Петропавлда Қазақстанның бес кәсіпорнынан 25 маман қысқамерзімді курсқа қатысып, қағаз өндірісіне қатысты білімдерін жетілдіріп жатыр. Облыстық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2017 жылы “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жанынан “Профресурс” орталығы ашылды. Бұл – қағаз өндірісі бойынша қысқамерзімді оқытуды жүзеге асыратын елдегі жалғыз оқу орны.
Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ашылған орталық “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тізілімінде тұр. “Профресурс” оқу орталығы жеті жыл бойы пластмасса құюшыларды, автоматты желі операторларын, дәнекерлеушілерді, машинистерді және басқа да сұранысқа ие мамандарды даярлап келеді.
“Биыл орталық сұранысқа ие екі жаңа мамандықты қосып, тізімді ұлғайтты. Бұл – қағаз бен картон өндірісінің және орама қағаз, басқа да қағаз өнімдерін шығару операторлары. Қазіргі уақытта бұл Қазақстандағы осындай мамандарды даярлайтын жалғыз орталық”, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ирина Торопова.
Курсқа Астана мен Шымкенттен қағаз өндіруші төрт компанияның өкілдері арнайы келді. Бір ай бойы күніне 7 сағат ресейлік Орал мемлекеттік орман техникалық университетінен арнайы шақыртылған оқытушылар целлюлозақағаз өндірісі мамандарының біліктіліктерін арттырады.
“Целлюлоза-қағаз өндірісі, қағаз алу технологиясына қатысты білім беріп жатырмыз. Біз ағаштың морфологиялық құрылымын қарастырамыз, ағаштың дайын кесектерін микроскоппен көрсетіп, әртүрлі ағаш түрлері талшықтарының негізгі анатомиялық элементтерімен танысамыз. Мен целлюлозаны әртүрлі тәсілдермен өңдеудің толық циклі туралы да айтамын”, – дейді Орал мемлекеттік орман техникалық университетінің профессоры Олеся Вураско.
Астанадағы “Goida.kz” ЖШС директорының орынбасары Нұрлан Закарьянов өзімен бірге төрт маманды ерте келіпті. Себебі еліміздегі жоғары оқу орындарында мұндай білім берілмейтін көрінеді.
“Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Петропавлда қағаз бұйымдар фабрикасы 2022 жылдың қазан айында іске қосылды. Қазіргі уақытта зауыт санитарлық-гигиеналық мақсаттағы тауарларды – майлықтарды, қағаз сүлгілерді, дәретхана қағазын және А4 форматындағы кеңсе қағазының екі түрін шығарып, толық қуатында жұмыс істейді. Қазір қағаз бұйымдар фабрикасында 60 адам еңбек етіп жатыр. Ал қызметкерлердің біліктілігін арттыру, инженерлерді, цех бастықтарын, заманауи жабдықта жұмыс істей алатын мамандарды даярлау маңызды.
– Бірер жыл бұрын мектепті басқаруға алып, кейін оны мектеп-колледжге айналдырдық. Түлектеріміз жүз пайыз жұмысқа орналасады. Қазір біз қағаз саласының мамандарына мемлекеттік үлгідегі дипломдар беруді қолға алып жатырмыз. Осы мақсатқа жету үшін оқу орталығы жанынан қағаз өндірісі бойынша мамандарды қысқа мерзімді даярлауды бастадық. Бұл – кадрларды кәсіби даярлауды ұйымдастырудағы алғашқы тәжірибеміз, сала бойынша серіктестерімізді тартып, жақсы білім беретін профессорларды шақырдық, – дейді “Радуга” кәсіпорны бас директорының орынбасары Дәурен Катранов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.