Петропавлда су тасқынынан кейін апатты деп танылған үйлер сүріліп жатыр. Петропавл қаласы әкімдігінің мәліметінше, облыс орталығында тұруға жарамсыз 1600-ге жуық үй бұзылады.
Ал қалғандары қалпына келтіріледі. 500-ден астам үйдің 127-сін қазіргі уақытта тұрғындар өздері жөндеп жатыр.
Ал апатты деп танылған үйлерді бұзып, қоқысты шығаруға механикалық бригадалар тартылған. Бірінші кезекте баспана алған азаматтардың үйлері сүріліп жатыр. Олардың орнына көшет отырғызылады. Ал су басқан аймақта жаңадан құрылыс салуға тыйым салынады.
“Қазіргі уақытта әкімдікке тұрғындардан пәтер алуға мыңға жуық өтініш түсті. Ал “Бірлік” шағынауданынан үй алуға 420 өтініш бар. Аптаның соңына дейін осы шағынауданда тағы да 47 баспана беріледі”,– дейді Петропавл қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.