Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы №814 Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі жаңа редакцияда бекітілді.
Әдеп кодексі мемлекеттік қызметкерлердің менталитетін жаңаша қалыптастыруға зор үлес қосары сөзсіз. Атап айтқанда, қоғамдық кеңістіктегі мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен және әріптестерімен қызметтік қарым-қатынастағы, қызметтен тыс уақыттағы әдебінің стандарттарын қалыптастырады.
Әдеп кодексі жалпы ережелер, мінез-құлықтың жалпы стандарттары, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық, қызметтік қатынастардағы мінез-құлық және көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары деп аталған бес бөлімнен тұрады.
Әдеп кодексінің басты міндеті – сыбайлас жемқорлықтың және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың алдын алуға бағытталған іс-шараларды әзірлеу, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау, әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
Мәселен, мемлекеттік қызметшілер қарапайым болуға, жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтауға, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға міндетті.
Сонымен бірге азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытуы, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік пен бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеуі, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмауы тиіс.
Бәсекеге қабілетті мемлекеттік қызмет жүйесінің қалыптасуында мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігімен қатар, олардың әдептілігі де маңызды. Себебі әдептілік мемлекеттік қызметтің басты ұстанымдарының бірі болып табылады.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмысына баға беретін халық. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші ең әуелі халыққа қызмет ететінін естен шығармай, өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығын, әділдігін қамтамасыз етуге, іс-әрекеттерімен қоғам тарапынан сынға ұшырамауға, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмеу керектігін назардан шығармауға тиіс.
Жұлдыз ТӨРЕНОВА,
облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы.