«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қауіпсіздікке салғырт қарайтындар бар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде өрттің қауіпті кезеңіне дайындық жұмыстарының жайын облыстық мәслихаттағы “Amanat” депутаттық фракциясының және партиялық бақылау комиссиясының мүшелері талқылады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Аслан Ахметжановтың айтуына қарағанда, жергілікті басқару органдарының салғырттығынан 285 елді мекенде сумен қамтамасыз етудің балама көздерін орнату мәселесі тиісті деңгейде шешілмей келеді. Сондай-ақ су алу үшін өрт пирстерін салу проблемасы да өткір тұр. Ауыл-аймақтарды қураған өсімдіктерден, қамыстан, күл-қоқыстан және басқа да жанғыш қалдықтардан тазарту жұмыстары дұрыс ұйымдастырылмаған. Сонымен қатар, автомобиль жолдарының бойында минералданған жолақтарды жырту бойынша жұмыс жүргізілмепті.

“Елді мекендердің айналасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2 177 шақырым минералданған жолақ жырту қажет. Бүгінде соның 1 678 шақырымда ғана арнайы жолақ бар. Орман алқаптарында әлі күнге дейін жер жырту жұмыстары аяқталған жоқ. Өрт туындаған жағдайда қауіпті аймақтардан адамдар мен малды эвакуациялау мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Алайда бірде-бір аудан уақытша эвакуациялау орындарын анықтаған жоқ”, – деп атап өтті Аслан Ахметжанов.

Биыл профилактикалық іс-шара барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 117 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазір орман шаруашылықтарында 14 өрт сөндіру стансасы, 25 өрт сөндіру автомашинасы, тіркемелі құралдары бар 87 трактор, 30 цистерна дайын. Өрт бола қалған жағдайда лезде хабарлайтын 810 радиостанса бар. Сонымен қатар 16 интерактивті бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Мұнымен қоса, орманды бақылау үшін 3 пилотсыз ұшу аппараты пайдаланылады. 80 тонна көлемінде жанар-жағармай материалдары қоры жасақталды.

Ілияс СӘБДИНОВ,

“Amanat” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp