Облыс орталығында жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі жүріп жатыр. Оған жыл басынан бері мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары қатысуда. Басты мақсат – әділ салық салуды қамтамасыз ету, жеке тұлғалардың кірісін бақылау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Жалпы есепте жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, көлік құралдары, арнайы техникалар, шетелдік банк есепшотындағы сақталған қаражат көрсетілуі керек. Қалалық мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, декларацияны қанша адам тапсырғаны есептелуде. Ал тапсырмаған жандарға айыппұл салынбақ.
– Петропавл қаласы бойынша жалпыға бірдей декларацияны 30 мың адам тапсыруы тиіс. Декларация қағаз және электрондық жеткізгіште ағымдағы жылдың 15-ші қыркүйегінен кешіктірілмеуі қажет. Салық есептілігін орындау үшін “e-Salyq Azamat” қосымшасын қолдану керек, – дейді қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Диана Әубәкірова.
Биылғы жылдың бірінші қаңтарынан бастап елде декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. Оған заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары кіреді.
Декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет ескерту, ал екінші рет салық салушылар декларацияны ұсынбағаны үшін 15 АЕК, бұдан басқа, салық салу объектілерін жасыру кезінде төленбеген салықтар сомасының екі жүз пайызы мөлшерінде және егер мұндай құқық бұзушылық қайталанса, үш жүз пайыз мөлшерінде айыппұл салу көзделген.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.