«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЯНАУЫЛ ТУРАЛЫ БАЯН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің 100 жылдығын мерекелеу аясында бірқатар музейаралық жобалар іске асырылуда. Мәдениет ошағына Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары арнайы келіп, көпшілікке “Тау тұлғаларға тұғыр болған қасиетті Павлодар өңірі” көрмесін ұсынды. Іс-шараның шымылдығын Ақан сері атындағы облыстық филармонияның “Әдемі-ау” қазақ би ансамблі ашты.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Жанар Таласпаева көрменің жастарға берері мол екендігін айтса, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев қос облыстың рухани қарым-қатынасын осындай шаралардың бекіте түсетінін жеткізді.

Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылық музей үйінің жетекшісі Ерлан Рахимов көрмеге экскурсия жүргізді. Сирек кездесетін құжаттар мен фотосуреттер, Естайдың домбырасы, Мұсаның шырағданы, Ш.Аймановтың сахналық костюмдері, М.Шамсутдинованың “Тальянка” сырнайы жұртшылықтың қызығушылығын оятты.

Шара соңында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Санат Әубәкіров тәуелсіз мемлекетіміздің тарихын хаттауда музейдің маңызды рөл атқаратынын жеткізіп, Павлодардағы музей директоры Арман Әлиақпаровты Алғыс хатпен, “Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне 100 жыл” мерейтойлық төсбелгісімен марапаттады.

– Киелі Баянауыл мен қасиетті Қызылжар өңірлері арасында мәдени үндестік бар. Павлодардан шыққан әйгілі тұлғалардың Қызылжарға жиі ат басын бұрғанын тарихтан білеміз. Қызылжарда атақты Жаяу Мұсаның ізі қалған. Естай Беркімбаев осы жақта Ақан сері, Біржан салдың қасында жүріп, композиторлық қабілетін дамытқан. Қазақтың әйгілі актері, режиссер Шәкен Аймановтың жұлдызын Ғабит Мүсірепов жаққан, – деген Арман Әлиақпаров облыстық музейлер бірлестігінің директоры Гүлнар Мұқышеваға Павлодар облыстық мәдениет басқармасының Алғыс хатын табыстады.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Аяжан НҰРАХМЕТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp