Солтүстікқазақстандық полицейлер “Жолда қабылдау” акциясын әлеуметтік желілерде тікелей эфир өткізуден бастады. Облыстық полиция департаментінің медиастудиясынан департаменттің “Instagram” желісіндегі ресми аккаунтында өткен тікелей эфирге басқармалар мен бөлімдердің басшылары қатысты.
Желі қолданушылар жол және техникалық инспекция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Назар Байматовқа Петропавлдағы автокөлік жүргізушілерінің көкейінде жүрген қаланың кейбір көшелеріндегі, әсіресе Н.Назарбаев көшесіндегі қосарланған тұтас таңбалау сызығы туралы сұрақтарын жолдады. Назар Байматов бұл таңбаны қолдану туралы шешім көлік санының өсуіне байланысты қабылданғанын еске салды.
– Сондай-ақ тікелей эфир барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, көлік құралдарын тіркеу, көші-қон, азаматтық және қызметтік қару айналымы мәселелеріне де қатысты сұрақтар қойылды, – деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құрманғали Ысмағұлов.
Акция барысында басқарма бастықтары облыс аудандарына шығып, тұрғындармен жүздеспек. Адамдармен жүзбе-жүз кездесу ашықтық қағидатын тиімді іске асыруға және халықпен сенімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.
Акция барысында солтүстікқазақстандық полицейлер 47 сұраққа жауап берді. Тәртіп сақшылары сұрақтарды әлеуметтік желілердегі тікелей эфирде де, call-орталықтың 8 (7152) 32-00-19, 32-00-22 нөмірлері бойынша да қабылдайды.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің аға инспекторы.