аудандық спорт комитетінде, облыстық “Қайрат” ерікті спорт қоғамында, ішкі істер басқармасында жалғасты.

Лауазымды тұлғалар, басшылар алдында жағымпаздануды білмейтін, шындықты тіліп айтатын өршіл болмысы оны өзгелерден бөлектеп тұрады. Басына қанша таяқ болып тиіп, тіпті қудалауға ұшырап, шетқақпай қылса да, айтқанынан қайтпайтын, сынбайтын. 1986 жылы қазақтың өрімдей ұл-қыздарының тәуелсіздікті аңсаған Желтоқсан көтерілісін ашық қолдағаны үшін жап-жақсы атқарып жүрген жұмысынан кетуіне тура келді. Ел егемендігінің елең-алаң шағынан бастап демократиялық ұйымдардың қатарынан табылып, азаматтық қоғам құру бағытындағы бағдарламаларын жүзеге асыруға белсене атсалысты. Ағамыздың республикалық ұлт патриоттарының “Азат” қозғалысына енуін, жас түркілердің авторитаризмге қарсы “Қазақстанның демократиялық таңдауы” үндеуін қолдауын жергілікті билік жақтыра қойған жоқ. Өйткені, өңір атынан өкілдік алған соң биік мінберлерден ой-пікірлерін ашық айтуын кім ұната қойсын? “Ақ жол” демократиялық партиясының өңірдегі үйлестірушісі, жалпыұлттық социал-демократиялық “Азат” саяси ұйымының алқа мүшесі ретінде шыңдалу жолдарынан өтіп, мол саяси тәжірибе жинақтады. 2007, 2011 жылдары Парламент Мәжілісі депутаты сайлауына өңір филиалы атынан партиялық тізімге енгізіліп, Орталық сайлау комиссиясында тіркеуден өтуі оған көрсетілген үлкен сенім екені талассыз.

Ал қазақ кино өнерінің белгілі қайраткері (актер, сценарист, журналист), артына “Бәйтерек”, “АЛЖИР”, “Режиссер Жұмат Шанин”, “Домбыра үні” сияқты құнды деректі фильмдер, екі халықаралық кинофестиваль жүлдесін иеленген “Жансебіл” секілді көркем туынды қалдыра білген туған інісі Аяған Шәжімбаевтың есімін ұлықтаудағы сіңірген жанкешті еңбегі – өз алдына бөлек әңгіме. Нәтижесінде Есіл ауданының орталығы – Явленка кентіндегі №3 қазақ мектебіне есімі берілді. Облыс орталығындағы К.Либкнехт көшесі Аяған Шәжімбаев атына ауыстырылды. Ол оқыған мектеп-интернат қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. “Мен қазақтың баласы”, “Алаштың Аяғаны” атты естелік-жинақтар жарық көрді. Алматыда бір көше оның есімімен аталады. Осы шаруалардың басы-қасында тікелей ұйымдастырушы, “Алаш рухы” қоғамдық қорының жетекшісі ретінде Құдекеңнің жүргеніне бәріміз куәміз. Ендігі бір арманы – оның атында Петропавл қаласында жұртшылық серуендеп, демалатын саяжол ашу және мүсінін қою.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp