«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛЫ АЛТЫН ДӘРІГЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Әр сырқатты бауырың, ата-анаң, туысыңдай жақын тартып, сөйлессең, мұның өзі – жартылай ем”. Бұл сөздер Петропавлдағы көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының травматолог-дәрігері Марат Шаймолдаұлы Омаровтың өмірлік ұстанымы. Ақ халатты абзал жан біздің өңірде алғашқылардың бірі болып Илизаров аппаратын қолданған. Саналы ғұмырын медицинаға арнап, жұрттың батасын алған дәрігерді әңгімеге тартқан едік.

– Марат Шаймолдаұлы, қазақ халқы науқастың дертіне шипа іздеген, сырқаттың жанын түсінетін дәрігерлерге “қолы алтын” деп баға беріп жатады. Осындай ілтипатқа бөленгендердің қатарында сіз де барсыз. Халықтың алғысына бөлену, ризашылығына кенелу оңай болмаған шығар.

– Жаны ауырған адамның жағдайын дәрігер ғана түсіне алады. Сондықтан сырқатты алдымен жылы сөзбен емдеу маңызды. Өз басым осындай ұстанымдамын. Елдің ықыласына кенелу – бір күнде бола қалатын шаруа емес. Ол үшін ең алдымен әр адам өз мамандығына адалдық танытуы қажет деп ойлаймын.

Мен Жамбыл ауданындағы Киров елді мекенінде туып-өстім. Анам, жиі ауыратын. Кішкентай ғана ауылда дәрігер жоқ, анда-санда ауданнан, облыстан дәрігерлер келіп, басы ауырып, балтыры сыздағандарды тексеріп, ем-дом жасап кетеді.

Бұл – біздің ауыл үшін үлкен оқиға, көпке дейін үлкендер сол дәрігерлерді ауыздарынан тастамай, мақтап отырады. Осыны көрген мен есейгенде дәрігер боламын деп армандай бастадым. Арманым орындалып, 1973 жылы Целиноград мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсіп, алты жылдан кейін емдеу факультетін бітіріп шықтым. Кейін Петропавлға келіп, бір жыл бірінші қалалық емханада интернатураны өттім. 1980 жылдан бастап сол кездегі үшінші қалалық аурухананың травматология бөлімшесіне жұмысқа орналастым. Қазіргі еңбек өтілім – 44 жыл.

Травматологияның қыр-сырын білу үшін көп уақыт керек. Сондықтан менің жұмыс орнын ауыстырып жүруге уақытым болмады. Бұл мамандықтың, жалпы медицинаның қиындығы көп, өйткені адам өмірімен байланысты. Жұмыс істемеген адам ешқашан қателеспейді, сондықтан жұмыс барысында қателік болады. Бірақ медицинада қателік кешірілмейді, өйткені ол адам денсаулығы, өмірімен байланысты.

Бұл мамандықта ең бірінші адамды жақсы көру керек. Сенің алдыңдағы науқас адам сенің анаң, әкең, сенің ағаң, інің, қарындасың сияқты болуы керек. Сосын аурулармен сөйлесе білу маңызды, мен операцияның алдында науқаспен сөйлесіп, қандай ота жасалатынын, қаншаға созылатынын, қандай нәтиже беретінін бастан-аяқ айтып беремін.

– Қазір сырқаттардың шағымы қандай? Жарақат түрі заманға сай өзгерді ме?

– Қазір жоғары жылдамдықты автомобильдер тым көп. Тәжірибесі жоқ жастар жылдамдықты шектен тыс асырып, салдарынан жол-көлік апатына түсіп жатады. Ауруханаға “политравмамен” түсетіндер көп. Ол дегеніміз бірнеше сынық алу – қол-аяғы, қабырғасы сынуы мүмкін. “Қосарлас жарақат” деген бар, мұнда басқа сынықпен қатар бас-сүйек жарақаты болады.

Қыста тәулігіне 10-15 адам білезік сүйегін сындырып түседі. Жасы үлкен адамдар арасында, әсіресе, жамбас ұршығы жиі сынады. Өйткені сүйектері осал, кілемге шалынып құлап, сындырып алуы мүмкін. Мұндай жасы үлкен сырқатты тезірек аяғына тұрғызу керек, өйткені олар бір жатып қалса, қайтып тұрмайды.

Біз өз ауруханамызда 20 жылдан артық жаңағыдай жамбас ұршығы сынса, ота жасап, сынған жерін алып тастап, орнына эндопротез саламыз. Нәтижесінде сырқат екінші күні ақырындап тұра бастайды, 5-10 күннен кейін үйіне жібереміз.

– Қырық жылдық тәжірибеңізде түрлі қызық оқиғалар болған шығар.

– Мен пациенттерімді жиі кездестіремін, кейбірімен көршімін. Кездескенде үнемі рақмет айтып, алғыс білдіріп жатады. Менің көру арқылы есте сақтау қабілетім жақсы дамыған. Есімдерін ұмытып қалсам да, алдымдағы адамға қай жеріне қандай ота жасағанымды біліп тұрамын.

Бір пациентімнің жарасы іріңдеп, жазылмай қойған. Консилиум жинап, аяғын ампутациялау керек деген шешім қабылдапты. Мен сырқатпен сөйлесіп, аппарат қойып, емдеп көрейін дедім. Ол кісі келісіп, Илизаров аппаратын қойып, өсіре бастадым. Күніне сүйекті 1 мм тартып отырдым. Осылайша бір жыл бақылауымда болды, жарасы жазылды, сүйек өсіп, жаңадан пайда болды. Осылайша 15 см-ге создым. Жол-көлік апатында зардап шеккен ер адам, кейін өз аяғымен жүріп кетті.

– Сүйек сынуының алдын алуға бола ма?

– Қазақта “сақтансаң сақтаймын” деген сөз бар. Ал дәрумендерге келер болсақ, кальций ішу қажет. Сүтті тағамдарды көбірек тұтынған жөн. Ол сүйекті қатайтады. Екіншіден, саламатты өмір салтын ұстану, темекі шекпеу, спирттік ішімдіктерден бас тарту маңызды. Велосипед тебуге, көбіне жаяу жүруге кеңес беремін. Күніне 1-2 шақырым жүргеннің өзі өте пайдалы.

– Сіздің қазақ әндерін, ақындардың өлеңдерін жатқа айтатыныңыздан хабардармын. Дәрігердің руханиятқа жақын болғаны қуантады. Мұны хобби санайтын шығарсыз?

– Әу демейтін қазақ жоқ шығар, мен де ән айтқанды ұнатамын. Бірақ кезінде домбыра үйрене алмадым. Шәмшінің әндерін жақсы көремін. Қазақтың тілі қандай бай, қандай әдемі! Әсіресе Мағжанның өлеңдері ұнайды, оннан астам өлеңін жатқа білемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp