«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Құрбан айт – ұлық мереке

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қасиетті рамазан айы да өтіп, Құрбан айт мерекесі де көкжиектен күлімдеп, құшағын айқара жайып төрімізге енгелі тұр. Құрбан айт – мұсылмандардың ең қасиетті мерекесі. Ол Ораза айттан кейін 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылады. Биылғы жылы 16 маусым Құрбан айттың бірінші күні болып белгіленді. Айт күндері Алла Тағалаға арнап құрбандық шалынады, мал сойылады. Бұл – мұсылмандардың негізгі міндеттерінің бірі.

Айт күні жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахап (жақсы амалдарға жатады). Намаздан кейін мал сойылып таратылады. Көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, “Айт құтты болсын!” айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, Айтта бір-бірін кешірген жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, шамалары келсе көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше сәлем-сауқат, сый-сияпат жасап, Айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау адамдардың бір-біріне деген сыйластық.

Тарихи деректерге сүйенсек, мұсылмандардың мерекесін атап өту мәселесін өткен ғасырдың бас кездерінде-ақ Алаш зиялылары көтерген екен. Мәселен, С.Меңдешұлы төрағалық еткен, халқымыздың А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан секілді біртуар перзенттері қатысқан 1921 жылы наурыздың 5-де сол кездегі Қазақстан Автономиялы Республикасы Орталық атқару комитетінің Орынбор қаласында өткен Төралқасында “Мұсылмандардың мерекесі” мәселесі қаралып, Ораза айтқа 3 күн, Құрбан айтқа 3 күн, Наурызға 1 күн беру туралы қаулы қабылданыпты. Сөйтіп еліміз бұл діни мерекелерді 1926 жылға дейін тойлап келген. Кейін келе бұл аса ізгі де иманды шешім дінге жаппай шабуыл басталғанда, асыра сілтеушілік салдарынан күшін жойған. Содан кейінгісі бәрімізге белгілі. Дінді апиын санаған кеңес өкіметінің билігі жетпіс жылға жуық уақыт бойы адамдарды төл дінінен, ділінен, ата-баба дәстүрінен айыруға, шамасының келгенінше безіндіруге, тіпті жерітуге барын салды. Алайда қылышынан қан тамған билік халқымыздың қайсар тұлғаларының қолдарын құрсап, армандарын аяқ асты еткенімен, ұлтымыздың рухани тамырын жоя алмады, халқымыздың ұлттық құндылықтарын тарих қойнауына мүлдем батырып жібере алмады.

Құдайға тәубе, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қарай негізгі діні – ислам, халқының басым көпшілігін, яғни 70 пайыздан астамын мұсылмандар құрайтын Қазақстанда діни мерекелеріміз айрықша ықыласпен аталып өтілуде.

Алла Тағала Құран Кәрімде: “Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал” – деп әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) “Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!” – деп бұйырған. Әрине, бұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) “Құрбан шалыңдар! Өйткені, ол – Ибраһим әкелеріңнің сүннеті”, – деуі құрбан шалудың уәжіптігіне теріс емес. Өйткені “сүннет жолы” деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп болған құрбан шалу – Ибраһимнің (а.с) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді.

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Үзір себептерге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) құрбан шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну А’зибтің риуаяты бойынша: “Алланың Елшісі (с.ғ.с): “Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанның отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес”. Басқа бір хадисте: “Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын”, – деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.

Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін сол жағымен жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып қайрау – мәкруһ. Ал қинамай сою – сүннет. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді:

1.“Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздасын. Малдың жанын жай таптырсын”.

2. Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата сол жағымен жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылады: “Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ” (“Күмәнсіз менің намазым және басқа да ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Алла Тағала үшін. Оның еш серігі жоқ”).

3. Одан кейін: “Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа илл-Аллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд” – деп, кімнің атынан сойылып жатқаны ниет етіледі. Артынша “Бисмилләһи, Аллаһу әкбар” – деп тәкбір айтып, оң қолмен бауыздайды.

Құрбан шалудың арнайы дұғасын білмеген адамдарға “Бисмилләһи, Аллаһу әкбар! Құрбандығымды қабыл ала гөр!” деп ниет етіп, шала берулеріне болады. Тек қана құрбандық иесінің ғана “Бисмилләһи, Аллаһу әкбар” – деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да “Бисмилләһи, Аллаһу әкбар” – деуі керек. Әдейі ұмытпастан “Бисмилләһ” деп айтпаса, құрбанның етін жеуге болмайды. Өйткені, Алланың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам. Құрбанның иесі құрбанды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуінің де “Бисмилләһ” деп айтулары керек. Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалу керек. Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру – мәкруһ.

Құрбан малы сойылатын жердің тазалығына көңіл бөліп, айналасын былғап, шашып кетпеуді қадағалаған жөн. Экологиялық тазалыққа көңіл бөлудің де мұсылмандық әдептілікке жататыны анық. Осы орайда айта кеткеніміз жөн, Қызылжар қаласы, Космонавт-2 көшесі бойында құрбан малын союға арналған орын белгіленді. Ол жерде барлық жағдай жасалған.

Бай болсын, кедей болсын, Құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, білім жолындағыларға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей және мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.

Алла Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: “Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер”. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибну Аббас былай деп риуаят етті: “Пайғамбарымыз (с.ғ.с) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын”. Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату – мәк-рүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Хазірет Әлидің былай дегені риуаят етіледі: “Алланың елшісі (с.ғ.с) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. “Қасап ақысын біз өзіміз береміз” деді”. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.

Құрбан айт мерекесін қалай өткізу туралы және құрбандық малын сою шарттары бойынша қала және аудан имамдары адамдардың сұрақтарына әлеуметтік желілер арқылы да, мешітте де жауап беруге дайын.

Ұлықтың ұлы күні Аллаға құрбан шалып, мұсылмандардың бауырмалдығын арттыратын күнге Раббымыз айдың күні аманда жекізсін!

Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ,

Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp